Басты ақпаратМәселе

Қарағым деп айтудан қалдық па?

1992 жылдан бері көбіміз «ов» пен «ова»-дан айырылып, құжатымызды түзеп, аты-жөнімізді қазақшалай бастадық. Алғашқыда жалпылама сипат алған оң үрдіс соңғы кезде саябырлап қалды.

Аты-жөнімізді түзетіп, «ов» пен «ова»-дан айырылғанмен, басты құжатты, яғни туу туралы куәліктен бастап түземесек, істің алға баспайтынына көзіміз жете бастады. Өйткені әсіресе ер-азаматтардың қайсысы аты, фамилиясы қайсы екенін білмей шатасып жатамыз.

Ал еліміздегі туу туралы куәлік бұрынғы үлгі бойынша толтырылып, алдымен азаматтың фамилиясын, сосын есімі, одан соң әкесінің аты жазылатын қалыптасқан калькасында қалды. Бұл – бұрынғы фамилия, аты, әкесінің аты болып келетін кеңестік кезеңдегі куәліктің көшірмесі. Сол себепті де өзгерісті дүние есігін ашқандағы алғашқы құжатынан бастау керек еді. Әзірге құжатта ескі әдетпен алдымен фамилиясы, аты, әкесінің аты жазылады. Ақырында бірізділік болмай, кімге қалай қолайлы, солай жазылып жүрген жайы бар.

Бұрынғы жолмен қалған десе болады, мектеп оқушыларының журналына атынан бұрын фамилиясы түседі. Ол бала студент атанғанда да құжаттарда фамилиясы алдына шығып, есімі соңынан ілеседі. Осылай қалыптасқан әдетпен «ов» пен «ова»-дан құтылғанмен, қазақы қалыбын таппаған соң, кімнің кім екенін білмеудің өзі қазақы қалпымыздың жолын қиындатып жатыр.

«Пәленбаевич» деп әкесінің атымен қарата сөйлеу тек орыстардың мәдениетінде бар. Қазақтың «мырзасымен» бірге орыстың ­«господині» де кеткен болатын. Орнына келген «товарищ» де жетпіс жылдан артық тұрмады. Жайшылықта «Бәке», «Мәке» десек те, ресми орындарда бастық пен қыз­меткерінің арасындағы қарым-қатынасты «Пәленбаевич» құтқарып жүр. Бұл да жаңа үлгінің аяғын шырмап тұр. Егер жаңа үлгіні таңдасақ, өткеннен қалыптасқан атасының атымен атауды да қолданыстан шығару керек. Егер оны қажет етсек, онда алғашқы үлгіге ендіре алмаймыз. Қарап отырсақ, «ов» пен «ова»-ны төлқұжаттан алып тастау мәселенің шешімі емес, бастауы сияқты.

Бірде балабақшаның тұсынан өтіп бара жатсам, тілі енді шыққан баланың тәрбие­шісіне «Жумағыз Жалқыновна» дегенін естіп таңғалдым. Қазақы әдебімізбен мұғалімді апай деуші еді, жасы үлкенді апа, туыстығы басым болса, тәте, көке, аға, тіпті оңтүстіктен келгенді де ренжітпей, әпше деп Алматы, Тараздың маңындағы жасы үлкендерді құрметпен әпке деп жөн-жолын білуші едік. Бауырым, інім, інішектің орнын «братанның» басқанына да көп болған жоқ. Соңғы отыз жылда сөздік қорға қосылған болса керек. Бозбаланың қарындас, жасы үлкеннің қалқам, қарағым деген жылы сөздері қолданыстан кетіп жатыр. Ал мұның астарында бірізділік болмай, кімнің ұлы, кімнің қызы екенімізді білмегендік жатыр деуге болады.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button