Басты ақпарат

Ахметтану ілімінің бастаулары

Қазақтың ұшан-қиыр даласына, алдағы түрлі байлықтарға, өзен-суына қызығып, ерте заманнан жұтып қоюға ұмтылған екі елдің ортасында қанды шеңгелге шөре-шөреге түскен, бұлқынумен күн өткізген жұртқа жоқшылар, жанашырлар қажет еді. Сол жоқшы, сол жанашыр шоқ жұлдыздың ең ірісі, күні бүгінге дейін сәулесі үзілмеген кемелдісі – Ахмет Байтұрсынұлы.

Кеңес дәуіріне дейінгі баспасөз бетінде Ұлт ұстазының ақындық, ағартушылық және қазақша жазуға емле түзу бастамасына орай айтылған  танымдық сипаттағы мақалалардың жариялануы ұнамды құбылыс болды. «Айқаптың» 1912 жылғы №4 және 5 санындағы «Жазу тәртібі» атты мақаласы пікірталас туғызып, бұл турасында өз көзқарасын ашық білдірушілер болды. Мысалы, Ж.Шияшовтың «Бірге қозғалалық» Азамат Алашұлының (М.Дулатұлы) «Жазу тәртібі». Уалиолла Халилидің «Тілді сақтаушылық» т.б. мақалалар жарық көрді. Ж.Шияшовтың Ахаңның жазуды бір тәртіпке салып әліппе бастыруға деген ниетін қолдағанымен, А.Алашұлы өз мақаласында айтқандай: «А.Байтұрсынұлының жазу тәртібін тіпті басқаша түсінген, дұрысын айтқанда, түсінбеген. Бұл кісі жазу тәртібінің дұрыс, терісін өз алдына тексеруден бұрын, ноғайлардың әліппе жазушыларынан басқа жол іздегені үшін қатты ренжіген». Ал өз ойын «Жазуды тәртіпке салу деген оңай емес. Журнал оқушылар сынасын дегенде әркім басына келгенін жазатұғын болса, ешуақытта ойды бір жерге қорытып болмайды. Бұл турасында сынаушылар да байқап жазарға керек» дей келе өз басының А.Байтұрсынұлының жазу тәртібін ұнатқанын жазып, ұсыныстарын да білдіреді.

Бұларда Ахаңның халқы үшін қамығып жүріп жасап жатқан еңбегі туралы ғана сөз болса, қос­танайлық Уалиолла Халили ұлт әдебиетіндегі тұлғалық орнын бағалауға ұмтылған. «Бізге бұл күнде басшы болған, халыққа үлгі көргізген жігіттеріміз жоқ емес қой. Мынау «Маса» мен «Қырық мысалды» жазушы ­А.Байтұрсынұлы секілді ерлерді халық қызметшісі деуге болады. Және де «Айқап» журналы пен «Қазақ» газетінде халыққа жол-жөн көргізген қызметтерін біздерге ұмытуға керек пе еді?! А.Байтұрсынов әпенденің «Жалғыз қаз келгенменен жаз бола ма дегені сияқты алты миллионнан артық қазақ халқы үшін бір газат пен бір журнал шыққанменен халықтың сусыны басылмайды ғой» деп ой қорытындылауы ахметтану ілімінде алғаш айтылуымен құнды.

Алаш арыстарының 1929-30 жылдары алғаш ұсталуынан соң, олардың ғылыми зерттеу­лері мен А.Байтұрсынұлы өзі жазған және басшылық жасаған бүкіл оқулықтарды орта мектеп пен оқу орындарында пайдалануға тыйым салынды. Ғылыми әдіснамалық тұрғыда көшбасшы болмақ түгілі, әдіс­темелік жағынан да оқу ағарту саласынан аластап тасталды.

Бұлардан басқа әдебиет және кітаптар, шығармаларға бәйге жариялау туралы сөз болған мақалаларда тек жанама түрде ғана жазылды. Ал тарихи тұрғыдан келгенде, А.Байтұрсынұлы ұлттық әдебиеттің көрнекті өкілі ретінде танытуда алғаш сөз қозғаған Ә.Бөкейхан болатын. Ұлт көсемі Ә.Бөкейхан «Мұсылман сиезі» атты мақаласында ақындық талантын «Ақын ініме» және «Мен бұқтым жаттым» деген өлеңдерінен нақты мысал келтіре дәлелдеуге жол бастады.

