Сұхбат

ӨТІНІШ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ

«Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы Қоғамдық қабылдау бөлімінде жыл басынан бері 4843 азаматтың өтініші қабылданыпты. Оның ішіндегі 650 өтініш құзырлы органдарға қарастыруға жіберіліп, 4193 адамға құқықтық кеңестер берілген. Азаматтардың өтініштерін қарауда мемлекеттік орган өкілдерінің жауапкершілігін арттырып, нақты шешімдер қабылдауға мұрындық болып жүрген «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы Қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Марал Елеуқұловамен әңгімелесіп, жұмыс барысына қанықтық.

– Қала тұрғындарын көбіне қандай мәселелер мазалайды?

– Азаматтарымыз қоғамдық қабылдауға тұрғын үймен қам­тамасыз ету, жер телімдерін бөлу, жұмыспен қамту, ПИК қызметіне арыз-шағымдарын айтып, балаларын балабақшаға орналастыру, кө­ліктік инфрақұрылымды дамыту, құжаттарды рәсімдеуге көмектесу, сот өкімдерінің орын­далмауы, жекеменшік меке­мелердің жал­а­қыны бер­меуі және тағы басқа да күнде­лікті тұр­мыс­тың түйткілді мәсе­леле­рімен келіп жатады. Соңғы кездері атқарушы билік органдарының өкілдері қоғамдық қабылдауға қатысып, толассыз келіп жатқан арыз-өтініштерді қарас­тыруды дәстүрге айналдыр­ды. Парламент Мәжілісінің депутаттарынан бастап, қала әкі­мі­­нің орынбасарлары мен аудан әкімдеріне дейін біздің бастама­мызға құлақ асып, осы шараның басы-қасында жүрді. Олардың азаматтарды қа­былдау кестесі алдын ала бұқа­ралық ақ­парат құралдарында жарияланып отырады.

– Қоғамдық қабылдау ая­сында құқық қорғау орган­да­рының ашық есік күндерін ұйымдастырдыңыздар, оның ерекшелігі қандай?
– Қалалық прокуратура өт­кізген ашық есік күнінің нәти­жесі бойынша халық көбінесе сот шешімінің орындалмауы, лауазымды тұлғалардың іс-әре­кеті,
жалақының берілмеуі, жер телім­дері үшін өтемақы төлеу сынды әділетсіздіктерге төрелік іздеп ке­летініне көз жеткіздік.

Сондай-ақ, «Юстиция кеңес бе­реді» республикалық акциясы аясында Әділет департаменті мамандары жылжымайтын мүлік­тердің құжаттарын рәсімдеу, кә­мелетке толмағандардың құқық­тары, асыраушысынан айрылған жағдайда анықтама алу тәртіптері туралы кеңестер берді.

Әрине, қабылдауға арызымен келген адам нақты көмек алады. Мысалы, «Вектор» ЖШС жұ­мыс­­шылары атынан күзетші В.Н.Шандраковтың жалақысын ала алмай жүргендігі туралы арызы қаралды. Нәтижесінде, аталған мекеменің заң бұзғаны анықталып, жұмысшыларының жалақысы то­лығымен төленуіне сеп болдық.

Б.Сәрсеннің жер телімі үшін өтемақы төленбегендігі туралы шағымы қаралды. Партия тарапынан оның жер телімі дұрыс баға­лануы мен өтемақы төленуі әділ шешілуін қамтамасыз еттік.

– Көпшілікті баспана мәселесі мазалайтыны белгілі. Бұл да нұр­отандықтардың назарынан тыс қалмаған болар?
– Астана қаласының Тұрғын үй басқармасымен бірлесіп, тұр­ғын­дарға мемлекеттік тұрғын үй құ­ры­­лысы бағдарламасын түсіндіру бойынша жұмыстар жүргізілді. Қа­лалық филиалдың қабылдау бөлі­міне басқарма басшылары келіп, азаматтарға ҚР «Тұр­ғын үй қатынастары туралы» заңы, «Қол­жетімді баспана» мемлекеттік бағ­дарламасы туралы мағлұмат берді.

Биыл 11 шілдеде «Қолжетімді бас­пана» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша «Тұрғын үй құ­ры­лыс жинақ банкі» акцио­нерлік қоға­мы «бірегей кеңес беру күнін» өткізді.

Мұндай сұхбат алаңын құру ар­­қылы «Нұр Отан» ХДП қала тұр­­ғындарына халықты баспанамен қам­тамасыз етудегі мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді.

Әлеуметтік бағыттағы шаралар Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бір­лесе ұйымдастырылуда. Мә­селен, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдар­ламасын жүзеге асыру бо­йынша тұрақты түрде өткізілетін ашық есік күндері, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі. 28 наурызда Жұмыс­пен қамту орталығында көшпелі қо­ғамдық қабылдау өт­кі­зілді. Оған қаланың ірі кәсіп­орындары – «КСС-Астана» ЖШС, «АБК-Максат» ЖШС, «Апрель» ЖШС, «СК Строй Класс» ЖШС, «BI Group» ЖШС-ның жа­уапты қызметкерлері тартылды. Осы жолы 74 азаматтың өтініші қабыл­данды. Оның ішінде 15 адам бос орындар жәрмеңкесінен жұ­мысқа орналасуға жолдама алып, 6 адам «қоғамдық жұмыстарға» жібе­рілді. 7 адам «BI Group» ЖШС-нен тегін кадрларды қайта даярлау курсы­нан өтетін болды.

Мұндай акциялар ықтимал әлеу­­меттік шиеленістердің алдын алуға, жұмыссыздық деңгейін тө­мендетуге, қор­даланған бірқатар мәселелерді тиімді шешуге, заң­намалық тұр­ғыда реттеуді қажет ететін құ­қық­тық қатынастарды анық­тауға, аза­маттардың білдірген өтініштерін бақылауда ұстауға септігін тигізеді.

Жалпы, қоғамдық қабылдауды ұйымдастыру – халықпен байланысты нығайтудың тиімді жолы және қатысушы әрбір азамат құ­қығының сақталуына партияның көңіл бөлетіндігін дәлелдейді. Ал партия ұйымының басты міндеті атқарушы биліктің назарын дәл осы мәселелерді шешуге жұмылдыру болмақ.

Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button