Басты ақпарат

Майдангерлерді мерекемен құттықтады

Жеңіс күні қарсаңында Астана әкімі Әсет Исекешев елордада тұратын бірқатар Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үйіне арнайы барып, мерекемен құттықтады. 

Асылхан Бекбаев әскер қатарына 18 жасында шақырылған. 1944 жылдың қарашасында 134-ші гвардиялық авиация полкінің 6-шы гвардиялық авиациялық бомбылау дивизиясының 3-ші Беларусь майданында басқыншылардан Белоруссия мен Прибалтиканы азат етуге қатысқан ол соғыстан кейінгі ғұмырын білім саласына арнаған.
«Армияда 10 жыл болдым, оның 4 жылы Шығыс Пруссия­дағы соғыста өтті. Бұл соғыс туралы не айтуға болады? Өзіме қымбат жолдастарымның бәрі есімде. Мен Шығыс Пруссиядан Пе-2 ұшағымен ұшып, сол жерде ауыр жараланып, жүре алмай қалдым. Маған беларустық Татьяна Новикова деген қыз күтім жасады. Содан сол қызға үйленіп, оны Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданына алып бардым. Татьяна сонда жүріп қазақ тілі мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрді бойына сіңірді» дейді Асылхан ақсақал өзінің соғыс туралы тарихын баяндап.
Ал 94 жасар Михаил Кочетков Батыс әскері құрамында үшінші Белоруссия және бірінші Прибалтика майданында шайқасқан. Жеңіс күнін ол Шығыс Пруссиядағы Кенигсберг түбінде қарсы алыпты.
«Соғыстың бітуін неміс жерінде қарсы алдық. Бізге «окоптан шығыңдар, немістер берілді, соғыс бітті» деп айтқаны есімде қалыпты. Ол кезде сенген де жоқпын. Бірақ окоптан шыға бастағанымызда расында ешкім оқ атпады. Бір-бірімізді құшақтап құттықтай бастадық» дейді майдангер.
Әсет Исекешев ардагерлерге сыйлық табыс етіп, олардың келешек ұрпақ үшін жасаған ерліктеріне шексіз алғысын білдірді.
«Елімізге жеңіс сыйлағандарыңыз үшін сіздерге көп рақмет. Сіздер соғыс кезінде қаншама қиындықтарды, өздеріңізге қымбат адамдарды жоғалту сәттерін бастан өткердіңіздер. Жыл сайын ардагерлер азайып барады. Бірақ біз олардың ерлігін ешқашан ұмытпаймыз. Арамыздағы әрбір батырға алғыс айтып, оларды ерекше құрметтейміз. Біздің міндет – сіздерді көзіміздің қарашығындай сақтап, ерліктеріңізді ертеңгі ұрпаққа жеткізу. Сіздерге және жақындары­ңыз­ға зор денсаулық тілеймін» деді қала басшысы.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button