Мәдениет

Джаз әуендері әуеледі

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония «All the Jazz» концертін ұсынды. Кеш барысында Австриядан арнайы шақырылған талантты музыкант Сергей Ким (фортепиано) және үрлемелі оркестр өнер көрсетті.

Сергей Ким – А.Скрябин (Ресей) атындағы V халықаралық фортепианошылар байқауының, Theresa Liacuna (Франция) атындағы халықаралық байқаудың, Citta di San Dona di Piave халықаралық фортепиано байқауының (Италия), Grand Piano Virtuoso халықаралық фортепиано байқауларының лауреаты. Ол беделді Royal Albert Hall (Лондон) залында жеке концерт берді.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын (Қазақстанның халық әртісі Жәния Әубәкірованың шеберханасы) үздік бітірген Сергей Ким Линц қаласындағы Антон Брукнер атындағы Австрияның музыка, би және актерлік өнер университетінің магистратурасында оқуын жалғастырды. Музыкант Қазақстанда, Ресейде, Германияда, Австрияда, Италияда, Чехияда және Францияда концерттік қызметте белсенді қызмет атқарды. Қазіргі уақытта Австрия Мемлекеттік музыка мектебінің оқытушысы, сонымен қатар А.Брукнер атындағы музыка, би және актерлік шеберлік университетінде концертмейстер-оқытушысы.

Үрлемелі оркестрдің көркемдік жетекшісі Никита Почиталин соңғы екі жылда жанкүйерлерінен джаз бағытында концерт беру туралы өтініштер көп болғанын айтады. «Джаз шығармалары үрлемелі оркестр орындауында ерекше нақышта естіледі. Ал қызықты, әрі заманауи шығармашылық тәсіл ретінде біз Австриядан өз саласының шебері, пианист Сергей Кимді шақырдық» дейді Н.Почиталин.

«All the Jazz» концерттік бағдарламасына Джордж Гершвиннің «Порги мен Бесс» операсының «Көгілдір рапсодия» және «Сюита» шығармалары, Глен Миллердің «Ай серенадасы», Луис Приманың «Шырқа, шырқа, шырқа», Дэйв Брубектің «Take Five» сияқты танымал джаз композициялары кірді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button