Сұхбат

Нұрболат АРЗАМАС, әнші, халықаралық «Шабыт» жастар фестивалінің лауреаты: ДӘСТҮРЛІ ӨНЕР ТҮБІ ОЗАДЫ

арзамас1– Нұрболат, алдымен балалық шағыңыз жайында білгіміз келеді...

– Кеңес заманының соңғы буынымыз ғой. Десе де, Торғай өңіріндегі қазақы ауылдың тумасы болғаннан кейін, тілім қазақша шықты. Ата мен әжеден сіңген қасиет болса керек, дәстүрлі өнерге, терме-жырға бір бүйрегім бұрып тұратын. Өз бетіммен Ақтамбердінің, Доспамбеттің туындыларын, Нұрхан Ахметбектің «Ұры қарғасын», Файзолла Сатыбалдының «Туған елмен қоштасуын», Ахмет Байтұрсыновтың «Хан шеңгелін» оқып, санама терең тоқуға тырыстым. Оның үстіне, ел ішіндегі Қонысбай Әбіл, Әлпия Орманшина, Жадыра Құтжанова сынды ағалар мен апалардың ісін көріп, сөзін тыңдап өстім.

– Дәстүрлі өнерге қалай келдіңіз? Осы салада кімдерден тәлім алдыңыз?

– Менің өнерге қадам басуыма, құштарлығымның оянуына бірден-бір себепкер болған белгілі «Нұрикамал» әнінің кейіпкері Нұрикамал Сейітжанова еді. Кейін Арқалықтағы Төкен Елібаев атындағы саз колледжінде білім алдым. Арнаулы білім ордасында оқып жүргенімде баян мен сырнайға жаным жақын еді. Өйткені, бала жасымнан Болат Сыбановтың әндерін тыңдап өскенім бар.

Колледжде оқи жүріп, мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков іргесін қалаған «Шертер» ансамблінің құрамындағы Мысыр, Қыпшақ, Сайлау Ордабаев ағаларымнан дәріс алдым. Үш жүзге аты мәлім қобызшы Баубектің ұрпақтары Қазбек, Боранбай Әбеновтердің тәлімін көрдім. Тас­тан Оқапов, Мағауия Хамзиндердің көзін көрген ұстазым Әбжан Сәрсенбаевтан күй өнерінің қыр-сырын үйрендім.

– Астана – күллі қазақтың бойтұмары. Бүгінде өнердің бірегей орталығына айналып бара жатқаны рас. Сіз елордаға қалай ат басын бұрдыңыз?

– Айман Мұсақожаева іргесін қалаған Қазақ ұлттық өнер университеті алғаш ашылған 2000-жылдары келдім Астанаға. Жоғары оқу орнына құжат тапсырғаныммен, жолым болмады. Мұнда бабымның емес, бағымның шаппай қалғанына сенімім зор.
Қостанайда университет ректоры, ғалым, академик Зұлқарнайын Алдамжаров деген азаматтың бір жыл бұрын берген уәдесі бар еді. 1999 жылы өткен телебайқауда талабыма риза болған ол «Астанада оқуға түсе алмасаң, маған кел, грантта білім алатын боласың» деген-ді. Бүгінде марқұм болып кеткен аға уәдесінде тұрды. Бірақ менің бар мұратым, есі-дертім Астана еді. Өйткені, ұстаздықтан гөрі, сахна орындаушысы болғанды қаладым. Сондай күштің, жігердің, талаптың арқасында келесі жылы елордалық студент атандым… Осы жылдарымда Әміре Қашаубаев атындағы байқаудың, «Шабыт» халықаралық жастар фестивалінің лауреаты болдым.

Университет қабырғасында жүргенімде Гүлмира Құттыбадамова апайым даусымды естіп, хорға концертмейстер қылып жұмысқа алды. Халық әндерін, Абайдың классикаларын орындадым мұнда. Нұрғиса Тілендиевтің шәкірті Қарасай Сайжанов өзінің ұстазының туындыларын орындатты маған. Мұндай қолдаулардың арқасында да үлкен сахналардың төрінен көрінгенім рас.

Сол тұста Рүстам Күлшебаев Президент оркестрінің жетекшісі еді. Арнайы ұсыныстармен Аллажар, Медет және мен «Аламан» үштігін құрдық. Ең алғаш сахнаға Нұрғиса атамыздың «Алатау» әнімен шыққан едік. Репертуарымызда көбіне халық әндері орын алды. Қазіргі уақытта әрқайсымыз Президент оркестрінде жеке орындаушымыз.