«Түрік затты халықта біздің қазақтай бір жерде тізе қосып қалың отырған іргелі ел жоқ. Біздің тілді қазақ жерін араламаған мұсылман бауырларымыз қайдан білсін, біздің кітап жазып, газет, журнал шығара бастағанымызға осы 3-4 жыл ғана арасында. Анық түрік затты халық тілі біздің қазақта» деп Абай, Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Мағжан т.б., барлығы 18 өлеңді мысалға келтіріп – «Осылардай  ақыны бар, бір жерде тізе қосып отырған 5 миллион қазақтың тілі қалайша жоқ болады. Ғұмыр жүзінде біздің қазақ тілі өз бәйгесін алар: Абай, Ахмет, Міржақып, Шәкәрім, «Тарғыннан» һәм өзгелерден бұл көрініп  тұр ғой» деп жазады.

Ә.Бөкейхан А.Байтұрсынұлы туралы сол кезең үшін үлгілік мәні зор пікірін «Роман бәйгесі» атты мақаласында тағы да қайталайды. Онда Ахаңды роман бәйгесіне әділқазы болар дәрежедегі қалам қайраткері ретінде танытады. «Әлі де болса, кітаптарды сыншы болам деген кісілерге поштамен жіберіп, бұлардың сын мақаласын жиып, мұны кісі саны аз, жазушы басы құраулы Семей (Шаһкерім бар), Орынбор (Ахмет, Міржақып бар), Троискінің (Бақытжан. Мұхамеджан бар) бірінде комитет қарағаны дұрыс» деп жазады.

Бұдан соң әдебиеттен Еуропалық деңгейдегі білім-парасаты бола тұрса да, «Роман сыны маған қол емес» деп бәйгеге түскен шығармаларды қарауға ықыласы жоқ екенін ескертіп өтеді де, «Бірақ бұл күнде қазы атаған соң, бұдан қашу маған жол емес» деп амалсыз келіседі. Яғни роман жарысына тек қана көрем шығарма жазған ақын-жазушылар қазылық ету керек деп санайды. Оны «Мәдени жұртта көркем кітап жазып отыратын Ахмет, Міржақып газетаның уақ ісіне есіл ғұмырын байлап отыр. Білгенді қылам дегенге жұрт керегі қойып жатыр ма: Шаһкерім, Ахмет, Міржақып (бұлар Апалоннан бата алған жоқ) жеріме түсті демесе, мен сыншы парызын өтеуге құл болдым» деп өкініш білдіреді.

Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті – жалпы ағартушылық-демократиялық қозғалыстар, қиян-кескі соғыстар, ұлы өзгерістер мен қос қыртыс дәуір тарихын көрсететін әдебиет. Бірақ ұзақ уақыт бойы тұмшаланған тыныс-тіршілік сол қос қыртыс дәуір шындығын танып білуге, айқын көріп, сезінуге мүмкіншілік бермеді. Алайда А.Байтұрсынұлының ғалымдық, ақындық, публицис­тикалық шығармалары мен қайраткерлік істері өз кезінде, яғни көзі тірісінде-ақ аса жоғары бағаланған. Қазақ ортасы, түркі әлемі ғана емес, орыс ғалымдарының тарихи тұжырымдары орны ерекше.

Ұлт ұстазының ұлт әдебиеті тарихында алдыңғы қатарда алатын орны туралы бағалау­шылық мәндегі пікірлердің алғаш жазылуы 1919 жылдан басталды деп санау керек. Ол ұлт қайраткерлерінің бірі С.Садуақасовтың осы «Киргизская литература» (историко-критический очерк) деп аталатын мақаласынан. Бұл зерттеу 1919 жылы Омбыдағы «Трудовая Сибирь» журналының №1 санында жарияланған еді. Басылымның №1 санында болуының өзінен-ақ, ол осы жылдың басында жарияланғанын дәлелдеп тұр. Ендеше ең тұңғыш айтылған баға десек, қателеспейміз.

Автор зерттеуінде ақын-жыраулар мұрасын шола келе, Абай, М.Ж.Көпеев шығармашылықтарына тоқталады. «Айқап», «Қазақ» секілді қазақ баспасөзінің ұлт әдебиетін дамытудағы маңызына талдау жасады. «Қазақ» газетінің, оның редакторы Ахмет Байтұрсынұлының болашақ қазақ оқығандарының адастырмас ақ жолға жөн көрсетушісі, бағыт сілтеушісі болғаны әділ жазылды. Бұл мақаланың ахметтану іліміндегі маңызы өте зор. Себебі А.Байтұрсынұлы тұңғыш рет ұлттық әдебиет тарихында көрнекті тұлға ретінде бағаланды. Алғаш айтылуымен құнды бұл бағаны толық келтірейік.

