Қоғам

Майталман мұғалім Муаммер

Елордадағы ең мықты математиктің бірі, 28 жылдық тәжірибесі бар педагог-шебер, «Үздік педагог-2019» республикалық байқауының жеңімпазы, Білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Олимп шыңына жетелейтін» марапатының иегері, «Қазақстан мұғалімі-2019» ұлттық сыйлығының жеңімпазы, 2019 жылғы «Әлем мұғалімі» халықаралық сыйлығының ұлттық іріктеу кезеңінің жеңімпазы Муаммер Гюль қазір Астана қаласы әкімдігінің «Дарынды ер балаларға арналған «Білім-­инновация» лицей-интернатында математика пәнінен сабақ береді.

«Мен айтқанды емес, мен істегендей жаса»

Үздік мұғалім Муаммер Гюль – республиканың барлық мұғалімдеріне арнап «Application of integral» тақырыбында ашық сабақ өткізіп жүрген үздік мұғалім. Астана қаласының педагогтары офлайн форматта қатысса, ал республиканың мұғалімдері үшін сабақ онлайн трансляция (youtube.com/@adistemeastana) арқылы көрсетіліп жүр.

Математика пәнінің мұғалімі, педагогикадағы жаңашыл бағытты қолдайтын білікті маман математиканы оқытуда құндылықтарды оқушыға тапсырма, іс-әрекет арқылы қалай үйретуге болатынына тоқталды.

«Білім беру, оқыту жауап­сыздық пен қателікті көтермейтін нәзік жүйе. Ол – адам тағдыры. Оқыту, білім беру – үнемі мұғалімнің ізденісін, шығармашылық шыңдалуын талап ететін күрделі үрдіс» дейді Муаммер Гюль.

– Жер бетінде білім берудің құндылығы қайта қаралып, өзгеріп жатқан тұста, дамытуды тек ойлауды немесе жалпы психиканы дамыту деп қарау жеткіліксіз. Қазіргі таңда оқушылардың, қызығушылықтарының, талап пен сұраныстарының, есте сақтау қабілетінің, ішкі, сырт­қы эмоцияларының, өзін ұстауы, сөйлеу мәдениетінің өзгергенін байқаймыз. Бұл дегеніміз – білім беруді, тәрбиелеу үрдісінің өзгеруін талап ететін жағдай. Оқушыға «Мен айтқанды емес, мен істегендей жаса» тәсілімен білім мен тәрбие беру керегін көптеген тәжірибе дәлелдеп келеді. Қазіргі уақытта оқушы бойына маңызын жоғалтып бара жатқан жалпыадамзаттық құндылықтарды іс-әрекет, яғни өзіміз үлгі болу арқылы сіңіре отырып, сабағымызды мазмұнды ету арқылы, өміріне азық болатындай етіп, жан-жақты дамыған тұлға қалыптастыру мұғалімнің басты мақсаты болуы керек, – деді ол.

Қалай мұғалім болды?

– Отбасымызда мұғалім мамандығымен жұмыс істеген адам болған жоқ. Менің мұғалімдікті таңдауыма мектептегі физика пәнінен сабақ берген ағайым себепкер еді. Баламен бала болып футбол ойнап, оқушысының жан дүниесіне терең бойлаған сол ұстаз менің нағыз идеалыма айналды. Мектепті бітірген соң Ыстанбұлдағы Мармара университетінде әуелі 1 жыл дайындық бөлімінде, сосын 4 жыл математика мамандығы бойынша оқыдым, – дейді Муаммер мырза бізбен кездесуінде.

– Қазақстанға 1994 жылы келдім, Ақтөбе қазақ-түрік лицейінде табандатқан 14 жыл жұмыс істедім, көптеген талантты шәкіртті тәрбиелеп шығардым, – дейді Муаммер Гюль.

Алғашында 1 жылға ғана келісімшартпен келген жас маманға Ақтөбе жері, адамдары, оқу ордасы қатты ұнап қалады. Тағы бір жылға қалуды жоспарлайды. Сосын жыл өткеннен кейін біржола қалуға шешім қабылдайды.

Дарынды балалар қалай іріктеледі?

«Кез келген оқушы «Білім-­инновация» лицей-интернатында білім ала алмайтыны белгілі. Балалардың логикалық есептерге жүйріктігі, сосын жеке сөйлескен интервьюде баланың ерекше ойлау қабілеті ескеріледі» дейді үздік математик Муаммер Гюль. Ол 2008 жылдан бері осы лицейде үздіксіз жұмыс істеп келеді. Мектеп 15 жылдан бері қаладағы білім ордаларының арасында математика пәні бойынша I орынды иеленіп келеді.

«Білім-инновация» лицей-интернатының директоры – Руслан Сихимбеков.

