Басты ақпарат

Мұхит асқан мұңлықтар

Тіркелген көрсеткіштерге қарағанда, 1999 жылдан бері Қазақстанның 9 мыңға тарта баласы шетел азаматтарының асырауына берілген. Олардың 80 пайыздан астамы АҚШ-қа кетіпті. Қалғандары Испания, Бельгия, Ирландия, тағы басқа мемлекеттерде жүрНамысы жоқ ел ме едік?

Соңғы айларда шекара асқан жетімдердің тағдыры жайлы жиі айтылып жүр. Оған, әрине, түрткі болған жағдайлар бар еді. Атап айтқанда, АҚШ-тағы өгей ата-аналар тарапынан балаларымызға жасалған зорлық-зомбылықтар. Америкалық Мэйоттар отбасының 9 жыл бұрын қазақ жерінен асырап алған екі жасөспіріммен жылдар бойы жыныстық қатынасқа түсіп келгені… Өгей ата-аналардың асырап алған баласы көңілінен шықпай қалған жағдайда оларды ғаламтор арқылы өзгелерге сыйға тартып отырғаны… Ешкім қарауына алғысы келмеген балаларды қораға қамап, жан-жануармен бірге өмір сүруге мәжбүрлегені… Тағысын тағы.
Адам қатыгездігінің шегі болмайтыны секілді, зорлық-зомбылықтың да түрі мен тәсілі көп. Алайда, мұндай фактілер соңғы жылдарда ғана анықтала түсіп отыр. Арнайы мамандардың бір жарым жыл бойы бақылау жүргізуі нәтижесінде.
Осы тұста ойға оралады. Қазақстанның жетім балаларын шетел азаматтарының асырауына беруге әу бастан қарсы шыққандар болған. Олардың көбі балалардың болашағына алаңдаумен қатар, намыс мәселесін алға тартқан еді.
Алайда, Үкімет өкілдері мен депутаттардың басым көпшілігі шетелдіктерге бала беруді заңдастыруды қолдады. Жетім балалар санын азайтудың бір жолы шекара асыра салу деп ұқты. Мәселені «жетімдердің көзін құрту» арқылы шешкенді тиімді санады. Және бұл ұстанымын 1994 жылы Қазақстан қол қойған Гаага Конвенциясы міндеттеген бұлжымас борышымыз ретінде көрді.
Олар заң қабылдар сәтте екі нәрсені желеулеткен. Бірі – жетімдер үйіндегі балалар асыраймын деп тұрған ата-анаға берілуі яғни, «балалардың отбасында өсу құқы қорғалуы керек» деген уәж еді. Екіншісі – емделмейтін, ауру балалардың шетел азаматтарына берілгеннен кейін сауығып, бақытты өмір кешуіне мүмкіндігі бар деген сылтау болатын.
Алайда, «арыстанның тісін ақситқаны күлгені емес» еді. Арада екі жылдай уақыт өткенде-ақ құрлық асырылған мұңлықтардың жат елде қорлық көріп жүргені әшкере бола бастаған. Ал жат қолда жетімі жылап, қорланып, тіпті өлім құшып жатса да, биліктегі азаматтардың жаны ауырмады. Америкалық өгей әкенің Қазақстаннан асырап алған қаршадай қызына зорлық жасағаны айтылып, шу көтерілгенде: «Мұндай жағдай өз елімізде де болып жатыр» деп, керілген депутаттар да кезікті…
Мұның бәрінен түптеп келгенде тексіздік, намыссыздық «мен мұндалап» тұрған еді…

Қазақ баласы қайда жоқ?

Тіркелген көрсеткіштерге қарағанда, 1999 жылдан бері Қазақстанның 9 мыңға тарта баласы шетел азаматтарының асырауына берілген. Олардың 80 пайыздан астамы АҚШ-қа кетіпті. Қалғандары Испания, Бельгия, Ирландия, тағы басқа мемлекеттерде.
Байқалып отырғандай, бүгінге дейін жетім балаларын азаматтығына, тұратын еліне, тіпті құрлығына қарамай сұрағанға үлестіріп келген елімізде табиғи үйлесімділік мәселесіне мән берілмеген. Ұлты, діні, жасы былай тұрсын, жалғызбасты азаматтарға да бала тағдыры сеніп тапсырылып келгені рас.

Ал әлемде қалай?

