Білім

Оқушылар арасындағы ерекше сайыс

Астана қаласындағы Ақселеу Сейдімбек атындағы №54 мектеп-лицейде «Қарашаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебінің мұрындық болуымен, сондай-ақ Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150-жылдығына орай елорда мектеп оқушылары арасында «Ел – бүгіншіл, менікі ертең үшін» атты шығармашылық сайысы өткізілді.

Сайыс қазақ тіл білімінің іргетасын қалаушы ғалым, ұлы ұстаз, сөз құдіретін танытқан айтулы ақын, қазақ баспасөз тілінің ұлттық үлгісін көрсеткен талантты публицист, шебер аудармашы, туған халқының руханиятына көп еңбегі сіңген алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының ағартушылық бағыттағы мұраларын насихаттау, жастарды отансүйгіштікке, ана тілін, ұлттық құндылығын құрметтеуге тәрбиелеуді мақсат етті.

Айта кетейік, аталмыш шығармашылық сайыстың басты ерекшелігі – елорданың актерлік шеберлігі бар дарынды мектеп оқушылары Ұлт ұстазының өмірі мен шығармашылығынан театрландырылған қойылым көрсетіп, бақ сынады. Сайысқа Астана қаласының жалпы білім беретін орта және зияткерлік мектептердің, лицейлердің, гимназиялардың 6-10 сынып оқушылары қатысты.

«Ұлтқа қызмет – әр қазақ баласына міндет» атты сахналық қойылымына 100-ге жуық таланттар жиналып, А.Байтұрсынұлының шығармаларынан (мысал (аударма), мақала, публицистік туынды, өлең) бір туындыны таңдап, қойылым қойды. Қойылымдар А.Байтұрсынұлының өмірлік мақсатын, ұстанымын, көзқарасын, сіңірген еңбегін ашып көрсетуге бағытталды. Қазылар алқасы тақырыптың өзектілігі, актерлік шеберлік, сахналық образ, дикция, т.с.с. критерийлер бойынша жас таланттарды бағалады.

«Ұлт ұстазына хат» деп ата­латын сайысқа қатысушы оқушылар 1-бөлімдегі көтерілген жайттың маңызы мен бүгінгі замандағы көрінісі туралы монолог толғаныс хатын оқыды. Ұлт ұстазына арналған хатта оқушылар проблеманың түйінін, өзектілігін айта отырып, тәуелсіз елде тұрып жатқан бүгінгі ұрпағы ретінде болашаққа қатысты өз ұстанымын, ұсынысын, жоспарын жеткізді. Қазылар алқасы монологты креатив, алдыңғы қойылыммен байланыстылығы, ұсыныстың өзектілігі бойынша өз бағасын берді.

Шығармашылық сайыс соңында қазылар алқасы жеңімпаздарды анықтап, жүлдегерлер бағалы сыйлықпен, дипломдармен және алғысхаттармен марапаттады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button