Қоғам

Өзекті мәселелер ортаға салынды

Мемлекет басшысы сөйлеген сөзінде Ұлттық кеңестің билік пен қоғам арасында сындарлы диалог орната алатын тиімді институцио­налды құрылымға айналғанын және оның мүшелері еліміз үшін маңызды шешімдер әзірлеп, солардың жүзеге асуына күш салып келе жатқанын атап өтті.Қазақстан Президенті Кеңесте пандемияға қарамастан елімізді дамытудың өзекті мәселелері тұрақты түрде талқыланатынын, бірнеше маңызды бастама жүзеге асырылғанын, сондай-ақ қазіргі таңда мемлекеттік саясаттың түрлі салаларын реформалауға қатысты жаңа ұсыныстар әзірленіп жатқанын айтты.
Президент отандастарымыздың еңбек миграциясына қатысты мәселені де көтерді. Оның пікірінше, азаматтарымыз тіркелу кезінде, күнделікті тұрмыста және басқа да мәселелер бойынша әртүрлі қиындықтарға жиі ұшырайды. Сонымен қатар Президент азаматтарымызды еліміздің оңтүстігінен солтүстігіне көшіруге қатысты ахуалды жақсартудың, көшіп келушілерге барынша қолайлы жағдай жасаудың маңыз­ды екенін айтты. Мысал ретінде, Солтүстік Қазақстан облысын атап өтті. – Мұнда көшіп келушілер үшін жаңа тұрғын үйлер салынуда, коммуналдық инфрақұрылым дамып, әртүрлі әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Ынталандыратын қосымша шара ретінде оларға берілетін жәрдемақының мөлшерін екі есе, яғни, 35 айлық есептік көрсеткіштен 70-ке дейін көбейткен жөн деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Серпін» және «Дипломмен – ауылға» жобаларын саралау қажеттігіне тоқталды. Бұл бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуы нәтижесінде солтүстік өңір жастар үшін мейлінше тартымды аймаққа айналады. Қазақстан Президенті білім беру жүйесіндегі мәселелерге арнайы тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев мектепте білім берудің мазмұнына ерекше көңіл бөлді. – Беделді халықаралық зерттеу қорытындылары біздің оқушылардың оқу сауаттылығы бойынша дағдылары жеткілікті деңгейде дамымағанын көрсетіп отыр. Сондықтан оқу мәдениетіне баулу, оқу сауаттылығын дамыту еліміздегі орта білім беру ісінің басым бағытына айналуға тиіс. Баланың оқуға деген қызығушылығы, қоршаған ортаны кітап арқылы тануы мектеп қабырғасында қалыптасу керек. Ал кітапхана оқушының сол ынтасын оятып, оны қызықты кітап әлеміне жетелеуі қажет, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының айтуынша, отандық кітапханалар өздерінің ағартушылық рөлін жоғалтпай, заманауи талаптарға сай болуы тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың құқығын қорғау мәселелеріне де назар аударды.
Президент ерекше мұқтаж жандарды қолдау мәселесіне де тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мемлекет осындай адамдар үшін инклюзивті білім беруге, кедергісіз орта қалыптастыруға, сондай-ақ, қолжетімді инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге және жұмыспен қамту мүмкіндігін кеңейтуге баса мән беріп отыр. Дегенмен, аталған шаралар ерекше мұқтаждығы бар адамдардың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге әлі де жеткіліксіз.
Қасым-Жомарт Тоқаев экология­лық туризмді дамытудың маңызы туралы да айта келе, мемлекеттік ұлттық табиғи парктерді дамытудың жоспарын үнемі жұртшылықтың талқысына салу үрдісін енгізу міндеттеді.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, алдағы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы саяси және экономикалық реформалар, цифрландыру, адам құқықтарын қорғау, денсаулық сақтау және білім беруді дамыту, экологияны қорғау аясында өтуі керек екенін айтты. Бұл ретте, Президент Тәуелсіздіктің 30 жылдығы – Тәуелсіздіктің мәні мен құндылығын сезінуге зор мүмкіндік беретінін атап өтті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button