Жаңалықтар

Еңбек еленген күн

kbb_5240

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай қала әкімі Әсет Исекешев елеулі еңбегімен көзге түскен түрлі маман иелерін марапаттады. 

Аталмыш шараға Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, Қоғамдық кеңес өкілдері, кәсіпорын озаттары мен бюджеттік сала қызметкерлері қатысты.
– Тәуелсіздік мерекесіне орай жылдағы дәстүр бойынша бас қосып, өткенімізге баға беріп, келешекке жоспар құру мақсатында жиналып отырмыз, – деп бастады сөзін қала әкімі. Айтуынша, ширек ғасыр ішінде қол жеткізген табыстар жетерлік. Оның бастауында түрлі саладағы маман иелерінің елеулі еңбегі мен қажымас күші жатыр. Еңбек адамдарының қай-қайсысы болсын, мемлекеттік марапатқа лайық.

Триллион теңгеге жетті
Шынында, бүгінде елорда экономикасы қарыштап дамып келеді. Мәселен, қаланың жалпы өңірлік өнімінің көлемі артқан. Экономиканың өсім негізі салалық құрылымдар есебінен, атап айтқанда, құрылыс саласында – 19,8%, кәсіптік, ғылыми және техникалық қызмет – 18,8%, қаржы және сақтандыру қызметі – 10%, көлік және қоймалау саласында – 9%,басқа да қызметтер – 41,4% қамтамасыз етілді. Жан басына шаққандағы ЖӨӨ көрсеткіші респуб­лика бойынша орташа көрсеткіштен 2,2 есеге артты. Бұл тұрғыда Астана экономикасы мұнай секторына негізделген Атырау мен Алматы облысынан кейінгі үшінші орында тұрғанын айту керек.
Ал еліміздің бас ордасының қазы­насына алғаш рет 1 триллионнан астам теңге жиналғаны мақтанарлық жағдай. Қала әкімі Әсет Өрентайұлы елорда қазынасына құйылған қыруар қаржы үлкен тыңғылықты атқарылған еңбектің жемісі, үйлесімді жұмыстың арқасы екенін мәлімдеді.
Бүгінде Астанада әкімшілен­діру, салық және кеден бағыттары бойынша жұмыс деңгейі өсіп, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл мақсатты жүргізілуде. «ЭКСПО-2017» қарсаңында көлеңкелі айналымды қысқартуда бақылау мен алдын алу іс-шаралары ауқымды деңгейде қолға алынды. Елорданың барлық аудандарында салықтық қызмет көрсету жаңғыртылуда. Алғаш рет ашылған көлік-логистикалық орталығы халыққа және бизнес өкілдеріне мемлекеттік қызмет көрсетуде кедендік ресімдеу сапасын айтарлықтай жақсартып, мерзімін азайтты. Осындай атқарылған іргелі жұмыстардың нәтижесінде елордамыздың эко­­номикалық және әлеуметтік қуаты еселеніп келеді.
Осы орайда сөз алған ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов салыстырмалы деректер келтірді. Осыдан 20 жыл бұрынғы жағдай мен қазіргі жетістіктердің арасы жер мен көктей. Қиын-қыстау кездегі халықтың ахуалы мен экономикалық жағдай әлі күнге көпшіліктің есінде.
«Кеңес одағы тарағаннан кейін өз жолымызды таңдадық. Дамудың даңғыл жолына түстік. Экономиканы дамытуды іс жүзінде тақыр жерден бастауға тура келді. Өйткені экономика дамымай, мықты ел болу қиын. 25 жыл өте аз уақыт. Бұл ретте Елбасы «Алдымен экономика, кейін саясат» деген бағытты ұстанды. Өз әскеріміз құрылды. Құқықтық база қалыптасты. Түрлі нормативтік құжаттар қабылданды. 2012 жылы жел­тоқсанда Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын ұсынды. Оның басты мақсаты – экономикасы дамыған, мықты мемлекет құру. Жалпыға ортақ еңбек негізінде берекелі қоғам құруды көздейді. Осы мақсаттарға қол жеткізу әрқайсымызға байланысты. Уақытылы салық төлеу, елге қамқорлықпен қарау, өзі­міз бен мемлекетке жасаған көмегіміз. Қазақстанда бизнес жүргізуге халыққа қолайлы жағ­­дай жасалған. Бүгінгі және алдағы өмірімізге дұрыс жоспар құрған жөн. Балаларымыздың білімді болып өсуіне күш жұмсап, неғұрлым біртұтас болсақ, мем­лекетіміздің іргесі соғұрлым мықты болады» дей келе, Бақыт Сұлтанов егемендіктің алғашқы жылдарындағы халықтың ахуалын еске салды. Зауыттар мен фабрикалардың тоқтап қалғаны, инвестиция тарту мәселелері, барлық салада атқарылған қар­қын­ды жұмыстар туралы баяндады.

