Басты ақпарат

«Мәңгілік ел»

Астанадағы «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай бой көтерді. 2011 жылдың 16 желтоқсанында Елбасының қатысуымен салтанатты жағдайда ашылған қақпаның биіктігі – 20 метр, ені – 13 метр.

Сол уақытта Елбасы өз сөзінде салтанат қақпасы ел еңбегі мен табыстарының, болашаққа нық қадам басқан мемлекеттің белгісі ретінде тұрғызылғанын, жас, әсем елордамыздың тағы бір символына айналатынын атап өтті.
Жобаны жүзеге асырған сол кездегі Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов, сәулетшілер Сағындық Жанболатов, Мұрат Мансұров, Нұрлан Далбай Мемлекеттік сыйлық иегері атанды. Салтанат қақпасының бірнеше үлгісі Елбасыға ұсынылып, Қазақстан Президенті соның ішіндегі классикалық үлгіні таңдап алды.
Жалпы осындай қақпа әлемнің бірнеше елінде бар. Сағындық Жанболатовтың айтуынша, дүние жүзіндегі аркалар белгілі бір жеңістерден соң бой көтерді. Мәселен, Париждегі арка Наполеонның Аустерлиц шайқасындағы жеңісі құрметіне салынды. Оның құрылысы 33 жыл жүрді. Бір қызығы, Астанадағы салтанат қақпасы 3 ай, 3 күнде салынып, қазақтың кешегісі мен бүгінгісін, салт-дәстүрлерін айшықтап, еліміздің жарқын болашағына деген қарышты қадамын паш етіп тұр.

Салтанат қақпасының қасбеті гранит пен ашық түсті мәрмәрдан құйылған. Ал оны айнала қоршап салынған, биіктігі 4,4 метр болатын әр мүсінде терең мағына жатыр. Мәселен, «Ақсақал» мүсіні – халықтың абыз ойы мен рухани өлшемінің көрінісі, даналықтың символы. «Әйел Ананың» рельефті мүсіні қазақ ұлты үшін «Отан Ана», «Жер Ана», «Ана тілі» сынды киелі ұлттық ұғымдарына ұласады.
Көшпенді сарбаздың және қазіргі Қазақстан жауынгерінің мүсіндері ұрпақтар сабақтастығынан хабар береді.
Әр мүсіннің жоғарғы жағында елтаңба орналасқан. Одан жоғарырақ жазылған пәлсапалық тамыры терең «Мәңгілік ел» тіркесі еліміздің ертеңіне жетелейді.
Нысанның қос бүйіріндегі «Тайқазан» тыныштық пен тоқшылықтың, бірегей көңіл мен қонақжай пейілдің терең ұғымын білдіреді. Олардан жоғарырақ «Елім менің аңсаған, баба үмітін ақтаған» және «Бірлік, ынтымақ – баянды болашақ» жазулары орналастырылды. Сағындық Жанболатовтың сөзінше, бұл мүсіндер көлемі Түркістандағы тайқазанға шақ.

Қазақ жауынгерінің бес қаруының бірі – «Қалқан» қауіп-қатерден қорған, сенімділік, тұрақтылық, жеңістің белгісі. Қақпаның ішкі жағы 7 х 3,5 метр болатын бедерлі суреттермен әшекейленген. Олардың бірінде «Сақтар» – «Түркілер» – «Қыпшақтар» – «Қазақтар» тізбесіндегі қазақтың шығу тарихының кезеңі көрсетілген.
«Мәңгілік ел» салтанат қақпасының ішінен былтыр көрме галереясы мен нысанның ұшар басынан шолу алаңы ашылды. Жоғары жаққа лифтпен де, сатымен де көтерілуге болады. Салтанат қақпасы Орынбор даңғылы мен №25 көшенің қиылысынан бой көтерсе, бүгіндері бұл көше Мәңгілік ел даңғылы болып аталады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button