Басты ақпарат

Құлдық қамыты

Еліміздегі адам саудасының ең көп таралған түрі – әйелдерді сексуалдық қанау болып табылады. Шынын айт­сақ, адам сату деген сөзге етіміз өліп кетті. Қылмыстың бұл түрімен бүкіл әлем аяусыз күресуде. Алайда соған қарамастан әлеуметтік тұрақсыздықтың және еңбек нарығындағы ала-құлалықтың салдарынан адамның еңбегін заңсыз пайдалану, құлдықта ұстау, сексуалдық тұрғыдан қанау, адамды сату жағдайлары тыйылмай тұр.

Сексуалдық қанаудың құрбандары

Қазақстанда сексуалдық тұрғыдан қанау оқиғалары, негізінен, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында, облыс орталықтарында тіркеледі. Биыл әйелдердің еңбегін қанауға қатысты фактілер бойынша 5 қылмыстық іс қозғалған, қазір толық тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Мұндай деректі ІІМ-нің ұйымдасқан қылмыспен күрес жөніндегі департаментінің адам сатумен күрес басқармасының бастығының орынбасары Шынар Көшербаева келтірді.

БҰҰ-ның дерегіне сәйкес, әлемде адам сатудың ең көп таралған түрі – әйелдерді сексуалдық құлдыққа салу болып отыр. Адам саудалау оқиғаларының 54 пайызы осы қылмыстың үлесіне тиеді. Қазіргі таңда адам сату түсетін табысы жөнінен 3-орында тұр. ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев құзырлы ұйымның 2013, 2015 және 2021 жылдары Үкіметке «Қазақстанда адам саудасына қарсы күрес туралы» жеке заң қабылдауды ұсынғанын айтады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ұсынысты бірден қолдап, заң жобасы Үкімет жоспарына енгізілді. Заң жобасының тұжырымдамасы 2022 жылы қыркүйек айында дайындалып, жаңа заң 2023 жылы сәуірде қабылданады.

«Біз бұл мәселені шешудің жүйе­лі жолдарын қарастырдық. Әуелі еліміздің аумағында мигранттардың құқықтарының сақталуы және бұзылуы деген тақырыпты терең зерттедік. Одан кейін босқындар мен қандастардың құқықтарының қорғалуына мониторинг жүргіздік. Себебі ең алдымен босқындар мен қандастар адам саудалау қаупіне тап болып, тіпті оның құрбаны да болуы мүмкін» деп түсіндірді Тастемір Әбішев. Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова адам сатудың негізгі белгілерінің бірі – еңбек заңнамасының бұзылуы және дер кезінде әлеуметтік көмектің көрсетілмеуі деп санайды. Ұзақ уақыт бойы жеке басының куәлігінсіз жүретін адамдар қоғамға да, мемлекетке де байқалмайды.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл адам саудалағандарды анықтау мен жазалау мәселені толық шешпейтінін айтады. «Ең маңыздысы, құлдыққа түскен адамдарға дер кезінде көмек көрсету, олардың жеке басын және құқықтарын заңдастыру болып табылады. Елімізде адам саудалағандарға қатаң жаза қолданылады, алайда зардап шеккендерге кешенді түрде көмек көрсету жүйесі жоқ. Мемлекет құлдықтан зардап шеккен жандарды қоғамға, қалыпты өмірге бейімдеудің тиімді тетіктерін құруы қажет. Мұндай жағдайға көбінесе осал топтардың өкілдері тап болады. Жұмысы жоқ, білімі жоқ адамдар кез келген құлдық жұмысқа көнеді. Яғни, құқық қорғау органдары қаншалықты тиімді жұмыс істесе де, мәселе толық шешілмейді» дейді Э.Әзімова.

Елордадағы «Астана-Қорғау» жекеменшік қорының жетекшісі Анна Рыль өткен жылы өзі басқаратын ұйымның 66 адамға жан-жақты көмек көрсеткенін айтады. «Былтыр біз әртүрлі жағдайға тап болған 600 адамға консультациялық-психологиялық көмек бердік. Адам саудасының құрбаны болған 66 адамның 42-сі – жұмысы жоқтықтан құлдыққа жегілгендер. Алаяқтардың торына түсіп қалғандардың дені – сауатсыз, тіпті атын да жаза алмайтын адамдар. Олардың тіл білмеуі де көптеген қиыншылықтар туғызады» дейді ол.

«Шанстың» мүмкіндігі мол

2021 жылдан бері Мемлекет басшысының тапсырмасымен әйелдерге және кәмелетке толмаған балаларға қатысты жыныстық қылмыстарды тергеу үшін тергеуші әйелдердің мамандануы енгізілгені мәлім. Мұндай тәжірибе аталған санаттағы қылмыстарды ашуда тиімділігін көрсетті. Өйткені зорлық-зомбылық құрбандарының тергеуші әйелдерге деген үлкен сенімі оң ықпал етті. Тіпті, құлдықтан зардап шеккен балалардың ешбір ұялмастан қылмыстың барлық ұңғыл-шұңғылын ашып, әңгімелеп беруі тергеушілерге көп көмегін тигізді. Бұл жерде ІІМ-нің Оңтүстік Кореяның сексуалдық құлдық құрбандарына қолдау көрсету тәжірибесін зерттеудің үздік нәтижелерге жеткізгенін айту ләзім. Мысалы, Оңтүстік Кореяда дағдарыс орталықтарының базасында сексуалдық құлдық құрбандарына кешенді көмек көрсететін орталықтар ашылған.

