Қала мен Сала

Масадан қалай қорғанамыз?

«Бүгін күн жылы, далада маса көп. «Жем» болмас үшін жабық киініп шық». Иә, бұл – астанамызда көк шығып, күн жылынған уақытта жиі айтылатын сөздер. Әсіресе, Ақбұлақ арнасы мен Есіл өзенінің жағасында серуендеп жүрген жұртшылықтың масаға таланып жатқанын жиі көруге болады. Ал бас қаламызда маса тектесті улау жұмысы қалай жүргізіліп жатыр? Оларды толығымен жойып жіберу экологияға қандай әсер етуі мүмкін?

Масаның шағып, жайсыздық тудыруы өз алдына, алайда бұл жәндік адам денсаулығына кері әсер етуі мүмкін бе? Әлбетте. Тіпті адам өміріне де қауіп тудырады. Мәселен, былтыр қыркүйек айында бас қаламыздағы №1 ауруханада бір әйел адам көз жұмған. Дәрігерлердің айтуынша, маса шаққаннан кейін аллергия пайда болыпты. Артынша дұрыс дәрі ішпей жағдайы оңалмаған. Бұл бір ғана мысал. Ал әлемде қансорғыш жәндіктен көбіне балалар зардап шегіп жатады екен.

Асқынудың алдын алу қажет

Осы тұста Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы маса шаққанда асқынудың алдын алу үшін мына бір жайтты есте ұстау керектігін хабарлады.
Сары маса шаққан жерді балалар жиі қасиды, қолының тазалығын қадағалаған жөн. Жиі сабындап жуып тұру керек; серуендеуге шыққанда баланы қымтап жапқан жөн, жеңі бар, ұзын балақты киім кигізген дұрыс; сондай-ақ сары масаға қарсы кремдер жағу қажет. Бірақ оны жағар алдында аллергия тудырмайтынын бақылау керек. Алдымен бір жерге ғана жағып көріңіз. Сары масаның шағуына қарсы кремді қолданарда ­нұсқаулығымен танысып, қай жасқа арналғанын білген абзал. Репеллентті жарасы бар жерге кремді жақпаған жөн. Репеллентті дәріханадан алыңыздар; аллергия күшейіп кетсе, өз бетіңізбен ем қолданбаңыз, міндетті түрде дәрігерге қаралу керек.

Дәрілеу жұмыстары

Ал Нұр-Сұлтан қаласындағы 4 аудан әкімдігі масаларды улау бойынша қандай жұмыстар атқарып жатыр? Қазір елордада дезинсекция және дератизация жұмыстары жүргізілуде. Қаланың барлық тұсына масаға қарсы дәрі себу сәуір мен қыркүйек айларының аралығында кезең-кезеңмен жүргізіледі.
Алматы ауданында ашық және жабық стацияларды (жағалау және саябақ аймақтары) өңдеу жұмыстары 16 сәуірден басталды. Қызмет көрсететін ұйымдар көппәтерлі тұрғын үй қорының жертөле үй-жайларын өңдеу және шарттар жасасу бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Бүгінгі таңда таяз су қоймаларын өңдеудің 1-кезеңі аяқталып, 3455 гектар алаңдағы ашық стациялар өңделді. Сары масалар көбейетін негізгі орындардың бірі арамшөп екені анық. Сол себепті биыл 80 гектар алқаптағы өсімдіктерді шабу жоспарланған. Дератизация жұмыстары 6987 жеке үйде жүргізіледі.
Былтыр құрылған Байқоңыр ауданында дезинсекцияланатын аумақ 2399 гектарды құрайды. 16 сәуірден басталған ашық және жабық стацияларды өңдеу жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатыр. Қазір 111 ПИК-тен 104 қызмет көрсету ұйымы (95 пайыз) дератизация шартын жасасты.
Ал Есіл ауданының әкімдігі дезинсекция аясында ашық стация­ларда, масалар мен жөкелерге қарсы таяз су қоймаларын өңдеу жұмыстарын бастады. Есіл ауданында барлығы 8714,45 гектарға дәрі себілуі тиіс. Ауданда дезинсекция жөнінде 63 ПИК шарт жасалып, 41 ПИК өңделді. Сонымен қатар, масалар көбейетін қамыс, арамшөптер болғандықтан, аудан аумағында шөп шабу жұмыстары назарда тұр.
Сарыарқа ауданында 24 сәуірден 1 мамырға дейін 121,5 гектарды өңдеу жұмыстары жүргізілді. 8 мамырда қосымша 30 су қоймасы, бүгінгі таңда 12 жоспарланған алаңның 3-еуі өңделді. Олардың ішінде: Жеңіс, Бөгенбай, Республика даңғылдары және Есіл өзенінің жағалауы, Бөгенбай батыр, Сарыарқа даңғылдары, Сарыбұлақ бұлағы мен Есіл өзені жағалауының бойы, «Көктал-2» тұрғын алабы бар.

Масаның пайдасы да жоқ емес…

Адам денсаулығына ғана емес, өміріне де қауіпті масаның қоршаған орта үшін маңызы бар ма? Ұзынсирақты жәндікті толығымен жойып жіберу экологияға қандай әсер етеді? Мәселен, сулы-нулы аймақтағы балықтардың, түрлі құстардың басты жемі – маса. Судағы балық атаулы көбіне масаның дернәсілін жеп күн көреді. Міне, осындай жағдайдан кейін балық пен құстардың біраз түрі жойылып кетуі мүмкін. Сол сияқты кейбір су қоймаларында дернәсілдің есебінен тыңайтқыш алып отырған өсімдіктер бар. Масаның жойылуы оларға да әсер етпей қоймасы анық. Демек, масадан адамды қорғағанымызбен, табиғаттың тепе-теңдігін бұзып алмауды да ойлауымыз керек екен.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button