Басты ақпаратЖаңалықтар

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Тәуелсіздік күні – барлық игіліктің бастауы

13-12-01-1

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік күні қарсаңында елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі және белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азаматты Ақорданың төріне жинап, абыройын асырды. Мемлекеттік наградалармен марапатталғандардың қатарында  өндіріс, бизнес, білім беру, денсаулық сақтау салаларының көрнекті өкілдері, әскери қыз­метшілер, құқық қорғау органдары қызметкерлері, спортшылар, соғыс және еңбек ардагерлері, мәдениет және ғылым қайраткерлері бар.

Салтанатты жиында сөз бастаған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тә­уелсіздік күні жаһанға та­нылған Қазақ елінің барлық игілігінің бастауы болған ең ұлы мерекесі екенін айтып, осынау айтулы күнде құрметке лайық азаматтарға көрсетілген жоғары марапатты істеген ерен еңбектеріне халықтың берген бағасы деп атады.
Мемлекеттік наградаларды тапсыру рәсіміне кезек келгенде алдымен «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Бұл атаққа Қазақстан Респуб­ликасын экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық тұрғыдан дамыту жолындағы аса үздік жетістіктері үшін «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы С.Қ.Ақшолақов және Қостанай облысының «Қарасу» СӨК» ЖШС бас директоры А.Ж.Тұр­сынов лайық болды.
Одан кейін Елбасы «Отан» орденін Астана қаласындағы «Стройконструкция» АҚ президенті В.Д.Буллерге тапсырды. Ал І дәрежелі «Барыс» ордендерін Президент
Әкімшілігінің басшысы Ә.Р.Жақсыбеков пен Жоғарғы Соттың төрағасы Қ.Ә.Мәмидің кеудесіне тақты. ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен «Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясы» РМҚК нұсқаушы-спорт­шысы З.Р.Габидуллина, «Қазақ­стан темір жолы» ҰК» АҚ пре­зидентінің кеңесшісі Ф.Х.Га­лимов, «Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы» РҚБ президенті М.Жұрынов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы К.Қ.Мәсімов, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі М.М.Тәжин, Президент жа­нындағы Мемлекеттік бас­қару академиясының Мем­лекет­тік және жергілікті басқару институтының директоры З.Л.Федотова марапатталды. ІІІ дәрежелі «Барыс» орденінің иегерлері – журналист, қоғам қайраткері А.Бекбосын, Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Б.Ә.Бекназаров, «Базис» холдинг компаниясы» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы А.Я.Белович, композитор А.Қоразбаев, Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы Н.А.Коржова, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары М.А.Құл-Мұхаммед, Оңтүстік Қазақстан облысы «САУТС ОЙЛ» ЖШС президенті С.Сейітжанов, Ақмола облысы «Агрофирма «TNK» ЖШС бас директоры Б.Т.Уәлиев, академик Т.Шарманов, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ басқарма төрайымы Ү.Б.Шаяхметова.
Белгілі ғалымдар мен мә­де­н­иет, білім қайрат­кер­­лерінің, өндірістік сала өкіл­дерінің бір тобына «Парасат» ордені бұйырды. Олардың арасында Астана қаласының әкімі Ә.Ө.Исекешев, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.Б.Дүйсенова, Қарағанды облысының әкімі Н.Қ.Әбдібеков, Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, Атырау облы­сының әкімі Н.А.Ноғаев және Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры А.Ә.Асылмұратова мен «Қазақстан Камератасы» классикалық музыка ансамблінің директоры Г.Қ.Мырзабеков секілді азаматтар бар.
Бұған қоса, осы басқосуда І, ІІ дәрежелі «Достық», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы», І, ІІ дәрежелі «Даңқ», І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Айбын» ордендерінің және «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарының иегерлері белгілі болды.
Ал Әдебиет пен өнер саласында үздік төрт туындының авторлары Мемлекеттік сыйлық алып, мерейлері үс­тем болды. Елбасы «Мәң­гілік Ел» монументі Тәуел­сіздіктің мәртебесін сәтті айшықтайтынын айтып, авторлар ұжымы – И.Н.Тас­мағамбетовті, С.С.Жан­бо­латовты, М.А.Мансұровты және Н.А.Далбайды марапаттады. Сондай-ақ, «Құнанбай» фильмінің шығармашылық тобы – Д.Қ.Жолжақсынов, Р.Одинаев, А.Ж.Бектемір, Н.Р.Салықова назардан тыс қалмады. Мемлекеттік сыйлық «Әй, дүние-ай» романы үшін жазушы Бек­сұлтан Нұржекеевке және «Тәуел­сіздікке тарту» жұмыстар циклы үшін суретші Камил Муллашевке табысталды.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button