Мәдениет

Өмірін бимен өрнектеген

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театрының құрылғанына ширек ғасырға жуықтады. Басында елорда филармониясы жанынан халық би ансамблі болып жұмысын бастаған аталмыш өнер ұжымының жеке отау болып шыққанына 1 наурыз күні 15 жыл толды. Бүгіндері белгілі, іргелі мәдени ошаққа айналған би театрының негізін кәсіби хореографтар Еркебұлан және Қадиша Ағымбаевтар қалады.

[smartslider3 slider=2361]

Би өнері дегенде, алдымен әйгілі биші, Қаз КСР халық әртісі Шара Жиенқұлованың аты есімізге түседі. Ұлттық би өнерінің негізі қаланып, танылуына Шара Баймолдақызы өлшеусіз үлес қосты. Алайда өнер бір орнында тұрмайды. Өзегін сақтап, өрлету – бүгінгі және келешек ұрпақ еншісінде. «Наз» театрының мақсаты да – ұлттық фольклорды насихаттау және қазақтың ұлттық билерін дамыту. Осы бағытта мәдени ошақ көркемдік жетекшісі, бас балетмейс­тері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қадиша Ағымбаеваның жетекшілігімен орасан зор жұмыс атқарып отыр.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданында туған Қадиша Ермекбайқызы А.Селезнев атындағы Алматы хореография­лық училищесін және Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетін бітірді. Алғашқы оқу орнында халық биі ансамблінің бишісі мамандығын алса, екіншісінде хореография пәндерінің оқытушысы біліктілігін игерді. Қазір екеуін қатар алып, ұштас­тырып отыр.

Кішкентай кезінде туған Ақсукент ауылына А.Селезнев атындағы Алматы хореография­лық училищесінің ұстаздары келіп, өнерлі балалардың арасынан Қадиша Ермекбайқызын таңдап алып, Алматыға оқуға шақырды. Анасы жібергісі келмеген еді, алайда әжесі: «бұл баланың тағдыры шығар, бағын байламайық» деген соң көнді. Расымен, өнері өміріне айналды.

Еңбек жолын аса көрнекті мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков ұйымдастырған Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы жанындағы «Алтынай» фольклорлық ансамблінде бастады. Осында он екі жыл биші болды. Астанамыз Алатау баурайынан Арқа төсіне көшкеніне аз уақыт өткенде өнерін өрістету мақсатымен елордаға келді. 1999 жылы қала филармониясы жанындағы «Наз» халық би ансамбліне қабылданды. Ал ансамбль жеке отау болып құрылғанда көркемдік жетекшілігін қолына алды.

Міне, содан бері ұлттық биді дамыту, ұлттық фольклорды насихаттау жолында тер төгіп келе жатыр. Көптеген концерттік бағдарламаларды ұйымдастырып, хореографиялық спектакльдерді қойды. Атап айтқанда, Күлтегін заманынан бастап тәуелсіздігімізді алғанға дейінгі кезеңді бейнелейтін «Тұйғындар», «Нұрғиса», «Мың бір түннің бір күні», «U – Sana», «Әзім әңгімесі» хореографиялық спектакльдерін, «Ақ пен қара», «Болеро» хореографиялық композицияларын ұсынды.

«Наз» мемлекеттік би театрының жетістіктері де аз емес. Ш.Жиенқұлова атындағы ІІ республикалық қазақ биі байқауының, Новосибирск қаласында өткен хореографтардың ІІ халықаралық байқауының, Грозный шаһарында ұйымдастырылған М.Эсамбаев атындағы ІХ халықаралық фестивалінің лауреаты атанды. «Шабыт» шығармашыл жастардың ІV халықаралық фестивалінде бас жүлдені иеленді. Қазақстан Жастар одағы сыйлығы мен Қытайда өткен байқау нәтижесінде «Алтын мүсін» иегері болды.

Нидерланды, Түркия, Ресей, Франция, Бельгия, Қытай, БАӘ, Чехия, Болгария, Катар, Норвегия, Израиль, Украина елдерінде гастрольдік сапармен болды. Елімізде және өзге мемлекеттерде өткен спорттық және мәдени шараларға атсалысты. Қазір Дубайда өтіп жатқан «ЭКСПО» көрмесінде өнер көрсетіп жатыр.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button