Басты ақпарат

Отызында орда бұзған…

Дүние есігін ашқанына алпыс жыл толып отырған Алтынбек туралы толғаныс – маған әрі оңай әрі ауыр. Оңай болатыны – 43 жыл бұрын тағдыр бізді КазГУ-дың журфак-інде тоғыстырды, арасында ол үш жылдай Мәскеуде, атақты МГУ-де оқып қайтты. Өзге уақыттың бәрінде бір-бірімізден алыс кетіп, ұзақ көз жазған емеспіз. Бәрі де алақандағыдай айқын.

Ауыр болатыны – Алтынбектің ауыз­дықпен алысқан адуын ақбоз аты мәреге жете алмай орта жолда омақаса құлады. Дәлірек айтқанда, құлатты. Анығына барсақ, тасада тұрып оқ ататын Батыраш пен Қотыраштар қолынан мерт болды жасын-тағдыр. Ашындыратыны да, опындыратыны да, өкіндіретіні де – осы.

Осыдан он алты жыл бұрын ақпанда өткен Алматыдағы қаралы жиында мен Алтынбектің достары атынан сөз алдым. Оның үлкен жүрегін, тектілігін, қамқор көңілін, мәрттігін екі-үш ауыз сөзбен түйіп айту, әрине, қиын еді. Алтынбектің адами, кісілік, адамгершілік келбетін көрсетуге тырыстым, айттым да, айтуға тиісті де едім, мен айтпасам, кім айтады? Тіпті сол жиын үстінде сөз алған саясат серкелері Алтынбектің соңғы екі-үш жылдағы саяси қызметте, билікке  оппозициялық көзқарастағы партия басшылығында жүрген сәттеріне ғана баға берумен шектеле бергені менің ішімді тырналап, өксігімді ұлғайтқандай еді… Тәй-тәй басқан елдің керегесін берік етуге, шаңырағын биік етуге Сәрсенбайұлының қаншалық үлес қосқанын өзге білмесе де солар анық бағамдар еді ғой. Соны баса айтса, Алтынбектің рухына ғана емес, елдігімізге көрсеткен құрмет болар еді, саяси мәдениетіміздің деңгейін танытар еді.

Алтынбек о бастан, сонау біз алғаш танысып, біліскен, достас­қан бозбала шағында-ақ өзіндік пікірін дәлелдей, қорғай білетін, қастерлей білетін азамат еді. Қарасазда қора салып жатқан сәтте айдаладағы Куба боксшылары үшін екеуміз кәдімгідей шекісіп, бір-бірімізге қол жұмсап, осы Шәмшілер әзер татуластырған. Оның осы мінезі өзгерген жоқ, өзімен бірге кетті.

Біз – ҚазГУ-градта, 5-жатақханада бірге тұрған достары, Алтынбек пен Дарханның жағдайын біліп әрі әлемнің жартысына жуығын уысында ұстаған қызыл империя орталығының аужайын байқау, ауасымен тыныстау, қызықтау үшін Мәскеуге жиі баратынбыз. Қонақ үйдің құнын студенттің қалтасы  қайдан көтерсін, туысқан Вьетнам елінің өкіліміз деп МГУ-дің Аспиранттар мен студенттер үйінің «қатал қарауылынан» еркін өтуші едік. Содан қайтадан бір бөлмеде тоғысып, түнімен сыр ақтаратынбыз. Әңгіме көбіне қазақтың тарихы, қазақтың ертеңгі бұлыңғыр тағдыры туралы өрбуші еді. Мұндайда, әрине, әңгімеге тамызық тастап, отты әзілімен бізді қаузап, қозғап отыратын – Алтынбек. Сол бір тымырсық кезеңде Кремльдің жанында мұндай тақырыпқа пікірталас өткізу де қауіпті еді. Бірақ біз жаспыз ғой, оның байы­бына барып жатпадық.

