Басты ақпаратДенсаулық

Ғылым мен індет күресі

Күллі әлемді тығырыққа тіреген Covid-19 індетінің құрығына ілікпеген ел кемде-кем. Дүниежүзі ғалымдарының болжамы бойынша, бұл індет әлі де созылуы мүмкін. Әсіресе суық қыс пен салқын көктемде коронавирустың вируленттілігі, яғни ауыртқыш күші өте мықты болады екен. Ғылыми тұрғыдан вирус күн ысығанда әлсіреп, ауыртқыш күші азаяды деген еді. Алайда Қазақстанда нағыз ыстық кезеңде індет үдеп кетті. Ал еліміздің ғалымдары бұл дертті жеңудің жолдарын әлі іздестіруде.

ОТАНДЫҚ ҒАЛЫМДАР НЕ ОЙЛАП ТАПТЫ?

Наурыз айында алғаш эпидемия басталған тұста Ұлттық биотехнология орталығындағы отандық ғалымдардың зерттеу жұмыстары қуантқан еді. Орталық қызметкерлері ДНҚ жасанды синтез жолымен әзірленген және жұқпалы коронавирус ауруының жаңа түрін жылдам анықтау­ға мүмкіндік беретін полимеразды тізбекті реакция (ПЦР) негізіндегі тест жүйесін ойлап шығарды. Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасы бойынша орталық қазіргі уақытта 11 мың ПТР тес­тін әзірлеп берген. Соның арқасында індеттің бірінші күндері осы тестілеу жүйесімен бізде жалпы диаг­ностика іске асқан. Одан соң Қазақстанның биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін және Covid-19 вирусының әртүрлі климаттық жағдайларға бейімделу қабілетін ескере отырып, осы орталық пен Биологиялық қауіпсіздік проблемалары жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары коронавирусқа қарсы вакцина жасау бойынша бірлескен жұмыстарын бастаған еді.

ВАКЦИНА СЫНАҚТАН ӨТУДЕ

Бұған дейін отандық ғылыми ұйымдар қысқа мерзім ішінде құс тұмауы мен доңыз тұмауына, нодулярлы дерматитке және бруцеллезге қарсы вакциналар әзірлеген болатын. Жалпы вакцинаның 28 түрі жасалып және диагнос­тикалық тест жүйесінің технологиялары әзірленді. Мұның кейбірі шетелге шығарылған екен. Ал енді орталық пен институт ғалымдарының коронавирусқа қарсы вакцина жасау бойынша бірлескен жұмыстарының нәтижесі қандай? Ол вакцинаның тағдыры не болды деген сауалға аталған ғылыми-зерттеу институты бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары Ерғали Әбдрайымов: «Covid-19 індетіне қарсы вакцина әзірлеу Биология­лық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу инс­титутының ғалымдарына тапсырылған. Бүгінгі таңда ғалымдар вирусқа қарсы белсенділігі жойылған вакцина әзірлеп жатқандығын және клиникаға дейінгі сынақтар тышқан, атшалман, қоян сияқ­ты т.б зертханалық жануарларға жүргізіліп жатқандығын айтты. Алынған нәтижелер көңілге медеу боларлық. Өйткені әзірленген вакцина қауіпсіздігі, уыттылығы, пирогендігі, тиімділігі және тағы басқа параметрлері бойынша халықаралық Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымы және Мемлекеттік фармакопея талаптарына толық сай келеді. Сонымен қатар вакцина маймылдарға да егіліп, тексерілген. Вакцина толық клиникалық сынақтардан өткен соң Денсаулық сақтау министрлігінің протоколы негізінде енгізіледі» дейді Ерғали Әбдрайымов. Мамандардың айтуынша, бұл отандық екінші вакцина ДДСҰ-ның сайтына тіркелген екен.

ЕКПЕДЕН ДАУА БОЛА МА?

Осылай деп заманауи ғылым мен медицинаның мүмкіндіктеріне көп адам иек артып отыр. Бұл екпе Covid-19 дертіне дауа бола ма, жоқ па? Оны уақыт көрсетпек. Ал бүгінде аурудан емделіп шыққандардың дерегі қуантқанымен, жұқтыр­ғандардың да саны аз емес. Мұның бәрі халықтың көңіліне алаң кіргізіп үре­йі­н үстеді. Эпидемия кезінде дертке шалдыққан адамдар саны бір мезгілде күрт артты да, жаппай тараған аурумен ел медицинасы күресуге қауқарсыз болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Коронавирус індеті медицина ғылымын дамытудың да өзекті екенін көрсетіп берді» деген болатын «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында. «Қазір бүкіл әлем осы салаға ерекше назар аударып, жұқпалы аурулармен күресті күшейтуде. Бұл – заңды құбылыс. Алдағы уақытта елімізде медициналық-биологиялық зерттеулерге ерекше көңіл бөлінеді. Өйткені айбынды әскермен бірге мықты медицина да – мемлекеттің негізгі қалқаны. Бұдан былай оның өзектілігі арта түсетіні сөзсіз»

