Басты ақпаратСараптама

Қаржы ахуалы қандай?

Астана қаласында қырыққа тарта ақша айырбастау орны бар екен. Міне, қазір осы жерде АҚШ доллары бір төмендеп, бір көтеріліп, тұрақсыздық танытып тұр. 2023 жылдың ақпан айымен са­лыстырғанда наурызда ұлттық валюта 10 теңгеге қымбаттады.

Теңге теңселіп тұр

Өткен 2022 жылдың соңына таман бір АҚШ доллары 500 теңгеге жетуі мүмкін деген қауесет тарап еді. Абырой болғанда, ол болжам расталмады. Жалпы алғанда, тарих қойнауына еніп кеткен сиыр жылы қаржы нарығында біраз дүрбелең туғызғанын жасыруға болмайды. Көктемде америкалық «көк қағаз» бірден 520 теңгеге шапшып шыға келді. Рас, көп кешікпей қызуы басылғанмен, жыл соңына дейін 460-480 теңге бағамынан айылын жиған жоқ. Алайда сарапшылар мұның өзі теңгенің тұрақтануының белгісі деп үлкен үміт артып отыр.

«Теңгенің осы халіне ­қуану керек. Қазір бүкіл әлем бойын­ша қаржы дағдарысының қаупі сейілмей тұр. Соған қарамастан, Қазақстаннан шетке ақша капиталының шығарылуына тосқауыл қо­йылуы еліміздегі мұнайдан түсетін табыстың бақылауға алынуы теңгенің аз да болса өз бағамын нығайтуына септігін тигізді. Инфляция өткен жылдың қараша айын­да 19,6 пайыз болды. Ал сарапшылар 2023 жылы ақшаның құнсыздануы 14,3 пайыздан аспауы керек деп отыр. Бірақ биыл база мөлшерлемесі төмендейді деп үміттеуге негіз жоқ. Қайта 16-дан 17,5 пайызға дейін көтерілуі мүмкін. Мұнайға баға өскенмен, ол экономикаға онша әсер ете қоймайды. Ал Қазақстанның жалпы ішкі өнім көлемі 2023 жылы 2,5-нан 2,8 пайызға дейін өседі деп күтілуде» дейді Esperio қаржы компаниясының сарапшысы Жандар Мұратов.

Реттеу тетіктері мардымсыз

Астана қаласында жүргізілген сауалнама тұрғындардың көбі бағаның шарықтап өсуіне қатты алаңдайтынын байқатты. Бұрын ай са­йын 8-10 пайыз қосылғанына көз үйреніп кеткенмен, өткен жылдың аяғындағы инфляцияның ресми түрде 20,3 пайызға өсіп, ал халық тұтынатын тауарлар мен азық-түлік бағасының апта сайын көтерілуі көпшіліктің заңды наразылығын туғызып отыр. Статистика бойынша отбасы бюджетінің 54,8-55,7 пайызы тек азық-түлікке кететіні айқындалды. Үкімет оны ауыздықтауға қанша тырысқанмен, әзірге нақты нәтиже болмай тұр. Ал осы инфляцияны ауыздықтап, бағаны тұрақтандыруға бірден-бір жауапты – Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі.

Банк төрағасы Ғалымжан Пирматовтың айтуынша, 2023 жылдың ақпан айында жылдық инфляция 21,3 пайызға азайыпты. Енді оны одан да төмендету мүмкіндігін қарастыруда. Оған жүргізіліп отырған ақша-кредит саясатының арқасында қол жеткізіліп келеді. Енді ­сыртқы инфляцияны азайтып, логистика тізбегін мақсатты пайдалана білу керек болып отыр. Дегенмен сарапшылардың бағамдауынша, бағаны ауыздықтамай, мұның бәрі тек сөз жүзінде айтылып қала беретін құр уәде болайын деп тұр.

«Бұл тұрғыда Ұлттық банкке айтылар сын да көп, қойылар сұрақ та аз емес. Соның ең бастысы – нарық экономикасы жағдайында бағаны реттеу мәселесі. Ақшаның құнсыздануына алып келетін басты себеп – нарыққа тауар мен қызметтен гөрі артық ақша ағынының құйылуы. Міне, осы жердегі тепе-теңдікті реттеп отыратын – Ұлттық банк. Бірақ осы бірінші деңгейдегі банк қажетті тетіктерді нақты іске қоса алмай келеді» дейді қаржыгер Данияр Әлментаев.

«Біріншіден, Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерді кредиттейтін басты банк ретінде база мөлшерлемесін көтеруге жол бермеуі керек. «Өндірісті ұлғайтамыз, нарықты тауармен, қызметпен толықтырамыз» деп екінші деңгейлі банктерге мөлшерлемесі жоғары ақша бере беру неге апарып соқтырғанын көріп отырмыз.

