ҚоғамРухани жаңғыру

Орбұлақ шайқасы – ғасырлар куәсі

Қазақстанның тәуелсіздігі баянды болуы үшін қан төккен батыр бабаларымызды, дана билерімізді еске алып, ерлігін паш ету – қасиетті борыш. Осы орайда «Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек» деген болатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Астана қаласындағы №5 көпшілік кітапхана ұжымы жақында оқыр­мандар үшін тарихи та­ғы­лымды шара ұйым­дас­­тырды. Еліміздің та­ри­хында ұлы жеңістер мен сан алуан оқиғалар көп болғаны белгілі. Соның ішін­де Орбұлақ шайқасы­ның орны да ерекше көрінеді.
Орбұлақ шайқасы – қазақ халқының Жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық соғысындағы алғашқы жеңісті оқиға. Бұл – Жәңгір хан мен жоң­ғарлардың Батыр қоң­тайшысы арасында өткен үлкен соғыс. Жоңғарлар­дың қарқыны қатты еке­нін сезген Жәңгір хан қол астына жаужүрек батыр­ларын жинайды. Қазақ жеріне Батыр қоңтайшы бас­таған қалың жаудың бет алғанын алдын ала білген Жәңгір оларға қарсы тұратын ыңғайлы жер таңдап, ақылды айламен әскерін орналастырады. Сол аралықта Самарқандағы Жалаңтөс Баһадүрге хабар жібереді. Көмек келгенше жаудың жолын бөгемек болып, алты жүз батырды соңына ерткен Жәңгір хан тау шатқалында айналдыра ор қаз­дырып, онда үш жүз әс­керді қалдырады да, өзі жасақ­тың жарым бөлігімен бірге шатқалдың сыртына, қарсы бетіне жасырынады. Шатқалдың өте тарлығынан жау әскері меңгерген амал-айласын пайдалануға мүмкіндіктері болмай, шетінен қырылады. Екі рет шабуылға шығуға әрекеттенсе де, оларынан түк шықпайды. Самарқаннан жиырма мың қолмен Жалаңтөс батыр келіп жеткенде, онсыз да он мың әскерден айырылып, қазақтардан айласын асыра алмаған жоңғар хан қалған қолын жинап, ойсыраған шығынмен кейін шегінуге мәжбүр болады. Аты дардай жоңғар ханына үлкен ұят саналған шайқастың соңы қазақ жасақтарының үлкен же­ңісімен аяқ­талады.
Қазақ жауынгерлері осындай үлкен соғыстар кезінде түтінге ұрындыру тәсілін де көп пайдаланған және бұл тәсілді өте құпия ұстаған. Қазақ жасағы жаудың жолын торып, жолына шөмеле шөп үйіп, ор қазып, оған улы шөптерді тастаған. Яғни, сулы күйінде бықсыған түтінге уландыру мақcаты болған. Улы шөптердің иісінен жан-жануарлар да, адамдар да басы айналып құлаған. Біраз уақытқа дейін есін жинай алмай, кейбірі сол күйінде жан тапсырған. Қазақ жасақ­тары жоңғар шапқыншы­лығында аз ғана қолмен бірнеше рет осындай әдіс­термен жауды күйрете жеңіп отырған.
Орбұлақ жеңісі – қазақтың ғажап бауырмал­дығының жемісі. Бұл же­ңістің қазақ хандығы үшін зор маңызы болды. Ат төбеліндей аз қазақтан тұмсығы бұзылып, тауы шағылып қайтқан Батыр қонтайшы еліне барған соң біраз беделінен айырылып, билігі әлсіреп қалады.
Салқам Жәңгір саясаткер, тапқыр да батыл қолбасшы, халық жанашыры, жанына топтасқан сарбаздардың әрқайсысы жүзге татитын батырлар болған. Олар қазақ жері үшін жоңғарларға тайсалмай төтеп бере білген.
Жәңгір хан қазақ жеріне жоңғарлар тынымсыз шабуыл жасап тұрған аса қиын кезеңде билік жүргізді. Ол бар күш-жігерін қазақ жеріне ешкім қол сұға алмайтын тұтас­тығын қамтамасыз етуге бағыттады.
Биыл Орбұлақ шайқасына 375 жыл толып отыр. Осы шайқасты мәңгілік есте қалдыру, жастардың патриоттық сезімін алау­лату мақсатында Астана қаласы әкімдігінің орталықтандырылған кітап­ханалар жүйесінің №5 көпшілік кітапханасында «Орбұлақ шайқасы – ғасыр­лар куәсі» атты библиоквест өткіздік.
Шара барысында Қазақ мемлекетінің тарихы, Қазақ хандары мен қолбасшы батырлары туралы жан-жақты әңгімеленді. Сонымен бірге оқырмандар назарына тақырыптық деректі бейнефильмдер ұсынылып, «Қазақ хандығы» атты көп сериалды тарихи кинодастаннан үзінді көрсетілді. Шараға тұрақты оқырмандармен қатар №50 мектептің мұғалімдері мен жоғары сынып оқушылары қатысты.

Гүлнәр
ЕСІМСЕЙІТОВА,
Астана қаласындағы № 5 кітапхана
қызметкері

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button