Отызында-ақ атқа мініп, министр лауазымын иелеген Алтынбектің көзі жетіп, көңілі құламаған жайды қолпаштағанын, өзінен лауазымы жоғарылар алдында бас шұлғып, құзырына құлдық ұрғанын, «ләппай, тақсыр» дегенін естіген де көрген де емеспіз. Білім мен жігеріне сүйенген Алтынбек көбіне томаға-­тұйық жүретін, әсіресе билік дәліздеріндегі қалтарыстар туралы сыр шаша бермеуші еді. Замандастарымен, біз сияқты құрдастарымен салыстыра қарағанда ойы да, бойы да кексе көрінетін

Кемелденген социализмнің, яки тоқырау кезеңінің соңы мен қайта құру қарсаңында саяси сілкіністердің ордасына айналған Мәскеуде, студенттік кезеңде өткізген 3-4 жыл мерзім Алтынбектің болашақ тағдырына өшпес із қалдырған уақыт болды. Жаңаша ойлау жүйесі, тыйым салынған кітаптар, тақырыптар, кино және қойылымдар, жаңа басылымдар, жаңа ағымдар, жаңа адамдар, жаңа ойшылдар, жаңаша пайым­-көзқарас. Алла әмірімен, тағдыр жазуымен көп ұзамай-ақ тәуелсіз өз елінде үлкен саясатқа белсене араласқан Алтынбек үшін кең шеңберде, үлкен ауқымда, геосаяси ерекшеліктерді ескере келіп мемлекеттік, елдік, ұлттық тұрғыда ойлау, шешім қабылдау, әрекет етуге алғышарт жасады деп түйер едім. Қызыл империяның ордасы, тоталитарлық жүйе орталығы деп күстәланғанымызбен, сол кездегі Мәскеу – білім-ғылым, мәдениет ордасы, мемлекеттік басқару жүйесі ғасырлар бойы қалыптасып үлкен саясат мектебі болатын. Алтынбек Мәскеу мектебінен үлкен сабақ, таусылмас тәлім алды. Ол сүйікті жары Салтанатты да осы Мәскеуде, МГУ-де жолықтыр­ды. Біз қарапайымдылықтың, қайсарлықтың үлгісі деп танитын Салтанат Алтынбектің ықпалын, үлкен беделін пайдаланып, биік лауазым, жоғары атақ қуған емес. Бар ықыласы мен уақытын отағасына, отбасына, қос перзенті – Шолпан мен Бекжанның білімі мен тәрбиесіне арнады.

Отызында-ақ атқа мініп, министр лауазымын иелеген Алтынбектің көзі жетіп, көңілі құламаған жайды қолпаштағанын, өзінен лауазымы жоғарылар алдында бас шұлғып, құзырына құлдық ұрғанын, «ләппай, тақсыр» дегенін естіген де көрген де емеспіз. Білім мен жігеріне сүйенген Алтынбек көбіне томаға-тұйық жүретін, әсіресе билік дәліздеріндегі қалтарыстар туралы сыр шаша бермеуші еді. Замандастарымен, біз сияқты құрдастарымен салыстыра қарағанда ойы да, бойы да кексе көрінетін. Үкімет мүшелері сапырылысып, бірі келіп, бірі кетіп жатқан алғашқы қиын-қыстау аласапыран уақытта, өтпелі кезеңнің ауыр өткелегі тұсында Алтынбек еліміздің ақпарат саласын он жылға жуық басқарды. Бұл қып-қызыл оттың ортасы еді, артық-ауыс бір ауыз пікір білдірсең, лап ете қалуы ғажап емес еді сол заманда. Өзі айтпақшы кеудесі аяққаптай болған баспасөз бен қолынан шоқпарын тастағысы келмейтін биліктің арасында дәнекер болу оққа кеуде тосумен пара-пар еді.  Қазақтар қылышын шошаңдатып, ұлтшылдар алауға жиналатын кезең еді сол заман. Сол он жылда Алтынбек қызыл империя ыдыраған соң қаңқасы ғана қалып, денесін сүйреткен ақпарат, баспасөз, баспа, идеология, руханият саласын өткелектен аман-есен алып шықты, жан бітірді, жаңа сатыға көтерді. Мұны Алтынбектің тұсында осы салада еңбек еткен мыңдаған отандасымыз айта алады. Он жылға жуық министрлік қызметте Алтынбек тәжірибе, бедел, абырой жинады, ықпалы орасан күшейді. Жасыратыны жоқ, әр аймақтан жиналған замандас, пікірлес, білімді, алғыр жігіттердің үлкен лауазым иеленуіне де тікелей себепкер болды. Өресі биік өрендерден таңдап-талғап, қаншама ұлтжанды шәкірт тәрбиеледі, олар елге абыроймен қызмет етіп жатыр. Қауіпсіздік кеңесінің тізгінін қолға алды. Одан кейін елші, сосын саяси қызмет.

