20 ғажайып ғимаратБасты ақпарат

«Нұр әлем»

 «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің мұрасына айналған «Нұр Әлем» павильоны елорданың ғажайып ғимараттары қатарын былтыр ғана толықтырды. 

Көрменің архитектуралық символы саналатын «Нұр Әлем» – әлемдегі ең үлкен сфера. Оның диаметрі – 80 метр, ал биіктігі – 100 метр. Халықаралық байқауға қатысқан 105 компанияның ішінде Adrian Smith+Gordon Gill Architecture АҚШ сәулетшілері тобының жобасы үздік болып танылды. Ғимараттың алғашқы қабаты Қазақстанның тарихы, мәдениеті, дәстүрі, көрікті жерлері мен еліміздің соңғы жетістіктеріне арналған. Павильон «Қазақстанмен танысу» және «Жасампаздық энергиясы» атты екі басты тақырыпты қамтиды. Ал 2-8 қабаттары Болашақтың музейі іспеттес. Тарқатып айт­сақ, сандық, мультимедиялық және интерактивті технологиялардың көмегімен жасалған әрбір қабат түрлі энергияның мүмкіндігін таныстырады. Келген қауым 2-қабатқа көтерілгенде су энергиясын өндіретін құрылғыларды көреді. Келесі қабатта кинетикалық энергияның тарихи жәдігерлері сақталған. Ал биомассаға арналған 4-қабатқа кірсеңіз, жайқалған жасыл желектің ішінде аң-құсты байқайсыз. 5-қабатта жел қуатын көрнекі түрде көрсететін ауа фонтаны бар. Бір қабат жоғары көтерілгенде күн жүйесінің қалай пайда болатынын байқап, күн сәулесінен қуат алатын көлікке отырып, жарысқа қатыса аласыз. 7-қабатта ғарыш әлеміне саяхат жасап, ғарышкерлердің киімдері мен кемесін көресіз. Соңғы сегізінші қабат «Астана – болашақтың қаласы 2050» деп аталады. Алып экраннан қала құрылысының қарыштап дамуын бейнелейтін фильмді тамашалауға болады. Одан бөлек болашақта жоспарланған жобалармен таныс боласыз. Сондай-ақ, бұл қабатта 93 метр биіктікте орналасқан «шыны көпір» бар. Ғимараттың жоғарғы бөлігіндегі шолу алаңына лифт арқылы көтеріліп, бүкіл ЭКСПО қалашығын тамашалауға болады.
«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бас менеджері Роза Асанбаеваның айтуынша, сәулеттік шешімі мен келбеті көз тартатын «Нұр Әлемнің» бірнеше ерекшелігі бар. «Нұр Әлемнің» құрылысына 13000 тонна металл кеткен. Шар 2800 әйнек жабындысынан жасалған. Әр әйнектің салмағы 600-800 келіге дейін жетеді. Құрылымның күн энергиясын электр қуатына айналдыратын жабдығы бар. Сфераның жоғарғы жағында 2 алып жел генераторы орнатылған. Нысанның жалпы аумағы – 22000 шаршы метр. Бұл – төрт футбол алаңының көлемімен пара-пар. Көрменің барлық нысандарының құрылысы үшін 56 мың тонна металл мен 500 мың тонна бетон жұмсалған. Есептесек, бұл әлемдегі ең биік екі мұнараны тұрғызуға жетеді.
Ғимараттың «кірпіші» енді қаланып жатқанның өзінде сәулет өнерінен хабары бар адамдар оны Лондондағы Хрусталь сарайына, Париждегі Эйфель мұнарасына, Брюссельдегі «Атомиум» іспетті белгілі нысанға айналатынына сенім білдірді.
Қазірдің өзінде «Нұр Әлем» ғимараты туризм және халықаралық көрмелердің әлемдік мұрасына енді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button