«Огромную услугу киргизской литературе оказал А.Байтурсынов, редактор газеты «Казак». Он первый пионер в области создания чисто киргизского языка: составил первую киргизскую азбуку и грамматику (до этого киргизы пользовались рабской азбукой). А.Байтурсынов поэт-народник и духовный учитель молодежи. Он перевел почти все басни Крылова, снабдив каждую соответствующими заключениями и приспособив к обличению беспечной жизни киргизов» деген бағалаушылық пікірі алғаш айтылуымен құнды. Ендеше С.Садуақасов есімі ахметтануда А.Сомойловичпен қатар тұруы заңды болмақ.

Бұл пікірдің маңызы да сол – қазір аузымыздан түспей жүрген «А.Байтұрсынұлы – ұлт ұстазы, рухани көсем» деген ұғымның сол кездің өзінде айтылып, тарихи тұрғыдағы әділ бағалаудың айтылуы. Ендеше А.Байтұрсынұлының ұлт руханияты мен әдебиет тарихында алатын орны осы 1919 жылы шыққан А.Сомойловичтің «Түркі халықтарының әдебиеті» (Шығыс әдебиеті баспасы, Петербор) кітабындағы «Байтұрсынов Ахмет Байтұрсынұлы» деген мақаласынан бұрын жарық көрген. Алайда ғалымның 6 томдық шығармалар жинағының алтыншы томындағы «Ахметтану ғылымының негіздері» аталатын тарауда С.Садуақасовтың осы «Киргизская литература» (историко-критический очерк) деп аталатын мақаласы аталмай, назардан тыс қалып қойған.

1920 жылы Орынборда Қазақ өлкесі Советтерінің Құрылтай съезінде Қазақ АССР-і құрылып, Орынбор 1920-1922 жылдары оның астанасы болып, қазақ зия­лыларының едәуір бөлігі сонда шоғырланды. Олар Орынборда сол кезде ұйымдастырылған «Қырғыз (Қазақ) өлкесін зерттеу қоғамының» жұмысына белсене араласты. Ахмет Байтұрсынұлы сол қоғамның мүшесі әрі басқарушысы болған. Осы қоғам бірнеше жыл бойы Орынборда «Труды общества изучения киргизского края» деген жинақты орыс тілінде шығарып тұрған. Осы жинақта А.Байтұрсыновтың 50 жасқа толуына арналған мақалалар жарияланған. Оның бірі – М. Дулатовтың «Ахмет Байтурсунович Байтурсунов», екіншісі – Е.Омаровтың «Ученая деятельность Ахмет Байтурсунович Байтурсунова» мақалалары. Е.Омаров өз мақаласында Ахмет Байтұрсынұлының ғалымдық қызметіне назар аударып, қазақ грамматикасына сіңірген еңбегін жоғары бағалайды.

М.Дулатовтың «Ахмет Байтурсунович Байтурсунов» деген мақаласындағы тарихи фактілер, деректер күні бүгінге дейін маңызын жойған жоқ. Мақалада автор Ахмет Байтұрсыновтың өмірбаянына кеңінен тоқталады. 13 жасында әкесінен, туған-туысқандарынан еріксіз айрылған Ахметтің кейін Торғайдағы екі кластық орыс-қазақ мектебінен, мұнан соң Орынбор мұғалімдер училищесінен білім алып, өз бетімен көп оқып үлкен білімдар азаматқа айналғанын жазады. Ақаңның «Қырық мысал», «Маса» еңбектерінде патша саясатын қатал сынап, оған қарсы күрескенін дәл көрсетеді. «Благодаря А.Байтурсунову, хотя бессознательно, но на самом деле поддававшаяся обрусению и отатариванию часть киргизской интеллигенции живо опомнилась и стала создавать и исправлять свои ошибки. Даже бывали такие курьезные случаи: учащаяся молодежь в некоторых русских учебных заведениях в целях сохранения чистоты киргизского языка, обусловливалась разговаривать между собой обязательно по киргизский, в случае нарушения кем-либо этого правила виновный за каж­дое случайно вылетевшее не киргизское слово платил 3-5 коп. Штрафа в пользу ученических кружков, – деп жазды.

Ахметтану ілімінің ізашары саналатын мақалалардың орыс тілінде жариялануының өзіндік мәні де бар. Осы С.Садуақасов пен А.Сомойловичтің мақалаларынан кейін ол Е.Д.Поливановтың «Қазақ-қырғыздың жаңа (Байтұрсыновтық) емлесі (1924), Н.Ф.Яковлевтің «Әліпби құрылымының математикалық жүйесі (1928) секілді зерттеулерге жалғасты. Алайда оларға Ахаңның 50 жылдық мерейтойына байланысты мақалалар негіз болғаны – қапысыз шындық.