Астана – Тәуелсіздік жұлдызы
Жиында Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов жиналған қауымды Ардагерлер кеңесі атынан ұлты­мыздың ең қадірлі мерекесі – Тәуелсіздікпен құттықтады. Өз сөзінде Қазақстан астанасын елордаға ауыстыру туралы тарихи шешім қабылдаған күннен бергі атқарылған жұмыстарға көңілі марқаятынын жеткізді.
«25 жыл уақыт – адам ғұмы­рымен салыстырғанда әжептеуір сияқты, ал та­рих өлшемімен салыстырғанда аз ғана мерзім. Осы аз ғана уақыт ішін­де еліміз Нұрсұлтан Назарбаевтың арқа­сында бүкіл әлемге танылды. Ірге­тасы берік, дамыған мемлекет болдық. Тәуелсіздігіміздің белгісі, жар­қырап тұрған жұл­дызы, біздің сүйікті қаламыз – Астана. Осында отырған біраз азаматтар Елбасымен бірге жаңа елордамыздың іргетасын қаласты. Осы жетістіктермен мақтанатын, қуанатын күн – бүгін. Астана еліміздің елордасы болып жарияланған тұста қуанғандар да, уайымдағандар да болды. 19 жыл бұрынғы жағдай әлі күнге дейін есімізде» дейді ол. Сол кездегі жарық пен жылудың жеткіліксіздігін, білім мен әлеу­меттік саладағы мәселелердің қалай шешімін тапқанын айтып берді.

Майталмандар марапатталған күн
Бұл күні елорда әкімі Мемлекет басшысының Жарлығымен қо­ғам қайраткерлері, мемлекеттік қыз­меткерлер мен түрлі сала өкілдеріне елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуына, мәдени және этникааралық келісімді нығайтуға елеулі үлес қос­қан жүзден астам азаматтарды өз қолымен марапаттады. Оларға ІІ дәрежелі «Айбын», «Парасат», «Құрмет», ордендері, «Ерен еңбегі үшін»,«Шапағат» және тағы басқа медальдар берілді. Мара­патталғандардың қатарында қала әкімінің орынбасары Андрей Лукин, Астана қала­сының Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Болат Мажағұлов, Астана ІІД ЖПҚ басшысы Бақытжан Малыбаев, «Астаналық цирк» мекемесінің бас директоры Ерік Жолжақсынов, «Тілеп» қайырымдылық қорының прези­денті Сапар Ысқақов және тағы басқа айтулы азаматтар бар.
– Елорда қарқынды дамып келеді, көптеген күрделі шешім­дер қабылданды. Арамызда сол уақытта түрлі салаларда еңбек етіп, мемлекеттік қызметтің жұ­мысына үлес қосып, басқармаларда, ком­муналдық шаруашылықтарда, бизнесте және әлеуметтік қызметте жұмыс істеген азаматтар бар. Қаламыздың бүгінгі келбеті Сіздердің еңбектеріңіздің арқасы, елімізге еңбегі сіңген барлық азаматтар кез келген құрметке лайық, – деп қорытындылады Әсет Исекешев.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button