Басты ақпаратРуханият

Не деген көркем едің?!

«МузАрттың» орындауындағы осы әнді естімеген адам кемде-кем шығар, сірә. Нәзік жандыларға арналған бұл әннің бейнебаяны да ерекше. Көше бойын кезіп жүріп, жолында кездескен қыздарға гүл шоғын сыйлаған жігіт естеріңізде болар. 8 наурыз мерекесіне орай «Астана ақшамы» газеті сол жігіттің ізін жалғады.

Наурызда жауған алғашқы жаңбыр қыс құшағында ұзақ болған табиғатты оятып, көктемді шақырғандай болды. Қып-қызыл гүл шоқтарын алып, фототілшімен «Бәйтеректің» бойын жағалай бастадық. Кенет қарсы алдымыздан тал шыбықтай бұралған қыздың сұлбасы көрінді. Жақындай келгенде, гүлді ұсындық. Мұндай әрекетке риза болған Әсел есімді сұлу бойжеткенді «сырт» еткізіп суретке түсіріп алдық. Ойлағанымыз – көшеде қабағы тұнжыраған, асығып жүрген қыз-келіншектердің көңілін бір сәт болсын аулап, мерекелік көңіл-күй сыйлау.


«Бәйтерек» алаңынан шығып, «Керуенге» беттедік. Қол ұстасып келе жатқан қыз бен жігітті байқап қалдық. «Ақшамға» оратылған гүл шоғын жігіттің қолына ұстатып жібергеніміз сол еді, жігіт гүлді қызға табыстап үлгерді. Әп-әдемі көріністі қаз-қалпында фотоаппараттың объективіне түсіріп алдық. Күтпеген жерден құттықтағанда бойжеткеннің жүзі қызарыңқырап қалды. Күлімсіреген бойы жас жұппен қош айтыстық.


Кептелісте тұрған темір көліктегі аруларды да назардан тыс қалдырмау­ды жөн көрдік. Шынайы қуанышын жасырмаған бейтаныс келіншек көктемді қарсы алуға дайын болып көрінді бізге.

Күні-түні жұмысы бір толастамаған автобус кондукторы да қарбалас тіршілікті бір сәтке ұмытып, қуансын дедік. Аялдамаға тақаған автобусты тағы біраз кідіртіп, апайды гүлімен бірге суретке түсірдік.

Мейрамханаға келген қонақтарды әрдайым әдемі күлкісімен қарсы алатын қыздарға да бір уақыт күтім қажет, жігіттер! Сондықтан әкімшіден рұқсат сұрап, касса алдында тұрған сұлу қыздың фотосын да естелікке деп түсіріп алдық.

8 наурызға арнайы 8 гүл шоғын кездейсоқ қыз-келіншектерге табыстағанда түйгеніміз, мерекеге ерекше реңк беру оп-оңай. Ал алуан түрлі гүлдермен көмкерілген мекемелер мен саябақтар көктемнің ауылы алыс емес екенін білдіретіндей.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button