Қоғам

Ізгі ниет, игі қадам

Кезінде ұзақ жылдар Ұлыбританияның Премьер-министрі болып, «Темір леди» аталған Маргарет Тэтчердің мына жазғандарын оқыған едім: «Адамдар ұстамдылық пен мейірімсіздіктің арасын бағамдай біледі деп ойлаймын. Мейірімсіздердің саясатта табысқа жетуі әсте мүмкін емес, өйткені саясаттың мақсаты, менің түсінігімше, адамдардың жақсы өмір сүруіне көмектесу». Сөйтіп, қаталдығының түпкі тамыры қарапайым британдықтардың жағдайын жақсарту екенін Премьер-министр ханым осылайша әйгілеген еді.

«Мен әрбір адамның капиталист болуын, меншік иесі болғанын қалаймын» деп айтқан да Тэтчер болатын. Бұл «Тэтчеризмнің» түп қазығы десек, осынау мақсатқа төрт жыл ішінде (1984-1988) қол жеткізілді. Акциясы бар қарапайым британдықтардың саны үш еседен аса өсті. Акцияны сату табысты ұлғайтып, өнімнің өзіндік құны арзандады. Инфляция екі-үш есе төмендеді. Миллионнан астам британдықтар үйлі болды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Парла­менті палаталарының бірлес­кен отырысында жасаған «Президенттің бес әлеуметтік бас­тамасы» атты халыққа үндеуі де әр қазақстандықтың әл-ауқатын әрі қарай жақсарта түсуге бағытталғанын атап өткен жөн. Ізгі ниеттен туған мұндай игі қадамның талайдан бері көкейінде жүргенін, бірақ Қазақстан алдымен бойына күш, қазынасына қажетті қаржы жинап, қуатты елге айналуға керек болғанын айта келе, Президент сол күннің де туғанын жеткізді және нақты іске кірісуге шақырды. Осылайша, Мемлекет басшысы есеп-қисабы мұқият жасалған өзінің бес әлеуметтік бас­тамасын дүйім елге жария етті.
Әрине, бүгінгі күн тәртібінің айрықша әлеуметтік маңызы бар мәселесі қазақстандықтарды бас­панамен қамтамасыз ету екендігі белгілі. Сондықтан да Президент әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беруді бірінші бастама ретінде ұсынып отыр. Осы мақсатта отбасылық бюджеттің мүмкіндігі аясында тұрғын үй ипотекасын төлей алатындай «7–20–25» бағдарламасын іске қосу көзделуде. Бұл жерде несие өсімінің мөлшерлемесі қазіргідей 14-16 емес, жылына 7 проценттен аспайтын болады. Қазір банктер бастапқы жарнаға баспана құнының 30 процентіне дейін, кейде 50 процентін салуды талап етсе, бұл бағдарлама бойынша ол 20 проценттен аспауға тиіс. Несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін оның мерзімі 10-15 емес, 25 жылға дейін болады.
Бұл бағдарлама баспанаға қолжетімділікті біршама жеңіл­дететіні анық. Бірақ мына бір жағдайды да айту қажет. Әлі де болса қалың көпшілік үшін бұл тұрғын үй ипотекасы арқылы да баспана мәселесін түбегейлі шешу күрделі болып қала беретін түрі бар. Өйткені қарапайым еңбек адамдарының қазіргі алып жүрген еңбекақысының деңгейі банк шарттарына сәйкес келе бермейді. Сондықтан да оларға банк тарапынан 25 жылға несие берілуі күмәнді. Иә, Президенттің үндеуінде айтылғандай, Ұлттық банк кемінде 1 (бір) триллион теңге тарататын арнайы компания құрып, ол қаржыны банктердің жоғарыда айтылған шарттар бо­йынша беретін жаңа ипотекалық несиелерін сатып алуға жұмсауы қажет. Бірақ бұл компания баспа­наға мұқтаж қарапайым адамдардан гөрі екінші деңгейлі банктердің, жекенің мүддесіне жұмыс істеп кете ме деген қауіп те жоқ емес.
Сөз жоқ, мемлекет еңбекшілерге қолдау көрсетуге мүдделі екендігі дау туғызбас шындық. Сондықтан Елбасының екінші бастамасы жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олар­дың салық жүктемесін азайтуға сая­ды. Нақты айтқанда, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақысы төмен жұмысшылардың салық жүктемесі 10 есеге азайып, 1 процент қана көлемді құрайтын болады. Және ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы, яғни 60125 теңгеден төмен алатындарға жеке табыс салығын азайту арқылы олардың салық жүктемесі жеңілдетілмекші. Өз кезегінде, осылайша салықты азайтудан шығатын қаржыны айлығы төмен адамдардың жалақысын көбейтуге жұмсау көзделіп отыр. Нәтижесінде еліміздегі барша жалдамалы жұмыскерлердің кемінде үштен бірінің, яғни 2 миллионнан астам адамның жалақысы жұмыс берушіге салмақ салмай-ақ көбейетін болады.

Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ,
саясаттанушы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button