Басты ақпарат

Монте-Карлодағы мерей

Елордамыздың төріндегі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев салып берген ғажайып ғимарат, астаналық цирктің әлемдегі көшбасшы цирктермен тығыз қарым-қатынас жасауы, біздің әртістеріміздің цирк майталмандарын таң қалдырған керемет өнері, жыл сайын қала күніне орай дәстүрлі түрде өткізілетін «Азия жаңғырығы» атты халықаралық беделді фестиваль, ұлттық салт-дәстүрлеріміздің салтанат құруы еліміздегі цирк өнерін күллі әлемге паш етіп келеді.

Монако ханшайымы Е. Жолжақсыновқа төс бөлгі сыйлауда

Соның бір дәлелі, өткен жылы «Астаналық цирк» мемлекеттік коммуналдық-қазыналық кәсіп­орнының бас директоры Ерік Жолжақсынов Монаконың хан­шайымы Стефанияның тікелей шақыруымен әлемдік цирк өнерінің биік шыңы – Монте-­Карлодағы халықаралық цирк өнері фестивалінің қазылар алқасының мүшесі болды. Қазақ циркінің тарихында тұңғыш рет Қазақстанның өкілі Монте-­Карлодағы 42-інші фестивальде әлемдегі 6 мем­лекеттің цирк майталмандарының қатарында отырып, ғала­мат өнерге қазылық етті. Бұл – тә­уелсіз Қазақстанның тарихындағы цирк өнері үшін зор жетістік, биік мәртебе!
Жуырда біз осынау аса жағымды жаңалықты естіп, цирк өнері саласындағы айтулы қуанышпен бөлісу мақсатында «Астаналық цирк» мемлекеттік коммуналдық-қазыналық кәсіпорнының бас директоры Ерік Жолжақсынов ағамызға жолығып, арнайы сұхбаттас­қан едік. Сол сыр-сұхбатымыздың ұзын-ырғасы төмендегідей болып шықты.

Қала-мемлекетте өнер көрсету, қазылық ету – үлкен жетістік

– Сізді және астаналық цирк ұжымын елорданың ғана емес, қазақ циркінің тарихындағы айтулы оқиғамен, үлкен жетіс­тікпен шын жүректен құттық­таймын! Екеуара әңгімемізді осынау жағымды жаңалықтан бастасақ. Монте-Карлодағы әлемдік фестивальге қазылық етуге қалай жолыңыз түсті?
– Монако – шағын қала-мемлекет. Оның әкімшілік аумағының бірі – Монте-Карло қаласы. Халықаралық туризмнің және цирк өнерінің астанасы екенін күллі әлем халқы біледі. Жыл сайын Монте-Карлода әлемдік деңгейдегі цирк фестивалі өтеді. Былайша айтқанда, цирк өнерінің «Оскары» сонда табысталады.
– Сол сапарда көкірегіңізге түйген ой-пікірлеріңізбен, алған әсерлеріңізбен бөліссеңіз?
– Алған әсерлерім ұшан-теңіз. Монте-Карло – цирк өнерінің астанасы болып саналады. Әлемдік цирктің нағыз жауһарлары, кереметінің бәрі сол жерде. Бір байқағаным, монте-карлолықтар таңның атысынан күннің батысына дейін цирк қойылымдарын тамашалайды. Бұларда цирктен басқа тірлік жоқ па деп таң қаласың.
– Біздің әртістеріміз Монте-­Карлода өнер көрсетті ме? Цирк майталмандарының көңілінен шығатындай өнер көрсету үшін қандай жоғары деңгейге жету керек? Олардың өкілдері елордаға келді ме?
– Иә, келді. Өткен жылы Монте-­Карлодағы халықаралық цирк фес­тивалінің вице-президенті, Стефания ханшайымның өкілі Урс Пилс елордамызға келіп, «Азия жаңғырығы» фестивалінде өнер көрсеткен әртістерімізді өз еліне шақырды. Сол әріптес­теріміз Германияға, Италияға және т.б. елдерге барды. Әлемнің әртүрлі жерлерін аралап, өнер көрсетті. Бір айдан соң олар Монте-Карлоға тағы аттанады. Бұл да біз үшін зор жетістік дер едім! Алдыңғы жылы аталған фестивальден бас жүлдені жеңіп алған шабандоз жігіттерімізді қытайлар аттай қалап, шақыртып алды. Осыған қарап, қазақтың циркін күллі әлем мойындағанын көруге болады. Ерекше өнердің арқасында Қазақ елін, оның бас қаласы – Нұр-Сұлтанды күллі әлем танып-білуде. Негізінен алғанда, «Азия жаңғырығы» атты фестивальдің басты мақсаты – жас таланттарды ашу, әлемдегі үздік өнер ордаларымен тығыз қарым-қатынас жасау, қазақтың өлмейтін салт-дәстүрлерін өзгелерге кеңінен насихаттау болып табылады. Есігімізді тарс жауып алып отырсақ, бізді кім шақырады? Мұндай ізгі шаралардың берері мол. Мысалы, ол – қарапайым халық үшін ұмытылмас мереке болса, екінші жағынан шетелден келген қонақтарға салт-дәстүрлерімізді, жоғары мәдениетімізді насихаттайтын тамаша мүмкіндік. Қыз­дарымыз үстіне ұлттық оюы бар киімдер киіп шығып, жүлделерді табыстайды. Фестивальдің соңынан қонақтарға арнап, ақ дастархан жаямыз. Үлкен асымызды, ұлттық сусындарымызды алдына қоямыз. Тіпті, өмірінде қазақтың ұлттық асын алғаш рет жеп, таң қалған шетелдік әріптес­теріміз сол дәмді, асты сағынып жататыны рас.