ӨЗГЕ ЕЛДЕР КӨМЕККЕ КЕЛДІ

Соңғы екі айдағы жағдайдың күрделенгені сонша, ел медицинасы тоқырауға ұшырады. Тіпті күндіз-түні індетпен күрескен отандық дәрігерлер шарасыз боп қалды. Қаншама ақ халатты осы виурсты жұқтырса, айтулы дәрігерлер өмірімен қоштасты. Амал жоқ көрші елдердің көмегіне жүгіндік. Алдымен наурыз айында аспан асты елінің ақ халаттылары келді.
Қытайдың науқастарды емдеудегі, эпидемиология­лық тергеу жүргізудегі тәжірибесі әмбеге аян. Сондықтан пульмонолог, реаниматолог және қоғамдық денсаулықты сақтау жөніндегі сарапшылар келіп, дертті анықтау, коронавирус жұқтырғандарды емдеу сынды мәселелерді отандық медицина қызметкерлерімен талқылады. Одан соң індет өршіген аймақтарға көршілес Ресейден де дәрігерлер шақыртылды. Өйткені сыр­қаттанушылардың көбеюі­не байланысты елімізде мамандар жетіспейтін еді. Әсіресе реаниматологтар, инфекционистер, терапевтер және жалпы практика дәрігерлері тапшылығын мойындады.
Коронавирусқа шалдыққан науқастарды емдеу­де тәжірибесі мол, жоғары білікті ресей дәрігерлері Covid-19-ға қарсы күресте консультациялық әдістемелік көмек көрсету, қолданыс­тағы клиникалық емдеу хаттамаларына ұсыныстар беруде тәжірибелерімен бөлісті.
Өз дәрігеріне имандай сеніп жүрген науқастар, өзге елден емдеуші келді дегенде абдырап қалғаны рас. Тіпті отандық дәрігерлердің біліктілігі жетпеді ме, теріс емдеп жүрген жоқ па деген сенімсіз пікірде қалғанымыз да рас. Өзге елдер біртіндеп індеттен құтылып жатқанда, ел ғылымы вирусты жоюдың тетіктеріне неге дәрменсіздік танытып отыр деген сауал әркімнің көкейінде бар.

МЕДИЦИНАДА МАМАН ТАПШЫ

Қазақстанда коронавирус инфекциясы тараған тұста Денсаулық сақтау министрлігі елде 4 мың дәрігер, 800 эпидемиолог жетпей жатқанын мойындады. Министрлік қысқа уақытта медициналық оқу орындарындағы 300 студентті эпидемиолог мамандығына қайта оқытып, 9 мың дәрігердің біліктілігін арттыратынын мәлімдеді. Сондай-ақ пандемия Қазақстанға вирусолог маманның керектігін және өз деңгейінде жетпейтіндігін айқындап берді. Министрліктің есебінше, Қазақстанда медицина саласында 250 мың адам қыз­мет атқарып жүр. Олардың 72 мыңы – дәрігер. Ал қазір коронавируспен күреске 16 мың медицина қызметкері жұмылдырылған. Кейінгі ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда Covid-19 коронавирусын жұқтырғандар 5090 адамға жеткен. 1941 науқас емделіп шыққан, 31 адам қайтыс болды.ЭПИДЕМИОЛОГ НЕГЕ АЗ?

Ал Нұр-Сұлтан қалалық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қалада жыл санап медицина мамандарының саны артып келеді, дегенмен кейбір салалар бойынша дәрігерлер жетіспейтінін жасырмайды. Бүгінде қалалық Денсаулық сақтау басқармасына қарасты 34 мекеме бар. Осы медициналық мекемелерде 500-дей маман жетіспейді. Әсіресе жалпы тәжірибедегі дәрігер, педиатр, терапевт, акушер-гинеколог, анес­тезиолог-реаниматолог, кардиолог, онколог, неонатологмамандар сұранысқа ие. Қазақстанда неге эпидемиолог маман тапшы деген сауалға еліміздегі эпидемио­лог маман дипломын алатындар аз, сондықтан биыл бакалавриат бітіретіндер эпидемиология бойынша қосымша сабақ оқиды деді министрлік. Ал министр­­­ліктің асығыс қадамы мәселені шеше ме? Медицина ғылымының докторы, профессор Сәкен Әміреев басқа мамандықта оқыған медицина қызметкерінен тез арада эпидемио­лог шығару мүмкін емес деп санайды.
«Кезінде елімізде санитарлық гигиена мамандарын дайындайтын медициналық-профилактикалық факультет болған. Кейін жабылды. Соның салдарынан біз осындай жағдайға жеттік. Қазір мемлекет «жетпей жатқан эпидемиологты қысқа уақытта дайын­дау керек» дейді. Оны кім дайындайды? Тез арада дайындаймыз дегені – құр сөз. Жай сөзбен маман дайындалмайды. Маман дайындап шығару үшін ұстаздар, профессорлар болуы керек. Дұрысы, елдегі алты медицина университетінде эпидемиология факультетін қайта ашу керек. Бұл мамандықты оқыту үшін жан-жаққа тарап кеткен мамандардың басын қосып, жинау керек. Мамандарды шақырса, бұл мәселе шешіледі» дейді ғалым.
Ал эпидемиолог мамандардың аздығына себеп жоқ емес. Бір кездері эпидемио­логия мамандығын тәмамдағандар жұмыс таппай қалды. Ал СЭС органдары жұмысқа эпидемиологтар мен вирусологтарды емес, менеджерлер мен заңгерлерді алды. Осы орайда Қарағанды мен Батыс Қазақстан облысындағы медициналық оқу орындарында эпидемиология факультетін ашып, басқа ЖОО-да эпидемиолог мамандығын қалпына келтіруге болмас па деген ой туады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button