Ресми мәлімет бойынша елімізде 2020 жылы – 67,
2021 жылдың 6 айында 16 сексуалдық

құлдықтың құрбандары анықталған

Биыл мамыр айында Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті шетелдік тәжірибе үлгісінде елордадағы «Шанс» кәмелетке толмағандарға арналған әлеуметтік-психологиялық, құқықтық қолдау орталығының базасында сексуалдық зорлық құрбандарына көмек көрсететін орталық ашты. 2005 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан орталықтың сексуал­дық және тұрмыстық зорлық құрбандарымен жұмыс істей алатын тәжірибесі бар. Бұған дәлел, орталықта құлдықтан зардап шеккендерге медициналық білімі бар мамандар, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, заңгерлер, педагогтар, адвокаттар жұмыс істейді.

Полиция департаментінен алынған мәлімет бойынша «Шанс» орталығының мамандары ашылған күннен бері сексуалдық құлдықтың құрығына түскен 19 адамға (соның ішінде 19-ы – кәмелетке толмағандар) көмек көрсеткен. Қанатқақты жобаның жүзеге асырыла бастағанына 4 айға толмаса да, нәтижесі көңілден шығады. Демек, ең қажетті жоба жалғасын табады деген сөз. Ал орталық қалай жұмыс істейді? Ең алдымен, сексуалдық зорлық құрбандары орталыққа жеткізіледі. Ол жерде тергеуші әйелдер барлық қажетті тергеу амалдарын (өтініш қабылдау, тергеу, фотосуретімен және бейнежазба арқылы киім-кешектерін және басқа да заттай айғақтарын қабылдап алу) жүргізеді. Сол жерде психологтар құрбандармен жұмыс істейді. Егер де құлдықтан зардап шеккен адамға көмек керек болып, оны қосымша тергеу кезінде ұнамсыз қарым-қатынас жасаудан оқшау­лау қажеттілігі туындаса, онда ол оңалту-сауықтыру мекемесіне жатқызылады.

Елорда полициясының әрбір аудандық басқармасында арнайы жобамен жұмыс істейтін тергеуші әйелдер, жедел қылмыстық тергеу бөлімшесінің қызметкерлері, қылмыстық және әкімшілік полиция қызметкерлері бекітілген. Барлығы 34 қызметкердің 16-сы – тергеуші әйелдер. «Шанс» орталығының мекенжайы: Нұр-Сұлтан қаласы, Абай даңғылы, 92/3 үй.

Адам – тауар емес!

Қазіргі кезде шетелге барып, жұмыс істегісі келетін адамдардың саны көбейіп келеді. Алайда кез келген шақыру мен ұсынысқа алданып, құлдықтың қамытын киюіңіз ғажап емес! Сол себептен, мына үш нәрсені есіңізде ұстаңыз:

  1. Егер:

*Сіздің қолыңызда ресми келісімшарт болмаса; құжаттар жалған немесе бөтен адамның атына жазылса;

*Сіздің төлқұжатыңызды шақырушы тарап алып қойса;

*Барлық шығындарды шақырушы тарап немесе жұмыс беруші төлесе;

*Ол жақта істейтін жұмысыңыз нақты қандай болатыны түсініксіз болса;

*Сізді шекарадан заңсыз өтіп, айналмалы жолдармен өтуге көндіретін болса – барудан бас тартыңыз!

2.Егер:

*Сізге оңай және тез ақша табудың жолын ұсынса;

*Сіз өзіңізді шақырған фирманың шетел азаматтарын жұмысқа орналастыруға рұқсаты/лицензиясы бар-жоғына сенімді болмасаңыз;

*Фирма туралы интернеттен немесе фирманың ресми сайтынан ақпарат таба алмасаңыз;

*Сізге жұмыс визасын бірден рәсімдемесе;

*Келісімшарт сізге түсініксіз тілде жазылған болса, онда мемлекет атауы, жұмыс мерзімі мен шарттары, ұйымның атауы және жұмыс берушінің аты-жөні көрсетілмесе, асықпаңыз, ойланыңыз!

3.Егер:

*Сіз фирманың ресми сайтынан немесе интернеттен фирма туралы ресми ақпаратты тексерсеңіз;

*Сіз фирманың шетел азаматтарын жұмысқа орналастыруға рұқсаты/лицензиясы бар-жоғына сенімді болсаңыз;

*Сіз фирмамен немесе жұмыс берушімен екіжақты ресми келісімшартқа қол қойсаңыз;

*Сізге жұмыс визасын рәсімдесе;

*Сіз өз төлқұжатыңыз бен келісімшарттың көшірмесін, сондай-ақ байланыс мәліметтеріңізді туыстарыңызға қалдырсаңыз;

*Сіз жұмыс істеуге баратын елдегі өз мемлекетіңіздің Елшілігінің байланыс нөмірлері өзіңізде болса, баруға болады!

Сіздің өз өміріңізді сақтандыруға құқыңыз бар! Шетелге қауіпсіз шығуға қатысты басқа да сұрақтарыңыз болса, Нұр-Сұлтан қаласындағы мына телефондарға хабарласыңыз: +7 (7172) 306-073, +7 702 892 97 77.

 

 

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button