Басты ақпарат

Отбасы күнінде отау құрды

Қыркүйектің екінші жексенбісі – Отбасы күні. Осыған орай, кеше «Бәйтерек» монументінде отасқандарына алпыс жыл толған гауһар той иелеріне құрмет көрсетіліп, жаңа өмірге қадам басқан жас жұбайларға неке қию куәліктері салтанатты түрде тапсырылды. Мемлекет басшысының Жарлығымен қабылданған мереке қаламызда жыл сайын кең көлемде аталып өтеді.

[smartslider3 slider=3920]

Дәстүрлі іс-шараны бұл жолы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия бастамасымен Есіл ауданының әкімдігі ұйымдас­тырды. Жиналғандарды есте қалар керемет күнмен Есіл ауданы әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбекұлы шын жүректен құттықтады.

–  Отбасы күні қарсаңында гауһар той иелерінің қуанышымен бөлісіп, жастардың өміріндегі алғашқы маңызды сәттің куәсі болып тұрмыз. Баршаңызды осындай айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Алпыс жыл бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп, өмірдің ыстығы мен суығын қатар көре жүріп, татулықты, сыйластықты үлгі еткен ата-әжелеріміз аман болсын, олардың өнегелі жолын жастарға берсін! – деді ол.

Қалалық мәслихаттың депутаты, Қазақстан әйелдер күштері Альянсы төрағасының орынбасары Назгүл Мағжанның айтуынша, тәуелсіздігіміздің тірегі саналатын «Бәйтеректе» бас қосқандардың «арманы жоқ». Сондықтан осындағы үлкендердің ізі кейінгілерге үлгі болып, арманы асқақ жастардың болашағы алда екенін айта келе, оларға ақ жол тіледі.

Мерекелік іс-шараға 2 гауһар той иесі мен 5 жас жұп шақырылыпты. Бұқаралық ақпарат құралдары саласында ұзақ жылдар қызмет атқарған Өтен Ахмет ақсақал мен байырғы кітапханашы Райхан Тілегенованы сөзге тарттым. Осыдан аттай алпыс жыл бұрын Алматыда кездесіп, танысып, бірін-бірі ұнатып, бір жылдан кейін отау құрған екен. Бұралаңы көп өмір жолында сыйластық қана барлық қиындықтарды еңсеруге көмектесетінін алған тартқан отбасы бүгінде екі баладан алты немере және үш шөбере сүйіп отыр.

– Бәйтерек – біздің ұлттық тұғырымыз. Осынау киелі жерде сіздердің жастық шақтарыңыз тоғысып, арман-тілектеріңіз ұштасып тұр. Осы жақсы ырым жалғасын тапса екен. Қазақ айтады: «Жақтарың түспей, жамандық көрмеңдер»! Бұл – батаның ең ірісі. Алдарыңда ұзақ жол бар, сол жолда әлі талай сынақтар кездеседі. Сол сәттерде сүрінбеңдер, құламаңдар. Өйткені сендер тәуелсіз елде дүниеге келдіңдер, жүректерің ел деп соғып тұр, армандарыңның алдында барлық есік ашық. Ендеше, самғаңдар, қиындықтардан қорықпаңдар, мынау алып бәйтеректей тамырларыңды тереңге жайып, үбірлі-шүбірлі болыңдар, – деп жастарға батасын берді Өтен Ахмет.

Ықылым заманнан қазақ ұғымында отбасының орны ерекше.

Адам баласының өсіп-өнер, қаз тұрып, қанат қағар ошақ қасы, алтын бесігі саналатын киелі ортаның өз заңы, өз қағидалары болады. Оны шайқалтпай, шыны-аяғын сылдырлатпай, шаңырақтың берекесін кіргізіп отыру екі адамға да байланыс­ты. Алпыс жыл отасқандар мұның сырын жақсы біледі. Өкінішке қарай, соңғы кездері кейбір отбасындағы әкенің рөлі төмендеп барады. Ана үйде отырып бала бағып, әке сыртта нан табудың орнына, керісінше тірлік кешіп жүргендер жетерлік.

– Айрандай ұйыған берекелі отбасы болу, әрине, оңай емес. Оған ерлі-зайыптылардың екеуі бірдей атсалысуы керек. Осындай отбасы мерекесінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, өмірдің талай ащысы мен тұщысын көрген өнегелі жандарды жастарға үлгі етіп, марапаттау – ерекше ғанибет. Бүгін бір керемет сезімдемін. Отбасының беріктігі сыйластық пен өзара түсінушіліктің, бір-бірімізді толықтырып отырумен тікелей байланысты деп ойлаймын. Жастарға да осы қасиеттерді көбірек бойларына сіңіріп, сезімдерін аялауға, кешірімшіл болуға, ата-аналарын сыйлап, бір-бірін тыңдауға шақырамын, – деді Райхан Тілегенова.

Отбасы мерекесіне жиналғандар Нұр-Сұлтан қаласының «Мерейтой иегерлері» кітабына жеке қолтаңбаларын қалдырды. Мереке күні заңды некеге тұрған жұптардың жүздері бал-бұл жанып, бір-біріне ерекше жылылықпен қиыла көз тастайды. Араларындағы іңкәр сезім оларды алға жетелеп, сенімдеріне қанат бітіргендей. Бастысы, шаңырақтары шайқалмай, тату-тәтті күн кешіп, береке мен бірліктің ұйытқысын бір жерге жинаған үлгілі ата-ана атанса, отбасы құндылықтарын берік сақтаса екен дейміз біз де.

Гүлбаршын

ӨКЕШҚЫЗЫ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button