Басты ақпарат

Ортағасырлық өркениет және отырарлықтар

ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент мүшесі Бекболат Тасболатұлы «Отырар б.з.б. 1 ғасырда Қаңлы мемлекетінің үшінші астанасы болды. Отырардың жасын белгілі отырартанушы-ғалым Бейсенбай Бекжан 2500 жылдан асқан деп ғылыми негізге сүйеніп дәлелдеп отыр. Оны сол жерден архео­логиялық қазба жүмыстары кезінде табылған заттар да дәлелдей түседі» деп жазады «Қаңлы мемлекеті – қазақ мемлекеттілігінің негізі» атты еңбегінде. Төменде зерттеуші Б.Бейсенбайдың мақаласын ұсынып отырмыз.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік пединститутының профессоры А.Подушкин бастаған археологтар тобы Түркістан облысы, Арыс-Бадам өзендері аймағында жиырма жылдай қазба жұмыстарын жүргізген. Олар жасы б.д.д. 4 ғасырға дейін жететін 98 елді мекен, 28 ірі қала, 120-дан аса мазарларды, керемет жаңалықтар ашып, деректі фильмдер де шығарып үлгерді. Қаңлылардың сол ерте дәуірде-ақ метал өңдегенін, қолөнерде керемет жетістікке жетіп, өз жазуы болғанына айғақтар тапқан.
Бұл жазуларды Кляшторный, Аманжоловтар оқи алмапты. Тек 16 жылдан кейін 2006 жылы Ұлыбритания ғалымы Николас Симс-Уильямс оқыды. Жазулар оңнан солға қарай жазылған.
Еуропалық ғалымдар алғашқыда бұл жазуларды арамей жазуы деп шешеді. Көне соғды тілінде жазылған деп есептейді. Бұл жазулар б.д.д. 3 ғасырда жазылған екен. А.Подушкин бұл жазулардың қаңлы жазуы екенін, көне қаңлы тілінде жазылғанын дәлелдеп шыққан.
Әлкей Марғұлан мен Ермахан Бекмахановтар «Қаңлы ханының сарайында «Қаңлылардың заңдар ережесі» («Кодекс законов») ілулі тұратын болған» деп жазып кеткен.
А.Подушкин бастаған археологтардың Арыс-Бадам өзендері аймағында ашқан жаңалықтары Қаңлы мемлекетіне тиесілі болғандықтан, оның астанасы Отырар аймағына да осы жетістіктер ортақ деп санауға болады.
Бұдан шығатын қорытынды б.д.д. III ғасырда Отырардың өркениеті жоғары, өздерінің төл жазуы – қаңлы жазуы болды деген сөз.
Сыр бойында сақтардан кейін­гі өз бірлестігін құрған Қаңлы мемлекеті туралы деректер б.д.д ІІ ғ. Қытай деректерінде айтылады. Қаңлы ханының ордасы Отырар (ол кезде Кангу Тарбан деп аталған) қаласында орналасқан.
Б.д.д. 138 жылы Қытай императоры У Ди әскери қызметкері Чжан Цяньды Батыс өлкеге ғұндарға қарсы одақтас табу үшін елшілікке аттандырды. Ол көптеген елдерді аралап, Қаңлы елінде болып, б.д.д. 125 жылы Қытайға қайтып оралды. Чжан Цянь астанасы Кангу Тарбан аталатын Қаңлы елі туралы былай дейді: «Бұл ел Кангюй деп аталады. Басқа халықтар шабуыл жасамас үшін аса қолайлы, жан-жағынан биік таулармен, шөл далалармен қоршалған. Біраз жылдардан бері соғыстың ауыртпашылығын сезбей бейбітшілікте, бақытты өмір сүруде.
Бұл жұрт мамыражай «көк елінен» (Қытайдан) батыс теңізге (Жерорта теңізі) апаратын үлкен жолдың бойында. Осы елдің үстімен жан-жаққа тынымсыз ағылып жатқан әртүрлі зат артылған небір керуендерге қарауға көз тоймайды.