Англия, Франция, Германия қанша жерден адам құқын бірінші кезекке қойса да, жетімдерін асырап алғысы келетін шетелдіктерге қатаң талап қоя біледі. Израильде қамқорсыз балалар еврей ұлтының өкілдеріне ғана беріледі. Армения балаларын этникалық армяндарға, армян тілін білетіндерге ғана сеніп тапсырады. Филиппин католик дінінің өкілі болмаса, жетімдерін асырауға бермейді. Эстония, Түркменстан, Грузия, тағы басқа елдер жетім балаларын шетел азаматтарының асырауына беруге түбегейлі тыйым салған. Ал, Литва мен Латвия балаларын сол елден кеткен тілі, діні, ділі жақын шетелдіктерге ғана беруі мүмкін.
Ал Қазақстан болса, күршегі жоқ үй секілді. Көрінген көк атты кіреді де, бір-бір бөбекті алдына өңгеріп жүре береді. Он бес жыл бойы солай жалғасып келді. Соның нәтижесінде бүгінге дейін елімізден жиырма шақты мемлекеттің азаматтары жетімдерімізді алып кеткен.
Бұл – жиырма елде қазақ намысының құны өлшеніп жатыр деген сөз.
Әр баланың туған Отанында өсуге хақысы бар
Сонымен, бірқатар мемлекеттер бала сұрап келген шетелдіктерге «жоқ» деп айтудың әбестігі жоғын дәлелдеп беріп отыр. Бертінде, яғни 2004 жылы Румыния да жетімектерінің шекара асуына тыйым салатын жаңа заңын қабылдады. Іргедегі Қырғызстан дәл осы мәселеге мораторий жариялады да, ұзамай заң жүзінде түбегейлі тыйым салды. Ресей мен Украина да құрлық асқан сәбилерінің қамы үшін АҚШ азаматтарына асырауға бала беруді уақытша тоқтатты.
Соңғы айларда біздің елде де шетел азаматтарының бала асырап алуына мораторий жарияланған. Алайда, бұған дейін шекара асқан 9 мың баланың хал-жағдайы бізге беймәлім.
Хош. Әзірге жетім балаларды шетел азаматтарының жетегіне ертіп жіберуге уақытша шек қойылуының өзі жетістік дейді білетіндер. Ал, Астана қаласы Білім басқармасы мамандарының айтуынша, соңғы жылдары өз елімізде жетімдер үйінен бала асырап алғысы келетіндердің саны артқан. 2012 жылы елордада 145 отбасы бала асырап алу үшін өтініш білдірген. Олардың ішінде 131 отбасылық жұп жаңа туған шағынан бастап төрт жасқа дейінгі балалардан алуға ықылас танытса, 14 отбасы төрт жастан үлкен, яғни балалар үйіндегі балалардың бірін алуға бейіл. Ағымдағы 2013 жылдың алғашқы төрт-бес айының өзінде 90-ға тарта отбасы бала асырап алу үшін өтініш жазып, құжат тапсырып үлгерген.
Білім басқармасында тіркелген мәлімет бойынша, 2012 жылы Астанада 144 қамқорсыз бала асырауға беріліпті. Оның ішіндегі 62 бала – төрт жасқа дейінгі сәбилер болса, қалғаны ересектеу балалар. Олардың 82-сі отбасы ішіндегі жағдай бойынша, яғни өгей ата-анаға тіркеліп жазылған. Сол секілді, осы 2013 жылдың қаңтар айынан бастап елуге тақау бала асырауға берілген. Олардың 21-і – балалар үйінен алынса, 22-сі отбасы ішіндегі асырау жағдайлары бойынша тіркелген.

Қазіргі таңда қамқорсыз балалардың шетел азаматтарына берілуіне мораторий жарияланғанын айттық. Әсіресе, АҚШ-тағы әшкере болған жағдайлар балалардың құрлық асуын шектей тұруға мәжбүрлегені рас еді. Бұл, әрине, мүдделі ел – АҚШ тарапынан алаңдаушылық тудырып отыр.
Ал, жетімін жатқа беруді ар-намыс санайтын азаматтар уақытша тыйымның түбегейлі орнығып, шетелдіктердің бала асырап алуына заңмен тыйым салынар сәтті үмітпен күтуде.

Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ

ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ

Әйгерім АСАНОВА, екі мүгедек баланың анасы:
–АҚШ-тағы жағдайдан кейін сәбилерімізді шетел азаматтарына беру тоқтатылуы керек деп есептеймін. Тіпті, ауру балаларды да шекара сыртына жібермеу керек. Олар ауру болып туғаны үшін кінәлі емес. Ал жетім балаларымызды жарылқай алмайтын болсақ, біз қалай әлемнің дамыған елу елінің қатарына қосылдық деп отырмыз? Балаларымызды жат елде жылатып қойып, қайтіп жетістікке жетеміз? Ата заңымыздағы «мемлекетіміздің басты байлығы – адам және оның өмірі» деген сөз қайда? Шын мәнінде, екі бірдей мүгедек баланы өсіріп отырған мен де әр бала туған Отанында өсуге хақылы деп есептеймін. Ауру болып туғаны үшін, жетім қалғаны үшін жас сәбиді туған отанынан аластатуға хақымыз жоқ! Құдай бізге ауру бала берсе, ол – Алланың сынағы. Демек, ел болып, маңдайымызға жазған аурытпалықты көтеруге тиістіміз. Жеке ана ретінде өзім солай ойлаймын. Мемлекеттің саясаты да адами көзқарас бойынша жасалуы қажет деп есептеймін.

Гүлнәр ҚҰЛЫШЕВА,
Астана қаласы Мамандандырылған балалар үйінің бас дәрігері:

–Біздің мекемемізге келіп, бала асырап алғысы келетінін айтып жатқан азаматтар көп. Тиісті орындарға құжат тапсырып, бауырға басар бала іздеп жүргендердің саны да көптеп саналады. Алайда, дәл біздің балалар үйінде өсіп жатқан балалардың көбі денсаулығы нашар, кеміс болып туғандар. Ал, ата-аналар тек сау бала алғысы келеді. Кейбіреулер, тіпті, асырап алатын баласы өзіне ұқсағанын қалап, жаңадан сәби түскенше күтіп жүреді. Осындай қарама-қайшылықтар бар. Бірақ өз басым болмашы ауруы үшін баласын әкеліп, тастап кеткен ата-аналарды көріп жүрмін. Құдай басқа салмасын, олардың күйін біз білмейміз ғой. Бірақ әр ата-ана мүмкіндігінше сәбиін өз қамқорында қалдырса екен деймін.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button