Жаңалықтар

ОТАН ҚОРҒАУШЫ БОЛАМЫН!

56_main

Жақында әкем маған Елбасымыз  Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа жолдаған  сөзі жайлы әңгімелеп берді.  Сол әңгімеден кейін біздің бәріміздің бір ғана Отанымыз бар екенін, оны бүкіл Қазақстан халқы қадірлеп әрі қорғай білуіміз  қасиетті парызымыз болып саналатынын тағы да тереңінен ұқтым.

 Мен қазір Астана қаласындағы Сырбай Мәуленов атындағы №37 орта мектепте оқимын. Негізгі оқуыммен қатар ағылшын тілін тереңдетіп оқып жүрмін. Жүзу үйірмесіне тұрақты барамын. Өзім өскенде Қазақстанның армиясында қызмет атқарғым келеді. Кеудесінде ордендері жарқыраған Ұлы Отан соғысы майдангерлерін, әскери киім киген адамдарды көргенде қатты қызығамын. Маған олардың бәрі өте сымбатты,  батыл және тәртіпті болып көрінеді. Осы ойымды әкеме айтсам, ол мені қолдап, тіптен қуанып қояды. «Әскери адам болсаң,  елге сыйлы боласың. Балам, Отанды қорғау – бұл ер жігіт үшін ең үлкен парыз. Сенің аталарың да, мен де соғыстың не екенін біліп өстік. Сен офицер болсаң мен тек қуанамын» деп арқамнан қағады.

   Ал әкем Сембек Мәжитұлы Қабиев жас кезінде Ауғанстанда қызмет ат­қарған. Оның майдандас достары көп. Ол жыл сайын өзінің туып-өскен Қорғалжын ауданындағы Қараегін ауылына майдандастарын ертіп апарып, осы араның тұрғыны Ауған­стан соғысында қайтыс болған Сайлаубай Қасенов ағасының құрметіне арналған шараға қатысады. Қалада да өтіп тұратын әскери-патриоттық жұмыстарға белсене қатысады. Кейде мен де бірге еріп барамын. Сонда Ауғанстан соғысына қатысқан ағалардың әңгімелерін естимін. Әкем жолдастарымен бірге жыл сайын «Жауынгер-интернационалист Қазбек Абдрах­манов атындағы қоғамдық қордың»  және Астана қаласындағы Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы ұйымдастыратын  түрлі патриоттық әрі қайырымдылық  шараларын өткізеді. Соларға қарап Отанға деген сүйіспеншілікті сезініп, әскери адамдар достығына қызыға қараймын.

Түйіндеп айтқанда, мен өскенде еліміздегі бейбітшілік өмірді сақтау үшін, халқымызды қорғау үшін қызмет ететін офицер болуды армандаймын. Осы мақсатыма жету үшін қазірден бастап даярлана беремін.

Жәнібек МӘЖИТ,

Сырбай Мәуленов атындағы № 37 орта мектептің оқушысы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button