Жастайынан-ақ биік лауазым иеленіп, ықпалды қызметтер атқарса да біз, достары, – Алтынбектің асып-тасқан, ісініп, кепкен, ызғар шашқан, «кісілік» көрсеткен кезін көрген емеспіз. Үнемі бірсыдырғы, бірқалыпты. Рас, ол біле бермес жандарға томаға-тұйық, түсі суық, қатал көрінетін. Нәзік жүректі, қамқор көңілді перзент екенін жақын біліп, шапағат-нұрына шомылғандар ғана аңғарушы еді. Сонау студент шағында Қожакеев шекпенінің етегін ұстап жүргенде-ақ Алтынбек сатира саласын көп зерттеді, өзі де осы жанрда қалам тартқан. Оның құрдас-дос­тарымен әзіл-қалжыңының өзі үлкен әңгімеге арқау болар еді.

Қазақтың қалың ортасынан шыққан, ауылда қазақ мектебін бітірген Алтынбек үшін ең басты мәселе – отаншылдық, мемлекетшілдік еді. Ұзақ жылдар артта қалған колхоздарды басқарып, өрге сүйреген Сәрсенбай әкесінен аскеттік тәрбиені бойына сіңірген Алтынбек Отанға, мемлекетке опасыздық жасау – тексіздік, анасын сатқанмен бірдей деп бағалайтын.

«Отан – отбасынан басталады» деген бір жақсы сөз бар ғой. Алтынбектің жасы келген ата-анасын, аға-апа, бауырларын, сүйген жары мен балаларын қадірлеп-құрметтеуі, ­қастерлеуі, үнемі қамқор қолын созып жүретіні бізге, замандас достарына ­әрдайым үлгі болды. Үлкен өсіп-өнген әулеттің өкілі болғасын ба, Алтынбек қарапайым әрі көпшіл еді. Мүмкіндігі, жағдайы келіп тұрса да, ол демалысында шетелдің қымбат курорттарына тартып кетпей, қасына оншақты досын ертіп, Алтай баурайына, Оқжетпес етегіне немесе кіндік қаны тамған Нарынқолға аттанып, жылқышы, қойшы, аңшының қосында қарапайым ғана өткізетін.

Тіпті соңғы кездері әр жазда Нарынқолдағы Шоғансай, Шалкөдеге аттанушы едік. Туған жердің келбетіне, сұлулығына мейірі, шөлі қанбай жүрді ме екен, кім білсін?! Бабасы Райымбекті пір тұтып, үнемі аруағына сыйынып, мазарына құран оқытып жүретін. Бір жолы түнде Райымбектің кесенесінде құран оқытып, үш-төрт жігіт қазаға көңіл айту үшін Шымкентке шұғыл аттандық. Жолда қарсы келген автобусқа соғыспай, әупіріммен аман қалдық. «Бабаның аруағы қорғады-ау» деді Алтынбек.

Аруақты бабаның кіндігінен тараған таудың текті ұлы тауға, қарлы шыңға, биіктікке ғашық еді, ешкімнің алдында басын иген жоқ, төмендеген жоқ, таудың етегінде жан тапсырды.

ҚазГУ-дың бесінші жатақханасындағы 312-бөлмеде терезеге жақын қойылған жалғыз үстелді елден ертерек тұрған Алтынбек иеленіп алатын. Үстінде анасы тігіп берген қасқыр желет-нымша. Көк бөрінің аруағынан ба, ішіміздегі жасы ең кіші болса да орынды босат деп айта алмаймыз. Елден ертерек тұрған ұл елден ертерек есейді, елдің тәуелсіздігін нығайтуға елден ертерек ерен үлес қосты және ертерек, тым-тым ертерек аттанды арамыздан…

Қар көбесі сөгілер, табиғат бусанып, ұйқысынан оянып гүлденер, жадырар, бәрі өзгерер…

«Ал, жігіттер, Шалкөдеге аттанайық, жиналыңдар» деген хабар да жетер. Бірақ біз ілесе алмаймыз ғой. Сонда біз өзіңмен Кеңсайда қатар жатқан Нұрлан Мәукенұлы досымыздың кезінде өзің шығарып берген кітабын қолымызға алып, парақтағанынан басқа не амал табамыз:

Тірінің қамын тірі жер,

Тірілер бірін бірі жер.

Тірлікте қашқан қадірің

Өлгенде ғана білінер.

 

Өлінің қамын тірі жер,

Жоқтауын салып жүгінер.

Жоғалтып алған асылы

Айрылғанда білінер.