Тұрғындары бойшаң. Қолөнерде де, көркем өнерде де асқан шебер. Жібектен, жай матадан, жүннен тоқылған, теріден тігілген киімдер киеді. Сауда жасағанды жақсы көреді. Тұрғындардың жартысы диханшылықпен, жартысы саудамен айналысады. Жылқының да өте жақсы тұқымын өсіреді. Олардың ішіндегі ең сұлуы-қанды тер шығаратын «көк» тұлпарлары.
Абыздары мен ақсүйектері оқып-жаза алады. Олардың шығармалары әрқайсысы әр затты білдіретін, әр қатарға қойы­латын 25 белгінің көмегімен жазылады. Кітаптары иленген сиыр терілеріне оңнан солға қарай көшірілген.
Мерекелерде халық бағзы заманалар жайлы ән салуды ұнатады. Өте ұзақ жырларда өмірдің ұлағатты заңдылықтары мен ата бабаларының ерлік істері жайлы тәптіштеп айтылады.
Ұзақ жылдар бойғы бейбіт өмір Кангюйдің халқын аса байытқан, олардың үйлерінде басқа елдерден әкелінген қымбат дүние-жиһаз тіреліп тұр. Осы байлыққа көңілдері көтеріліп шалқыған олар өз елдерін «Бақытты Кангюй» деп атайды».
«Ислам діні тарамай тұрған кезде, Отырар өлкесі, жалпы алғанда Тұранның, Сарматтың көне мәдениеті жоғары дәрежеде болған. «Ертедегі мәліметтерде Отырар жоғары мәдениетті қала, оның кітапханасы дүние жүзіндегі кітап­қа бай орын болып табылады: осы жағынан ол Александриядан кейінгі екінші орынды алады» деп жазған Александария ғалымы Птоломей (I ғ). Отырар сол Птоломей картасында бар» деп жазады Ақжан Машанов.

 «Шын мәнінде көне Отырар кітапханасы көшпелілер әлемінде «екінші даналық үйі» болғанына ертедегі қытай саяхатшысы Лу-Цзиннің: «Отырардың даңқы шарапханасымен емес, мейманханасымен емес, әйгілі кітапханасымен шықты» деген пікірі дәлел бола алады.
«Жібек жолы» бойымен кіре тартқан көпестер ең құнды сыйлық ретінде Отырар әкіміне кітап сыйлауды дәстүрге айналдырды. Тіпті бұл мемлекеттік рәсім ретінде қабылданып, ресми сипат алды. Бұқаралық ғұлама Рузбехан: «Отырар кітапханасындағы қолжазба кітаптарды тек қала тұрғындары ғана емес, шалғайдағы Сығанақ қаласының тұрғындары да пайдаланып отырды» деп жазады.
1) Араб тарихшысы Табари «Отырар патшасын әл-Мамун (813- 833) халифтің жауларының бірі» деп атапты. Жарты әлемді билеген халифтің жауы дегенге қарағанда Отырар 9-ғасырдың басында-ақ ірі қала болған.
2) Ең атақты араб географы Мухаммед ибн Ахмед әл-Макдисидің (немесе Мукаддаси) шамамен 985 жылы жазылған «Ахсан ат-такасим фи-марифат ал-акалим» атты шығармасында «Фараб ірі қала, ол қажетті жағдайда 70 мыңдай әскер қоя алады, шахристанда жұма мешіті, негізгі базарлары рабадта, қалалық қорған ішінде дүкендер бар» деп жазыпты.
Көне аңыздар Отырардан 411 ғұлама ғалым шыққан дейді. Тіпті мыңнан асады деп жүргендер де бар. Өкінішке орай, осы Отырар ғылымының көрнекті өкілдері туралы деректер мен атақты Отырар кітапханасы моңғол шап­қыншылығы кезінде жойы­лып, Орталық Азия аймағында ешқандай дерек қалмаған. Қазір біз Отырардың ғылымы мен өркениеті туралы деректерді археологтардың зерттеулері мен алыс жатқан Қытай, Египет, Араб елдерінен іздеуге мәжбүрміз.