Ақын, публицист, ғалымдық туралы маңызды еңбектер, көркем ойлар, негізінен, Ахаңның туғанына елу жыл толу мерейтойы тұсында жарияланды да ахметтану ілімнің негізі берік қаланды. А.Байтұрсынұлының әлеуметтік істерін, шығармашылығын, дүниетанымын өз кезінде дұрыс көрсетіп, әділін айтқан адамның бірі – Сәкен Сейфуллин. Ол «Еңбекші қазақ» газетіне (30.01.1923) «Ахмет Байтұрсынов елуге толды» деген арнаулы мақала жазып, онда былай дейді: «Ахмет Байтұрсынұлы қарапайым кісі емес, оқыған кісі. Оқығандардың арасынан шыққан, өз заманында патша арам қулықты атарман-шабармандарының қорлығына, мазағына түскен халықтың намысын жыртып, дауысын шығарған кісі. Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттың арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ ­Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары губернатор, соттарға күшін сатып тілмаш болып, кейбір оқығандары арларын сатып ұлықтық істеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай, қызметтерін қылды». Бұл Ахаңа берілген әділ де шыншыл тарихи баға еді. «Қазақ халқын байға, кедейге бөлмей, намысын бірдей жыртты, арын бірге жоқтады. Ахмет Байтұрсынұлы ұлтын шын сүйетін шын ұлтшыл» деген тұжырымды ойдың айтылуы алашшылдарға қарсы теріс көзқарастардың туындап тұрған кезінде айтылуы ерлікпен пара-пар еді.

1923 жылы А.Байтұрсынұлының 50 жылдығы тұсында Сәкен тағы да мақала жазып, Ұлт ұстазын қорғады. Ә.Әйтиевтің «Степная правда газетінде жазған «Фактические поправки» мақаласындағы «Алашты жасағандардың бірі Ахметтің өзі емес пе?» деген сынына, «Еңбекші қазақ» газеті (04.02.1923) арқылы Сәкен «Тағы да Ахаң туралы. Әйтиевке жауап» мақаласымен жауап берді. «Олардың ішінде шенқұмар, жалған ұлтшылдар болды. Ахмет әйтеуір қазаққа қызмет қыламын деп солармен біргге болды… Ахметтің коммунист партиясына ере алмай шығып қалуына үлкен себеп – өзінің шын нәзік жанды ұлтшылдығы.Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың намысын жыртып, ұлттың арын жоқтаған патша заманында жалғыз Ахмет еді» деп нақтылады.

Осы мерейтойға арналған мақаласында М.Әуезовтің: «Казақ» газетінің сүтін еміп өскен бір буын осы күнде пікір-білім жолында бұғанасы бекіп, іс майданына шығып отырса, кейінгі жас буын Ақаң салған өрнекті біліп, Ақан ашқан мектепте оқып шыққаны табалдырығынан жаңа аттап, ішіне жаңа кіріп жатыр. Ақанның бұл істеген қызметі – қазақтың ұзын ырға тарихымен жалғасып кететін қызмет, істеген ісімен өзіне орнатылған ескерткіш – мәңгілік ескерткіш» деген сөздерінен «Қазақ» газеті Ахмет Байтұрсынұлы арқылы үлкендердің ақылшысы, кішілердің тәрбиешісі болғанын байқаймыз.

Алаш арыстарының 1929-30 жылдары алғаш ұсталуынан соң, олардың ғылыми зерттеу­лері мен А.Байтұрсынұлы өзі жазған және басшылық жасаған бүкіл оқулықтарды орта мектеп пен оқу орындарында пайдалануға тыйым салынды. Ғылыми әдіснамалық тұрғыда көшбасшы болмақ түгілі, әдіс­темелік жағынан да оқу ағарту саласынан аластап тасталды. Партиялық қаулыларға сай  қазақ әдебиеті жеке пән ретінде мектептің оқу жоспарына кіріп, 1932 жылы тұңғыш бағдарламасы жасалды. Онда 1930 жылдардың бас кезінде мектептер мен оқу орындарында тұрақты оқу құралдар жасалуын қажет еткен уақыт, заман талабы қазақ әдебиеті тарихының кеңес дәуіріндегі әдебиеттен де басқа дәуірлерінің тарихи курсын да оқыту керектігін айқындап берді

Жандос СМАҒҰЛ,

филология ғылымдарының докторы, профессор

 

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button