 

Өлінің қамын тірі жер,

Тірілер бірін бірі жер.

Бір күні біз де барамыз,

Сен аман болғай, сірі Жер

         Қиын-қыстау кезеңдегі ауыр реформалар күрт өзгертті ме, ол уақытта жұртшылықтың 90 пайызының өзі өмірлеріне көңілі толмайтын. Мұндай көңіл-күй ақпараттық айналымға әлеуметтік саладағы ащы ақиқатты ашып айтатын ақпарат құралдарын алып шықты. Егер сондай ақпарат құралдарына әкімшілік үстемдікпен қазіргі «Казахстанская правда» мен «Егемен Қазақстандағы» сияқты алаулатып-жалаулатып, тек жақсы жағынан ғана жазуды күштеп таңсақ, оқырман ондай басылымнан нақты өмірді шынайы көрсете алмағаны үшін теріс айналып кетер еді де, ондай басылымдар сұранысты өтеуге дәрменсіз болып, ақырында жабылып тынар еді. Сол себептен, бұқаралық ақпарат құралдарына әлеуметтің мұңын мұңдап, жоғын жоқтау мүмкіндігін саналы түрде бердік деуіме болады.

***

Өтпелі кезеңде баспасөз министрі болғаннан қиын жұмыс жоқ. Себебі ол кезде баспасөз де қолына жаңа түскен бостандықтың буына пісіп жүрді, билік те «баспасөз бізден төмен» деген ойдан арыла алмай жүрді. Кеудесі аяққаптай болған баспасөз бен қолынан шоқпарын тастағысы келмейтін билікті бір-біріне үйренісіп, тең дәрежеде сөйлесетіндей дәрежеге жеткізу керек болды. Ол айтуға ғана оңай.

***

Қарапайым адамдардың жадағай тұрмысы мен мақсат-мүддесі мінбелерде ғана айтылатын әдемі сөздердің, әлдебір арналардағы әлеміш көрініс­тер мен жарнамалардың тасасында қалды. Бұл нені білдіреді? Бұл жай халық пен бай халықтың арасындағы, биліктің десе де болады, қалың ел мен билік басындағы ат төбеліндей топтың арасына терең жік түскенін білдіреді. Қазынадағы бар байлықтың әділ бөліске түспей отырғанын көрсетеді. Сондықтан «тәуелсіздігімізге түгенбай жыл» деп кеуде соғып атойлай бермей, бір сәт халықтың шын мәніндегі тұрмыс-тіршілігін де ой сарабынан өткізетін уақыт та жетті.

***

Тығырықтан алып шығар жол біреу-ақ: Сая­си реформаларды жүзеге асыру. Оның уақыты әлдеқашан жетті. Саяси реформа – абстрактілі ұғым емес. Қолда бар қаржыны, яғни халықтың ырыс-дәулетін әділ бөлетін жүйе жасау керек. Президент те, Үкімет те Парламентпен өкілеттіктерін бөлісуі керек. Келген ақша мен кеткен ақшаның есебі халықтың көз алдында жасалуы тиіс.

***

Мемлекеттік қызмет, ең алдымен, халыққа қызмет ететін орын. Сондықтан, «қызмет» деп аталады. Осыны ұмытпау керек. Өзім он екі жыл мемлекеттік қызмет істеппін. Сол қызметім үшін ұялмаймын да. Мемлекетті аяғынан тұрғызу жолында азды-көпті еңбек сіңірдік. Мені ешкім мемлекеттік қызметтен қуған жоқ. Қоғамдық, саяси қызметке ауысарымда Президент те «қал» деп қолқа салып, көп адамның түсіне де кірмейтін қызмет ұсынды. Мен алғысымды айтып, саяси қызметке бел буғанымды жеткіздім. Себебі, осы саяси жүйенің ішінде, мемлекеттік қызметте жүріп, қазіргі қалыптасқан жүйені өзгерту мүмкін емес екеніне көзім жетті. Сондықтан, саяси қозғалыстың бір басшысы ретінде осы түйінді шешуге араласуға бел байладым. Бұл биліктегі бірді-екілі адамға реніштен туған нәрсе емес, ойланып-толғанып жасалған күрделі, саяси шешім.

 Алтынбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫ,

«Тәуелсіз елде тәуменді тұлғалар

болмауы керек» кітабынан

(Алматы, 2004 жыл)

 

Тағыда

Еркін Қыдыр

«Астана ақшамы» газетінің бас редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button