Басты ақпаратПрезидент пәрмені

НАЗАРБАЕВ АШҚАН НЫСАНДАР

Астана – Елбасының төл перзенті. Елорданың ұсақ-түйек жұмысына дейін Президенттің назарынан тыс қалған емес. Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің бір сөзінде: «Кей кездері мен түнгі Астана көшелерінде көлікпен немесе жаяу жүремін. Әркез менің жүрегімді елорда үшін мақтаныш сезімі кернейді. Өзіме «Иә, біз осыны жасадық деймін!» деп атап өтті. Бүгінде Астана күллі Алаш жұртының мақтанышына айналды. Қаланың сәулетті ғимараттарының әрқайсысы конкурс арқылы ең үздік жобалармен салынды. Елорда үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін маңызды нысандардың көпшілігін Елбасы өзі арнайы келіп, ашты. Әрі сәулет жобалары салынғанша құрылысы қалай жүргізіліп жатқанын көру, ұдайы танысып тұру – Мемлекет басшысының әдетіне айналған үрдіс.

Астана символы – «Бәйтерек»

Астана қаласындағы сәулетті нысандар дегенде, елордамыздың символы – «Бәйтерек» монументін айтпай кетуге болмас. Жалпы жаңа елорданы нағыз Астанаға айналдыру үшін қарқынды құрылыс 1997-2007 жылдар аралығында жүргізілгені белгілі. Осы  мерзім ішінде бас-аяғы 25 ғимарат тұрғызылған екен. Жұртшылықтың көзайымына айналған қазіргі ғажайып нысандардың көпшілігі сол кезде салынған. Бас шаһардың символына айналған «Бәйтерек» идеясын Елбасы ұсынған болатын. 2002 жылдың 30 тамызында «Бәйтеректің» тұсаукесеріне Елбасының өзі қатысып, сөз сөйледі. «Бәйтерек сөзінде үлкен мән-мағына бар. Әр қаланың өзіндік белгі-нышаны болуға тиіс. Біздің Астананы осы «Бәйтерек» арқылы танитын болады. Еліміз осы алып ағаштай биікке жетіп, мәңгі жасасын деген мағынада осы ғимаратты салдық», – дегені есімізде.

«Бәйтерек» темір, бетон және шыныдан жасалған. Жалпы биіктігі 35 қабат үймен тең. Темірден жасалған жалпы діңінің биіктігі – 105 метр, салмағы – 1000 тоннадан астам. Ұшар басындағы шар тәрізді алтын сүмбі – 500 қада діңгекке байланған. Осы құбылмалы шар жер тағаннан 97 метр биіктікте орналасқан. Бұл санның да өзіндік символикалық мәні бар. 1997 жылы Ақмола қаласы астана мәртебесіне ие болғаны белгілі. «Бәйтеректің» биіктігі ел өміріндегі осынау маңызды жылды бейнелеп тұр.

 Үш бөліктен тұратын «Бәйтеректің» ұшар барысында биіктігі – 22 метр, салмағы– 300 тонна алтын шар орналасқан. Алтын сүмбінің ішінде екі композиция бар. Оның бірі –  «Ақ бата». 2003 жылы елімізде тұңғыш рет бүкіләлемдік дінбасылардың басын қосқан діндер съезі өткені белгілі. Бейбітшілік пен тұрақтылықты ту еткен сол дінбасылардың қолтаңбалары татулықтың айғағындай болып «Ақ бата» композициясында өрнектелген. Негізгі төрт дін – ислам, христиан, буддизм, иудаизм өкілдері «жер бетінде бейбітшілік мәңгі салтанат құрсын, тыныштық болсын, діндердің татулығы ыдырамасын» деген игі ниетпен қызыл ағашқа мөрлерін басқан. Екіншісі «Аялы алақан» композициясы. Бұл – бір шаңырақтың астында көптеген ұлттар мен ұлыстарды жинаған Қазақстанның бейбіт тұрмысының белгісі. Композицияда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың оң алақанының таңбасы түскен күміс қалып бар. Осында келген жұртшылық Елбасының қол таңбасына қолдарын қоймай кеткен емес. Бүгінде елордаға ат арытқан кез келген қонақ «Бәйтерекке» соғады. «Өмір ағашы» бүгінде беріктік пен бірліктің нышанындай болып  асқақтап тұр.

Бірлік пен бейбітшілік бесігіндей

Елбасының өзі ашқан ғимараттардың бірегейі – Бейбітшілік және келісім сарайы. Жұртшылық аузында «Пирамида» аталып кеткен нысан 2006 жылдың 1 қыркүйегінде ашылды. Әйгілі ағылшын архитекторы Норман Фостердің бұл жобасы Елбасының идеясымен дүниеге келген.  Жақындаған сайын биіктей түсетін ғимаратты салу туралы идеяны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2003 жылы Астана қаласында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының І съезінде ұсынған болатын. Астана қаласында 2006 жылы қайта қауышқан съезд делегаттары екінші басқосуын Бейбітшілік және келісім сарайында өткізді.

Пирамиданың қабырғалары болат және цементтен құйылған. Көк күмбезді сарайдың биіктігі – 75 метр. Жалпы аумағы – 25,5 мың шаршы метрді алып жатыр.

Ғимарат қабырғаларының түсі әртүрлі. Соған қарап, оны үш кезеңге бөлуге болады. Төменгі қабаты – өткен шақты білдіреді. Ол қара түске боялған. Жоба авторы әлемдегі тіршілік атаулының бәрі Жер-анадан нәр алады, адам бір уыс топыраққа айналып, жер қойнауына кіргенде ғана фәни жалғанның қадірін түсінеді, сондықтан әркімнің бойында тәубешілдік, қанағатшылдық болсын деген ниетпен жерді бейнелейтін қара түсті таңдапты. 3-7 қабат осы шақты, жоғарғы жағы болашақты бейнелейді.