– Математика – стандартты ілім. Тақырыпты өмірмен байланыстырып түсіндірсе ғана баланың миына жетеді, пәнге қызығушылығы артады. Мысалы, бір балада талант бар, бірақ оқуға ынтасы жоқ, бір бала бар – дарыны орташа, бірақ оқуға, еңбектенуге құлшынысы, ынтасы жоғары. Оқуға ынтасы барлардың талпынысы текке кетпейді, табысқа ұласатынын өмірдің өзі көрсетті. Мәселен, мен жоғарыда айтқан физикадан дәріс берген ұстазым болмаса, менің қабілетімді ашпаса, мұғалімдікті таңдауым екіталай еді. Әрбір істі жақсы көріп жасағанда, дұрыс жолды таңдағанда ғана еңбегің жемісті болмақ, өзіңдей талай талантты жанның бағын ашуға жәрдемдесе аласың. Білгеніңді үйретіп, білім беру арқылы өзіңе шексіз ләззат аласың, – деді Муаммер Гюль бізбен әңгімесінде.

«Жүйрік жарысқа түспей сыналмайды» дегендей, шәкірттерін жеңіске баптай отырып, өзі де кәсіптік сайыстарға қатысып жеңімпаз атанды. Осы сайыстарға жетелеген, көмегін аямаған директордың бейіндік ісі жөніндегі орынбасары Гюльнар Рахимова апайға алғысы шексіз және әріптестері: физика пәнінің мұғалімі Жеңіс Кенжекей мен биология пәнінің мұғалімі Уәлихан Қалходжаев, тарих пәнінің мұғалімі Мұхтар Бимбетовті ерекше құрмет тұтып, қадірлейді.

Ер балалар оқитын білім ордасы болғандықтан, негізгі пәндердің бірі саналатын математика пәнін оқытып қана қоймай, тәрбие жұмысын жүргізу өте маңызды. Бұл ретте Муаммер мырза ер балалармен жұмыс істеудің өзіне ыңғайлы екенін жеткізді.

– Маған ер балалармен жұмыс істеу оңай. Өзімнің екі ер балам бар, үлкені – шетелде Германия университетінде цифрлы бизнес мамандығы бойынша білім алып жатыр, кішісі – 8-сынып оқушысы. Ер балалардың ойын ашық айтуы, болмашыға ренжи бермейтіні, өмірді шынайы, эмоционалды түрде қабылдамайтыны ұнайды. Азамат ретінде оларды түсіну, жанынан табылу маған оңай, – дейді М.Гюль.

«Әлем математиктері бас қатырған, шеше алмаған қандай есепті шығаруды армандайсыз?» деген сауалымызға ол былай деп жауап берді: «Әрине, мен үшін есеп шығару, ойлану өте қызық. Бірақ мектепте бала тәрбиелеп жатқандықтан, өз отбасым бар, жеке өмірім бар дегендей, бос уақытым онша көп бола бермейді. Жақсы, талантты шәкірт тәрбиелеу арқылы бұл ғылымға қосқан үлесім бар деп есептеймін. Өзім жақсы көрген мамандыққа шәкірттерді баулап жатқаныма қуанамын».

Білім саласында қандай кемшілік бар?

«Отандық білімнің ілгерілеуіне кедергілердің бірі ҰБТ мәселесі дер едім» дейді тәжірибелі ұстаз.

– 2018 жылға дейін ҰБТ деңгейі жақсы болды, білім алғандар оқуға түсіп жатты. Ал одан бері қарай түлектердің білім деңгейі құлдилап кетті десе де болады. Ақшасын төлеген түлек (ҰБТ-ға төленетін ақы) тестілеуге тағы да қатыса береді… Талап азайған соң білім деңгейі төмендеп кетті деп айта аламын. Осы мені алаңдатады. Назарбаев университеті секілді озық оқу орны әзірге Қазақстанда жоқтың қасы, оларға нағыз іріктелген, білімді жастар оқуға түседі. Назарбаев университетінің білім тәжірибесін барлық жоғары оқу орындарына қолданса, сонда ғана отандық білімнің көкжиегі ашылмақ, – дейді астаналық мықты математик ұстаз
Муаммер Гюль.

P.S: Оқушы жетістігі – ұстаз абыройы. Ұстаз еңбегі шәкірт жетістігі арқылы көрінеді. Ұстаздың мақсаты – қабілетті оқушыларды зерттей жүріп, олармен бірлескен тынымсыз еңбектің, шығармашылық ізденістің нәтижесін көру. Сондықтан ең алдымен өз кәсібіңе, өз пәніңе деген зор сүйіспеншілік болғаны абзал. Осынау сүйіспеншілік оқушы бойындағы білімге, пәнге деген алғашқы құштарлығын түртіп оятады.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button