ЖаңалықтарСұхбат

Қанат МЕДЕТБЕКОВ, Астана қаласы бойынша Бас мемлекеттік еңбек инспекторы: ЕҢБЕК ШАРТЫН САҚТАУ – ЕҢ БАСТЫ ТАЛАП

Елімізде жұмыс істеймін деген жандарға барлық жағдай жасалған. Бұл жөнінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында баса айтты. Деген­мен, Еңбек кодексіндегі заңдылықтар мен талаптар барлық жерде бірдей сақталмай жатады. Бейсенбі күні Астана қаласы бойынша Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Қанат Алпысбайұлы Медетбеков елорда тұрғындарымен тікелей байланысқа шығып, оқырмандар тарапынан осы мәселеге қатысты туындаған сұрақтарға жауап берді.

– Мен жақында жұмысқа орналастым. Бірақ, үш ай сынақ мерзімімен уақытша ғана қабылдады. Мұндай жағдайда жұмыс берушімен арада келісім-шарт жасала ма?

– ҚР Еңбек кодексінің 36-ба­бына сәйкес, Еңбек шартын­да қызметкердiң тапсырыла­тын жұмысқа бiлiктiлiгiнiң сәйкестiгiн тексеру мақсатымен сынақ мерзiмi туралы талап белгiленуi мүмкiн. Жұмыс беруші мен қызметкердің арасындағы еңбек қатынастары еңбек шарты негізінде туындайды, сондықтан еңбек шарты жасалады. Ал, сынақ мерзiмi еңбек шарты күшiне ен­ген кезден басталады.

– Сонда сынақ мерзімінің ұзақтығы қанша айға созы­лады?

– Қазақстан Республикасындағы Еңбек кодексінің 36-бабының 4-тармағы негізінде жұмыс беруші сынақ мерзімін үш айдан асырмауға тиіс. Сынақ мерзiмi қызметкердiң жұмыс өтіліне қосылады, қызметкер жұмыста iс жүзiнде болмаған кезең сынақ мерзiмiне есептелмейдi.

– Мен – екінші топтағы мүгедекпін. Денсаулығыма шағымым болмағандықтан, үйде қол қусырып қарап отырғанша, мүмкіндігіме қарай жұмыс істеп жүрмін. Бірақ, бұл бастығыма ұнамайтын секілді. Бетіме басып айтпағанымен, оны ішім сезеді. Айтыңызшы, менің жұмыс істеуге құқым бар ғой?

– Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 222-бабына сәйкес, мүгедектер әдеттегiдей еңбек жағдайлары бар, не мүгедектер еңбегiн пайдала­натын мамандандырылған ұйымдарда оңалтудың жеке бағдарламасын ескере отырып, жұмыс берушiлермен еңбек шарттарын жасасуға құқылы. Сондай-ақ, халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi органның қорытындысы бой­ынша денсаулық жағдайы еңбек мiндеттерiн орындауға кедергi келтiретiн не оның денсаулығына және басқа адамдар еңбегiнiң қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн жағдайларды қоспағанда, мүгедектiк себептерi бойынша еңбек шартын жасасудан бас тартуға, мүгедектi басқа жұмысқа ауыстыруға, еңбек жағдайларын өзгертуге тыйым салынады.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 224-бабына сәйкес, бiрiншi және екiншi топтағы мүгедек қызметкерлерге аптасына 36 сағаттан аспайтын ұзақтығы қысқартылған жұмыс уақыты белгiленедi. Бiрiншi және екiншi топтағы мүгедек қызметкерлердiң күнделiктi жұмысының (жұмыс ауысымының) ұзақтығы жетi сағаттан аспауға тиiс.

– Балам кәмелет жасына толған жоқ. Соған қарамастан, бос уақыттарында еңбек етіп, өзінің жүріп-тұруына аз-кем ақша тапқысы келеді. Бұл жастағы балалардың уақыттарын құр босқа өткізгенше, жұмысқа ор­наласуына болады ғой. Ондай жағдайларда балалармен келісім-шарт қалай жасалады?