Осы жүздеген Отырарлық ғұламалардан Ақсақ Темірдің арқасында ғана аты сақталып қалған Қожа Ахмет Ясауи мен оның ұстазы – 32 діннің негіздерін білген Арыстан баб ғұлама сияқты бірлі-жарымын ғана білеміз. Оның өзінде де Арыс­тан бабты шыққан тегі араб, Мұхаммед пайғамбардың сақабасы деп шатасып жүргендер де бар. Бірақ бұл жай ғана аңыз.
Мұхаммед пайғамбарға дейін араб халқының өркениеті өте төмен болғандығы, тіпті жаңа туған қыз баланы тірідей жерге көметін анайылық та қылмыс болып саналмағанын қазіргі жұрт біле бермейді. Мұхаммед пайғамбардың жанында Арыстан баб ғұлама сияқты ірі ғалым түгілі, 23 жыл бойы (610-632ж.ж.) Мұхаммед пайғамбарға көктен түскен Қасиетті Құран Кәрімнің сүрелерін жазып алатын сауатты адам да болмапты. (Мұхаммед пайғамбардың өзі де сауатсыз болған)
Құран Кәрімнің сүре-аяттары Мұхаммед пайғамбар өмірден өткеннен кейін, бірінші әділ халиф Әбу Бәкірдің тұсында жинақтала бастап, үшінші әділ халиф Османның тұсында толық жинақталып, кітап болып шыққан.
Қазір ғылымда қолданылып жүрген «Араб өркениеті» деген түсінік кейіннен 24-ші халиф, аты халықтың аузында аңызға айналып, «Мың бір түннің» кейіпкеріне айналған Һарун әр-Рашидтен басталып, әл-Мамун халифтің кезінде қалыптаса бастады.
«Шығыстық гүлдену дәуірі» тұсында христиан уағызшылар мен тақуалары өртеген «Александрия кітапханасын» қайта түлету мақсатында араб халифтары Харун әл-Рашид (786-809) пен Мамун (813-833) «Даналық үйін» («Байт әл-Хикма») ашып, оны аса бай кітапханамен, обсерваториямен қамтамасыз етті. Дүние ықылымының барлық саласына арналған кітаптарды бір орталыққа шоғыр­ландырып, ғылыми-зерттеу, аударма, кітап шығару жұмыстарымен белсене айналысты».
Халифатты 23 жыл басқарған 24-ші халиф Һарун әр-Рашидтің тұсында (786-809жж) Аббасилердің билігі шарықтау шыңына жетті. Ғылым-білім және әдебиет биік шыңдарды бағындырды.
Халифатты 20 жыл басқарған 26-шы халиф әл-Мамунның (813-833ж.ж.) кезеңі ғылым-білімнің алтын ғасыры болып саналады. Ол ел басқару ісіне ғалымдарды тартып, Бағдат қаласында «Даналық үйін» ашты. Ол аударма ісін өркендетті. 829 жылы Бағдадта астрономиялық обсерватория салдырды. Ол Бағдадта кітапхана жинақтатып, кезбе ғалымдарға арнап жай салдырды.
Осы Бағдат халифатында ғылым-білімнің өркендеп, «Араб өркение­ті» деген түсініктің қалыптасуына түркі ғалымдарының қосқан үлесі өте зор болды. Бағдаттағы «Даналық үйін» алғаш басқарған Орта Азиялық түркі текті Ұлы ғалым – математик, астроном, тарихшы Әбу Абдулла Мұхаммед ибн Мұса әл-Хорезми болды.
Осы араб өркениетінің өркен жайюына Отырарлық қаншама ғұламалар да ат салысқан. Әбу Насыр әл-Фарабидің кезінде Бағдат халифінің көптеген уәзірлері Отырарлық ғалымдар болған. Ел басқару ісіне ғалымдарды тарту халиф әл-Мамуннан (813-833ж.ж.) басталады. Әбу Насыр әл-Фараби де халифтың арнайы шақыртуымен Бағдатқа келген.