Пирамиданың төбесі, яғни, күмбезінде 130 ақ көгершін айшықталған. Бұл елімізді мекен еткен түрлі этностардың бірлігін білдіреді.

Сарай ішінде 1302 орынға арналған опера залы, «Атриум» салтанат залы, «Бесік» конференция залы, көрме алаңдары, «Құланшы» галереясы, баспасөз орталығы, Астана қаласының этникалық мәдени орталықтары, Халықаралық мәдениеттер мен діндер орталығы, Түркі академиясы орналасқан.

Иә, «ғасыр құрылысы» аталып кеткен Бейбітшілік және келісім сарайы ғаламдық пәлсапаның жетілген үлгісі іспетті. Әлемдегі ең үлкен діни қақтығыстарға қатысты келелі мәселелер осы шаңырақтың астында талқыланады. Өзара қырғи-қабақ болған елдер осы ғимаратта татуласады. Демек, Астанадағы көк күмбез – әлем елдері достастығының басты куәсі.

Экономикаға серпін беретін жобалар

Президент тұсауын кескен ғимараттардың атқарар қызметі сан салалы. Мысалы, Тәуелсіздік сарайы, «Атамекен» Қазақстан картасы» этномемориалдық кешені, биыл ашылған Ұлттық музей қазақ халқының өткені мен бүгінгі тарихынан сыр шертсе, «Астана» опера және балет театры сынды мәдениет ордасы өнерімізді өрістетуге күш салуда. Бұдан өзге, Елбасы экономикамыздың дамуында өзіндік орны бар бірталай зауыттардың ашылуына да қатысып, өндірістің өркендеуіне жаңа серпін берді.

Зауыттар дегенде, ойға орала кететіні – Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен 2012 жылдың 25 желтоқсанында ашылған «Аstana Solar» фотоэлектрлі модульдер шығаратын зауыт. Бұл кәсіпорынның ашылу салтанатына арнайы келген Мемлекет басшысы зауытқа «экологиялық таза энергияға бағытталған ең озық кәсіпорын» деген баға беріп, олар өндірген бірінші күн тақтайшасына: «Алғашқы Қазақстандық модуль! Құттықтаймын! Н.Назарбаев» деп қол қойған болатын.

Күн энергетикасы – әлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан сала. Бұл жарық көзі арзан әрі қауіпсіздік жағынан да талапқа сай. Нағыз «жасыл экономикаңыз» осы. Еліміздің қуатты Күн нұрынан алуға ұмтылып отырғаны да сондықтан. Қазақстан мен Франция арасындағы жасалған келіссөздер аясында жүзеге асырылып жатқан осы өндірістік желі Елбасы айтқандай, инновациялық өркендеу жолындағы ұлы іс, жарқын болашаққа арналған игілікті қадам.

Зауыт автоматтандырылған еуропалық  заманауи құрылғылармен жабдықталған. Жылына жалпы қуаттылығы 50 МВт болатын дайын фотоэлектрлі модульдер өндіруге мүмкіндік береді, болашақта өндіру күшін жылына 100 МВт дейін жеткізу жоспарланып отыр. Іске қосылғанына аз уақыт өтсе де, зауыт өнімдеріне сұраныс артқан. Әсіресе, ол электр желілерінен шалғайда жатқан аймақтар, жарық жиі сөнетін өндірістік нысандар мен шаруа қожалықтары үшін таптырмас дүние. Қазір зауыттың төрт өндірістік бригадасында 200-ге жуық адам жұмыс істейді.

Ел экономикасын алға сүйрейтін ірі жобалардың бірі – 2010 жылы іске қосылған Локомотив құрастыру зауыты. Жылына 100 тепловоз шығаруды міндетіне алған зауыт бүгінде межелі жоспарын артығымен орындауда. Бұрынғыдай емес, тепловоз бөлшектері де сырттан тасымалданбай, осы кәсіпорының өзінде өндіріліп жатыр.

Бұған қоса, 2011 жылы пайдалануға берілген «Тұлпар-Тальго» өндіріс орны бар.  Тиімділігі жағынан бұл зауыттың ТМД-да баламасы жоқ. Өндіріс орны іске қосылған 2011 жылдан бері зауыт конвейерінен 212 вагон шығарылса, тек 2013 жылы ғана 160 жаңа вагон құрастырылды.

Ал Президенттің қатысуымен іске қосылған Электровоз құрастыру зауытының жылдық қуаты 50 электровоз шығаруға жетеді. Осы уақыт ішінде зауыт конвейерінен 12 электровоз құрастырылып шығарылды.

P.S.

Иә, Астанада небір айшықты ғимараттар салынды. Олардың әрқайсысында Елбасының қолтаңбасы жатыр. Сан салалы сәулет жобаларын өн-бойына тоғыстырған Астана бүгінде көркі көз тартар көркем шаһарға айналды. Бұл, әсіресе, астаналықтар үшін үлкен мақтаныш. Енді адамдар соның қадірін түсініп, қай жағынан да елордаға лайық болуға ұмтылуы қажет. Елбасы атап өткендей, «Енді сіздер Астанаға лайық азаматтар болыңыздар. Елорданың сән-салтанаты ғана емес, оның адамдарының мәдениеті, білімі, қарымқатынасы, ішкі тәртібі, қызмет көрсетуі астаналық атқа лайық болуға тиіс. Соған қол жеткізуге әрбір қала тұрғыны ұмтылуы керек».

 

Қымбат НҰРҒАЛИ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button