Басты ақпарат

МИЛАНДА ҚАЗАҚСТАН ПАВИЛЬОНЫ ЫҚЫЛАС ТУДЫРДЫ

09-209

«Халықаралық «Expo Milano – 2015» көрмесінде Қазақстан Республикасының Ұлттық күні өтті. Салтанатты іс-шара Италия мен Қазақстанның мемлекеттік әнұрандарымен басталып, кейін Қазақстан Республикасы жалауын көтеру рәсіміне жалғасты.

Салтанатты еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашты.

«Халықаралық «Expo Milano – 2015» көрмесіндегі Қазақстан Ұлттық күнінің ашылуында сіздермен кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Италия Республикасының басшылығына, Италия тарапынан көмек көрсеткен барлық серіктестерге осындай керемет іс-шараны ұйымдастырғаны үшін алғысымды білдіремін!» деді ол көрмеге қатысушы жүз қырық жеті ел өкілінің алдында сөйлеген сөзінде.

Сондай-ақ, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ә.Жақсыбеков пен Қазақстан Республикасының «Expo Milano – 2015» көрмесі секциясының бас комиссары Ә.Мусин Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа және Италия премьер-министрі Маттео Ренциге Ұлттық павильонды таныстырды. Ел көшбасшылары ұсынылған экспозицияларды қарап шығып, «Құрметті қонақтар» кітабына қолтаңбаларын қалдырды.

 – Қазақстан павильонына «Expo Milano – 2015» көрмесіне келушілер алабөтен қызығушылық танытуда. Мұнда күн сайын біздің елдің мәдениетімен және тарихымен етене танысқысы келетіндер ұзыннан шұбақ кезекке тұрады. Астанадағы Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі тура осындай үлкен ықыласқа ие болатынына, біз де қонақтарымызды лайықты деңгейде күтіп ала алатынымызға сенімдіміз, – деді Елбасына Ә.Жақсыбеков.

 «Expo Milano – 2015» көрмесіндегі Қазақстанның Ұлттық күні еліміздің эстрада әншілерінің қатысуымен өткен мерекелік концертке ұласты.

 Сағи ОРАЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button