12-ші фестивальдің жаңалығы неде?

– Биылғы «Азия жаңғырығы» халықаралық фестивалі қашан өтеді? Оның жаңалығы неде? Биылғы мерекеде циркке ағылған патша көңілді көрермендерді немен таң қалдырасыздар?
– Қала күніне орай жыл сайын өтетін «Азия жаңғырығы» атты халықаралық цирк өнері фестивалі биыл 12-ші рет өтеді. Өтетін күндері – 4-8 шілде аралығы. Қазір оған қызу дайындыққа кірісіп кеттік. Биыл әртістер 15 мемлекеттен келеді деп күтілуде. Олардың арасында АҚШ, Ұлыбритания, Италия, Испания, Израиль, Вьетнам, Мысыр елі, Болгария, Монғолия, Қытай, Беларусь, Ресей, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан бар. Осыған қарағанда, фестивальдің ауқымы, беделі, деңгейі бөлек екенін көруге болады. Әріптес­теріміздің біраз жаңалықтармен келетіні сөзсіз. Өйткені өнердің үндестігі, сабақтас­тығы жалғаса береді. Өнердің бір орында тұруы мүмкін емес. Жыл сайын жаңа нөмірлер келеді. Көбінесе көрермендер бұрын көрмеген қойылымдарды әкелуге тырысамыз. Биыл да солай болары анық. Әріптестеріміздің бұл фестивальге деген құлшынысы, құрметі ерекше. Биыл да соны байқадық. Әлбетте, бұл жүлделі фестиваль болғандықтан, бас жүлдесі, 1-ші, 2-ші және 3-ші орындардан бөлек, «Көрермендер көзайымы» деген атаулы жүлде беріледі. Сондай-ақ ең үздік режиссура, ең үздік қойылым деген аталымдар бар. Қазір инновация заманы. Сондықтан, әртістердің жұртты таң қалдыратын нөмірлері жыл сайын жаңарып жатады. Меніңше, олар жиылған халықты өзінің керемет өнерімен де, үстіндегі киімімен де, қойылған музыкасымен де таң қалдырады. Мысалы, акробаттардың әуеде өнер көрсетуін алайықшы. Бұл – бүгінгі таңдағы өте қауіпті нөмірлердің бірі. Немесе «шыққыш» деген нөмір бар. Екі қолын қойып отырып, жоғары шығады. Бір қабатты үйдің шатырына шыққандай болып көрінеді. Екі таяқтың үстіне шығып, оңға және солға ауытқып, өнер көрсетеді. Бұл – асқан жүректілікті қажет ететін нөмірлер. Биыл біздің Жомарт Жанмырзаев атты әртісіміз манежге шығады. Ол жіңішке сым темірдің үстінде ойын (қолымен және аяғымен тұрады, жатады) көрсетеді. Сонымен қатар, жан-жануарлардың қатысуымен де қойылымдар көрсетіледі. Барлығын айтып қойсам, келетін халыққа қызықсыз болып қалар. Айтпақшы, ол күндері цирк­тің билеттері 1,5 мың теңгеден 6 мың теңгеге дейін сатылады. Билеттің құны отыратын орындыққа байланысты. Одан бөлек, 60-қа тарта қонақтарымыз келеді. 4-5 шілде күндері көрермендердің назарына қойылым ұсынылады. Ал 6-7 шілде күндері – жүлделі бағдарламалар, 8 шілде күні гала-­қойылым көрсетіледі. Қысқасы, елордамыздағы беделді циркті, өз өнерімізді басқаларға танытатын, насихаттайтын күн жақын қалды.
– Ерік Қалиұлы, бір сұхбаты­ңыз­да: «Цирк дегеннің өзі инемен құдық қазғандай дүние­нің бірі» депсіз. Цирктің өзге өнердің түрінен ерекшелігі, өзгешелігі неде деп ойлайсыз? Цирк тәрбие құралы бола ала ма?
– Өз басым театрда да, кинода да қызмет еттім. Бірақ цирктің ерекшелігі бөлек. Мұнда шынында да әртістердің ала таңнан қара кешке дейін еңбек етуі спортпен үндесіп жатыр. Сол себептен цирк өнеріне дұрыс көңіл бөліп, қолдауымыз қажет. Әрине, Елбасының өзі салып берген ғажайып ғимаратымыз бар. Қала басшылығы тарапынан үнемі қолдау көрсетілетіні анық. Алайда цирктің әртістері барған жерде жеңіске жететін болса, кәдімгідей мемлекеттік туымыз аспанға көтеріледі. Мұндай үрдіс спортта және цирк­те бар. Демек, бұл өнер тойының өзі еңселі елордамызды, тәуелсіз елімізді шетелдерге насихаттаудың тамаша бір мүмкіндігі екені даусыз.

Сұхбаттасқан
Төлен ТІЛЕУБАЙ

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button