Жаңалықтар

МАЙДАНГЕРГЕ МЫҢ ТАfЗЫМ

ERA_6373

Ұлы Отан соғысы. Беларусь жазушысы Василь Быков өткен ғасырдың алғашқы ширегінде дүниеге келген ұрпақты «өл­тірілген ұрпақ» деп атапты. Қанды соғыс жалмаған тұтас бір ұрпақ. Жер бетінде бір тал егіп, үй салып, сәби сүйіп үлгермеген ұрпақ… Қырғынға аттанған қайысқан қолдың бірлі-жарымы ғана елге оралды. Сол соғыстың іздері, әлі күнге дейін, әсіресе, көктемнің соңғы айында қайтадан жаң­ғыра тү­седі. Жеңіс күнін жақын­дат­қандарға тағзымы мен құр­­метіміз осы кезде айқын­да­лып, көкіректі өкініш пен мақ­­таныш қатар кернейді. Нелік­тен? Мүмкін, қыршын жан­дардың жаны жай таппай жатыр ма екен, әлде жыл сайын со­ғыстың қасіретін еске салып, бүгінгі ұрпақты нәубеттен сақ­тандырғаны ма екен?!
Соңғы жылдары Қазақстан аумағынан Ұлы Отан соғысына аттанып, майданда қаза болған немесе хабарсыз кеткендердің тізімін жарияланды. Сол тізімде 26-шы болып, әжемнің інісі Абдолла Бабаев жазылыпты. 1910 жылы дүниеге келіп, 1941 жылы соғысқа аттанып, 1942 жылы хабарсыз кеткен. Қатардағы жауынгер. Бұл нағашы ағамнан қалған жалғыз дерек осы ғана емес. Абдолла соғыс алдында ғана үйленіпті. Кішкентайлы болғанын майданға аттанар алдындағы дайындық кезінде естиді. Содан батысқа бет алғалы тұрғанда елге хат жібереді. Онда эшелонның ауылға жақын стансадан өтетінін айтып, «қы­зымды бір көріп қалайын, алдымнан шығыңыздар» де­лін­ген екен. Алайда хат кеш жетіп, ауылдағылар Балайым апаны стансаға жеткізе алмапты. Одан кейін де бір хат келіпті. Онда қызымды неге алып шықпадыңдар деп аға-жеңгесіне назын айтқан екен. Хатты кеш жеткізген пошта ма, әлде тарылған тағдыр ма?! Елдің үстімен өтіп бара жатып, тым болмаса топырағын бір басуға да мұрша бермей сібірдің түрмесінен бір-ақ шығарған солдаттардың көз жасының обалын да тағдырдың тарлығына жазуға бола ма?!
Менің жақсы көретін көр­шіміз – Иманғали ата болатын. Көп сөйлемейтін тұйық адам еді. Сол кісі кейде әкеммен бірге отырып әңгіме айтатын. «Шіркін-ай, жауынгерлерді тиеген эшелон тым болмаса бір сәтке де аялдамастан елдің үсітене өте шығып еді-ау!» деп айтқан сөзін естіп қалдым. Одан менің ұққаным атаның соғысқа қатысқаны болды. Ауылдың ардагерлерін жатқа білетін едім, неге бұл кісі қалыс қалған?! Ке­лесі бір 9 мамырдағы кездесуге сол атаны шақырайықшы деп ұсыныс айттым. Әкесінің атын естігеннен басын тұқыртып алған менің сыныптасым, «Ол келмейді» деді қабағын түйіп. Содан жиынға дайындалдық. Қонағымыз келмеді. Оның себебін кейін түсіндім ғой. Ата­мыз, Власовтың дивизия­сында болыпты. Әкеммен әңгі­ме­сін­дегі «Өтіңдер!» деді, өт­тік, «қа­руларыңды тапсыр!» деді, тапсырдық. Біз бұйырықты орын­дадық» деген сөздерінің мә­нін кейіннен түсіндім.
Ауылдың шетінде Жүсіп әкеміз өмір сүрді. Көпшіліктен сырттап жүрсе де ауылдың қадірменді қариясы еді. Со­ғыстан көп жыл өткен соң, Мұстафа Шоқайдың немерелес балаларымен танысып, өзіне өкіл бала етіп, жалғыз ұлына аға етіпті. Кейіннен сұ­растырғанымызда, Мұстафа Шоқайдың өзіндей бірнеше азаматты неміс тұтқынынан құтқарып алғанын білдік.
Ең алғаш рет пионер кезімізде ғой деймін, тарих пәнінің мұғалімі тапсырма берді. Маған ауылдың орталық көшесіндегі соғыста мерт болғандардың, хабарсыз кеткендердің тізімін жаса деп тапсырды. Содан көшені бойлап сұрастырып жүрмін. Соншама көп болар ма?! Кейіннен «Боздақтар» кітабы шыққанда өзіме таныс есімдерді іздедім. Таптым. Бірақ қысқаша аты-жөні жазылған мәтінде хабарсыз кеткен солдаттың мен естіген дерегі жоқ…
Ардагерлер деп аталатын көшеде тұрдым. Мұндағы ақса­қалдарымыз барлық майданда шайқасыпты. Майдангерлердлің естеліктері әлі құлағымызда. Қазіргі бір-бір мемлекет болып отырған елдердің барлық қалалары, деревнялары тіпті, өзен суларын да жатқа біліп өстік.
Өйткені, ардагерлер сол жер­­лерге қанын төгіп арамызды жақындатты. Сол туралы есті­геннен кейін де сол ерлікте біздің де үлесіміз бардай, отты жылдарға құрметпен өстік.
Осы сезім әлі де жатсындырмай Украина, Беларусь, Ресей қалаларын, оның тұрғындарын жақындата түседі. Бізді жақын­датқан сол тарих, майдан тарихы.
Ертең Жеңіс күні барша ас­­таналықтар майданда шейіт болған ата-бабалары­ның де­регін алып, шеруге да­йын­­да­лып жатыр. Тағ­зым шеруі. Мен білетін майдан­гер­лердің барлығы, соғыстан қайтпаған солдат­тардың бәрі­нің де сол шеруде болатынын білемін.
Бұл – өлті­ріл­ген ұр­пақ­тың шеруі… Яғни, «Мәң­гі­лік полк» шеруі болмақ.

Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button