Қазір біз Отырардан 411 ғұлама шыққан дегенімізбен, солардан аты белгілілері отыздың айналасында ғана. Олардың өзі араб елдерінде қызмет етіп, аттары сақталып қалғандары ғана. Ал Орталық және Орта Азия аймағында болған ғұламалар жайлы ешқандай дерек қалмай, моңғол билігі кезінде жойылып кеткен.
Осы Таяу Шығыс елдерінен табылған Отырарлық отыздан аса ғұламалардың алғашқылары IX ғасырда өмір сүрсе, соңы XIV ғасырға жатады. Бұл Отырардың ғылымы IX ғасырдан бастап өркендеді дегенді білдірмейді. Отырадың Ұлы кітапханасы Египетке I-II ғасырларда-ақ белгілі болған. Сол дәуірдің өзінде осы кітапхананы жинақтаған, осында ғылыммен айналысқан қаншама ғалымдардың болғаны даусыз. Тек ол ғұламалар туралы деректер мен олардың жазған еңбектері және Ұлы Отырар кітапханасы моңғол шапқыншылығы кезінде жойылып кетті. Бізге араб елдері арқылы аты мәлім болып отырған ғұламалар Бағдат халифатында ғылымға жағдай жасалып, отырарлық ғұламаларды халифатқа жұмысқа тартқан кезден, халиф әл-Мамунның (813-833ж.ж.) кезінен басталады.
1) Осы араб елдерінен табылған отызға жуық отырарлық ғұламалардың ішіндегі ең алғашқысы – Аббас әл-Жауһари. (IX ғ.)
«Аббас әл-Жауһаридің Отырар қаласынан шыққандығын көрсететін мағлұматтар бар. Отырар алқабындағы бір қалашықтың орнындағы төбе күні бүгінге дейін «Жауһар ана» немесе «Гауһар ана» деп аталады.
Аббас әл-Жауһари ІХ ғасырда құрылған Бағдад мектебінің өкілі, жерлестері Хорезми, Ферғани, Мервазимен бірігіп Бағдад обсерваториясы мен «Даналық» үйінің негізін қалаушылардың бірі. Ол осы жерлестерімен бірге 829-830 жылдары Бағдадта және 832-833 жылдары Дамаскіде жүргізілген астрономиялық бақылауларға қатысады. Бұл бақылаулар негізінде «Мамунның астрономиялық таб­лицалары» деп аталатын еңбек жазылады. Бұл еңбекке Әбу Насыр әл-Фараби үлкен мән берген.
Аббас әл-Жауһари математикамен де шұғылданған. Мәселен, ол «Евклидтің «Негіздерін» кемелдендіру» деп аталатын трактат жазған.» (2)
2) Осы отызға жуық ғұламалардың ішіндегі екіншісі әрі ең танымалы Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фараби. Ол 870 жылы Отырардың жанындағы Оқсыз қаласында дүниеге келіп, 950 жылы Шам қаласында дүниеден өткен. Ол алғашқыда Отырарда қади(сот) болып қызмет істейді. Кейін ғылыммен айналысып, білімділігімен аты шығады. Сол кездегі Орта Азияның Саманидтік билеу­шісі Мансур ибн Нухтың тапсыр­масымен «Әт тағлим әс сани» – «Екінші ілім» деген еңбек жазады. Осы еңбегінің арқасында «Екінші ұстаз» деген атқа ие болады. Елу жастар шамасында Бағдат халифының шақыртуымен Бағдатқа келіп, түрлі салада ұстаздық етеді. Оның Бағдат қаласындағы музыкалық мектебі бүкіл ислам әлеміне әйгілі болды. Бүкіл Бағдат медиктері оны өздерінің ұстазы деп санады. Кейін Мысыр, Алжир елдеріне саяхат жасайды. Өмірінің соңғы кезінде Халабтың билеушісі Сайф ад Дауланың шақыртуымен Сирияға келеді.

Бекжан БЕЙСЕНБАЙ,
отырартанушы

(Жалғасы бар)

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button