– Нұрболат, қазіргі эстраданың туындыларына жеке көзқарасыңызды білгіміз келеді.

– Заманның ағымымен ән де эстрадалық жанрға ауысып жатқан сыңайлы. Алайда, мұны аға композиторлар жақтыра бермейді. Өйткені, электроникамен жазылған тарсылдақ туынды өміршең емес. Тез танылады, тез ұмытылады.
Мен қазақы тәрбиемен жетілдім. Оғаш мінез-құлықты, оғаш дүниені қабылдай алмаймын. Бірақ әлгіндей эстрадалық әндердің де өз тыңдарманы бары рас. Осыған қарап, біздің қоғам жік-жікке, топ-топқа бөлініп алған ба деп ойлаймын.

– Эстрада дәстүрлі өнерді ұмыттырып бара жатқан сияқты…

– Дәстүрлі өнер түбі жеңеді. Жанды дауыспен айтылатын салмақты әннің қай заманда да тыңдарманы табылатынына сенімім зор. «Классикалық әннің төресі Италияда» дейді өнер зерттеушілер. Қазақ халқының ән мұрасы да алғашқы бестіктен көрінеді олардың пікірінше. Дегенмен, «қолда бардың қадірі жоқтың» күйін кешудеміз.

«Әннің де естісі бар, есері бар» дейді Абай. Сол сияқты, эстрадалық әндердің де құндылары жетерлік. Мәселен, Мақпал Жүнісованың орындауындағы туындылармен мәндес, мағыналас, салмақты дүниелер жасай береді. Сондай өнерді неге дамытпасқа, қолдамасқа?..

– Жаңа ғана шет мемлекеттерді көп аралағаныңызды айттыңыз. Өзге жұрттың қазақ өнеріне көзқарасы қандай, қалай қабылдайды?

– 2006 жылы Франция мемлекетінде болдым. Ербол Шаймерденов ағамыз бастап барған сапарымызда Парижде концерт қойдық. Әртүрлі ұлттың өкілдері жиналды. Сонда Нұртуғанның «Қанекей, тілім, сөйлеші» жырын шырқадым домбырамен. Ансамбльмен «Ақ баян» халық әнін орындадық. Сол кезде залда отырған көрерменнің қалай тебіренгенін тілмен айтып жеткізе алмаймын. Тіпті, көздеріне жас алып, зор ықыласпен тыңдады.
Ұшақтан түсе салып, концерт берсек те, шаршағанымызды ұмытып, сергіп қалғанымыз, өзге ұлтқа таң қалғаным әлі есімде.

– Әншілердің дені той-томалақты күнкөріс көзіне айналдырып алғаны рас. Бұл үрдіске пікіріңізді білдірсеңіз, өзіңіз тойға шығасыз ба?

– Ақан сері, Біржан салдар тойдың көркі болған ғой, тоймен танылған. Қазақта той көп өйткені. Десе де, сахнаны да ойлау керек деп білемін. Кәсіби тұрғыда жетілу үшін біржола той қуып кетуге болмайды. Әннің салмағын арзандатып аламыз онда.
Кейбір әндердің сөздерін ұғып болмаймыз ғой. Бұл – сол тойшыл әншілердің эстрадаға әкелген «пайдасы». Рас, Заттыбек секілді әншілердің туындылары жақсы, кейде, тыңдап отырып өзім де ұнатып қаламын.
Менің келіншегім де дәстүрлі әнші. Өнерде бір-бірімізді тәрбиелеп, толықтырып отырамыз. Арагідік тойға шығып тұрамыз. Бірақ мейрамханаларда есті әннен гөрі, есірген әнге сұраныс мол. Сен Абайдың әндерін шырқап тұрсың ба, «Екі жиренді» орындап тұрсың ба, бәрібір, қабылдай бермейді. Осыған қарап, дәстүрлі өнер кенжелеп кеткенін мойындайсың. Білдей филармония әншісі Ерлан Рысқалидың «Бес жүз ән білемін, отыз-ақ мың теңге жалақы аламын» деуі бекер емес. Осыдан кейін дәстүрлі әншілердің дені эстрадаға жол тартуда.

– Әңгімеңізге рахмет!

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button