– Әрине, болады. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 30-бабында еңбек шартын жасауға жол берілетін жас мөлшері негізінде жұмыс беруші кәмелет жа­сына толмаған балалармен еңбек шартын жасайды. Біріншіден, он алты жасқа толған азаматтар­мен еңбек шартын жасасуға жол берiледi. Екіншіден, еңбек шарты баланың ата-анасының бiреуiнiң, қорғаншысының, қамқоршысының немесе асырап алушысының жазба­ша келiсiмiмен жасалады. Сондай-ақ, орта бiлiм беру ұйымында негiзгi орта, жалпы орта бiлiм алған жағдайда, он бес жасқа толған азаматтармен; сабақтан бос уақытында, денсаулығына зиян келтiрмейтiн және оқу процесiн бұзбайтын жұмысты орындау үшiн, он төрт жасқа толған оқушылармен; кинематогра­фия ұйымдарында, театрларда, театр және концерт ұйымдарында, цирктерде денсаулығына және адамгершiлiк тұрғысынан дамуы­на нұқсан келтiрмей, шығармалар жасауға немесе орындауға қатысу үшiн, осы баптың 2-тармағы 2-тармақшасында айқындалған талаптарды сақтай отырып, он төрт жасқа толмаған адамдармен еңбек шарты жасалуы мүмкiн.

Аталған баптың 2-тармағында айқындалған жағдайларда еңбек шартына кәмелетке толмаған адам­мен қатар оның ата-анасының бiреуi, қорғаншысы, қамқоршысы немесе асырап алушысы қол қоюға тиiс.

– Мұндай жағдайда медициналық тексеруден өту міндетті ме?

– Иә, Қазақстан Республика­сы Еңбек кодексінің 16-тарауында он сегіз жасқа толмаған қызметкерлердің еңбегін реттеу ерекшеліктері қарастырылған, сондықтан, жұмыс беруші он сегiз жасқа толмаған қызметкерлермен еңбек шарттары алдын-ала мiндеттi медициналық тексеруден кейiн ғана жасалады. Одан әрi қызметкерлер он сегiз жасқа толғанға дейiн жыл сайын мiндеттi медициналық тек­серуден өтуге тиiс.

– Астана қаласы жұмысшыларының түрлі құқықбұзушылықтарға тап болса, алдымен сіздерге хабарласаты­ны белгілі. Айтыңызшы, бүгінгі таңда жұмыс берушілер тара­пынан қандай заң бұзушылықтар көп кездеседі?

– Астана қаласы бойын­ша Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің еңбек қатынастарын реттеу саласындағы құзыреттерінің бірі – Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасы-ның, еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi талаптардың сақталуына мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру. Қазіргі таңда жұмыс берушілердің жалақы төлеудің тәртібі мен мерзімдерін сақтамауының сал­дарынан Астана қаласы бойын­ша жұмыс берушілердің қызметкерлерге төленетін ай сайынғы жалақыларының уақтылы төленбеуі және еңбек шарты тоқтатылған кез­де жұмыс берушiден қызметкерге тиесiлi барлық сомаларды уақтылы төлемеуі орын алуда. Біз осындай жағдайларды бақылап, олардың орындалуын жүзеге асырып келеміз.

– Қанат Алпысбайұлы, мына­ны білгім келеді: он сегіз жасқа толмаған балалар заң бойынша қанша уақыт жұмыс істеуге тиіс?

– Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 181-бабы бойынша он сегіз жасқа толмаған қызметкерлер үшін жұмыс уақытының ұзақтығы әртүрлі. Мәселен, он төрт жастан он алты жасқа дейiнгi қызметкерлер үшiн жұмыс уақытының ұзақтығы аптасына 24 сағаттан аспауы керек. Ал, он алты жастан он сегiз жасқа дейiнгi қызметкерлер аптасына 36 сағаттан аспайтын жұмыстарға ғана қабылданады. Сонымен бірге бiлiм беру мекемелерiнде оқитын және оқу жылы iшiнде оқуды жұмыспен қатар алып жүретiн он төрт жастан он алты жасқа дейiнгi оқушыларға күнiне 2,5 сағат және он алты жастан он сегiз жасқа дейiнгi оқушыларға күнiне 3,5 сағат жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгiленедi.

Жалпы, Мемлекет басшы­сы «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламасы арқылы бар­ша қазақстандықтарды ел игілігі жолындағы еңбекке шақырды. Себебі, еңбек бүгінде шешуші ұлттық фактор болып табылады. Демек, кез келген қиындықты жұмыспен жеңуге болады. Биіктерді де тек қана еңбекпен бағындыра аламыз.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button