Басты ақпаратЖаңалықтар

ҚАЖЫРЛЫ ЕҢБЕКТІҢ ҚАЙТАРЫМЫ

erm_4646

Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеу аясында Сарыарқа ауданының әкімдігінде ауданның дамуына сүбелі үлес қосқан тұрғындарды марапаттау салтанаты өтті. Сондай-ақ, аудан әкімі қарамағындағы аппарат қызмет­керлерін де құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

Сарыарқа ауданы әкімдігі тарапынан ардагерлердің бәріне бағалы сыйлық пен азық-түлікке толы қоржындар үлестірілді.
– Тәуелсіздік күні – еліміздегі ең маңызды мереке. Ширек ғасырлық мерейтойды біз үлкен жетістіктермен қарсы алғалы отырмыз. Соның ішінде Тәуел­сіздік жылдары қалыптасқан Астананың келбетін ерекше атауға болады. Ал оған осы жерге жиналған баталы қариялардың еңбегі сіңді. Жүктелген мін­деттерді атқаруда сіздердің кеңестеріңіз көп көмегін тигізеді, – деді Арман Тұрлыбек.
Аудан әкімінің айтуынша, бүгінде Сарыарқа ауданында 27 мың зейнеткер, 140 бастапқы ардагерлер ұйымы бар. Соның ішінде 54 Ұлы Отан соғысының ардагері, 2100 тыл ардагері, 1200 еңбек ардагері осы ауданда тұрады. Барлығы – ардагерлер ұйымына мүше.
– Осынау Тәуелсіздік тойы қарсаңында бізді арнайы шақырып, елеп-ескеріп, сый-құр­мет көрсеткендеріңізге рахмет. Мереке күні ауданымыздың жаңа әкімімен осындай қуа­нышта қауышқанымызға қуа­ныштымыз. Үлкендер игі бас­тамаларыңа әрқашан қолдау білдіруге дайын, – деп қариялар атынан Балташ Сұңқарбеков ризашылығын білдірді.
Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов жаңа әкімнің бастаған ісіне сәттілік тілеп, осы жердің қарияларын жинап, батасын алғанын көргендігі, білгендігі деп бағалады.
Ал аппарат қызметкерлерін құттықтаған салтанатты жиын­да аудан әкімі еліміз егемен­дік алғаннан бергі қол жеткіз­ген жетістіктер жайын­да салмақты сөз қозғап, ел­ор­да­ның дамуымен бірге ау­данның да экономикалық-әлеу­­меттік жағдайы жақсарып, инфрақұрылым мен тұрғын­дардың тұрмысы тұрақты жолға қойылғандығын баяндады.
– Елбасының салиқалы сая­сатының арқасында еліміз 25 жыл ішінде әлем таныған мемлекет атанды. Біздің Сарыарқа ауданының тарихы Астананың алғашқы күнінен басталады. Бүгінде елордамыз өзге жұрт қызығатындай әсем шаһарға айналды. Қаншама биік ғи­марат бой көтерді. Соның бар­лығы тәуелсіздіктің жемісі деп айтуға болады, – деді Арман Тұрлыбек.
Шара соңында аудан басшысы ерен еңбектің үлгісін көрсеткен мамандарды алғыс хатпен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыс етті.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button