Екіншіден, ақшаның құнсыздануын тежеу тетігі бар екенін естен шығармаған жөн. Дәлірек айтсақ, ол – кредит белсенділігін азайту, екінші деңгейлі банктердің активтерін шегере тұру. Түптеп келгенде, ол коммерциялық банктердің бас банктегі қаржы-қаражатын тоқтата тұрып немесе бағалы қағаздарын сату арқылы жүзеге асырылады. Міне, осындай автомобильдің газы мен тежегіші сияқты қос басқышты сауатты реттеп отырмаса, ақша қаражаты ағынын тоқтату өте қиынға соғады.

Қазір біздегі өндіріске дем беретін монетарлық реттеу тетігі іске қосылмай қалды. Тек қосымша тетіктер ғана болар-болмас жұмыс істеп тұр. Неге десеңіз, Қазақстанның Ұлттық банкі өзінің кредиттік әлеуетін қолымен байлап тас­тап, бас ұлттық кредитордан бас ұлттық қарыз берушіге айналып бара жатыр. Мәселен, 2022 жылдың 30 желтоқсанындағы мәлімет бойынша Ұлттық банк теңгерімінде 3,75 триллион теңге болды. Одан өзінің 2,2 триллион қарыздық міндеттемесін алып тастасаңыз, қалғаны – коммерциялық банктердің депозиттері мен есепшоттарындағы ақша қаражаты. Міне, осы жерде көтеріңкі базалық мөлшерлеме жұмыс істей бастайды. Содан келіп Ұлттық банк екінші деңгейлі банк кредиторларына жасанды «кірістерін» төлей бастайды. Ол дегеніңіз – ешқандай өнім өндірмей-ақ жылына 600-700 миллиард теңге табыс табу деген сөз. Коммерциялық банктер пайдаланған бұл миллиардтар тұтынушылық кредиттер немесе тұтынушылық нарықтағы ақша айналымы болып, Қазақстандағы бағаның өсуіне алып келіп жатыр. Осы тұрғыда Ұлттық банкке тізгінді қолға алатын кез келді» дейді қаржыгер-сарапшы.

Цифрлы теңге

Қазір елімізде түйткілді тұтынушы кредитінің көлемі бес жүз миллиард теңгеден асып кетті. Адамдар оны төлей алмағандықтан жаңадан несие алып, бұрынғы қарызын жабуға мәжбүр болып отыр. Esperio компаниясының қаржы сарапшысы Нұрбек Ысқақовтың айтуынша, еліміздегі Ұлттық банктің тап осындай ұстанып отырған қаржы саясаты тұрғанда бұған онша таңғалудың реті жоқ екен. Тұтынушы несиесін беру – бұл капитализмнің негізін қалаушы мүмкіндіктің бірі. Мұндай жағдайда кредит немесе макроэкономикалық циклдің инфляцияға әсері үлкен болатынын, соның арқасында пайыз мөлшерлемесі өсетіні – заңдылық. Ал бұл қарыз алушы бұқараның қалтасына өте ауыр тиетіні сөзсіз. Содан келіп дағдарыс туындады. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң қабылдау қажеттігін айтты. Көп кешікпей ол заң да дайын болды. Алайда көпшілік асыға күткен бұл құжат мәселені түпкілікті шешпеді.

Тек наурыздың 3-і мен 13-і аралығында өзін соттан тыс банкрот деп тану үшін 13 мың адам өтініш беріпті. Бірақ олардың мойнындағы банктің алдындағы қарызы таяу жылдарда алынбайтын болды. Тек уақыттың ағымына қарай өтеу мерзімі ұзарып, кей жағдайда жеңілдейді.

Кейінгі кезде елімізде АҚШ доллары он-он бес теңгеге арзандады дедік. «Бірақ бұл уақытша құбылыс. Үкімет пен Ұлттық банк бағаны тұрақтандыру үшін мүмкіндіктерді қарастыруда. Соның арқасында ақшаның құнсыздануы өткен жылға қарағанда аз да болса бәсеңдеді. Биыл экономиканың өсімін мұнай бағасы айқындайды» дейді экономист Жасұлан Ерболат.

Ал сонда бұл инфляцияны ауыздықтаудың жолы қайсы?

«Қазір Ұлттық банк бюджетті цифрлы теңгеге көшіруді ұсынып отыр. Егер жоба жүзеге асса, Қазақстан әлемде өз валютасын сандық негізге көшірген алғашқы елдің бірі боп қалмақшы. Бұл қағаз ақша жойылып кетеді деген сөз емес. Ол қатар қолданылады. Алайда елдегі ақша тасқынын тежеу үшін осындай киберформатқа барудан басқа жол қалмай тұрғандай» дейді экономист.

«Цифрлы теңге – бұл Қазақстандағы ақшаның жаңа түрі. Оны енгізу, ұлттық төлем қабілеті жүйесін дамытумен қатар, теңгенің нығаюына да септігін тигізуі мүмкін» дейді сарапшы мамандар. Оны іске қосу – қаржыгерлер мен Ұлттық банк мамандарының терең, жан-жақты ойласатын мәселесі. Оған біз алдағы уақытта тоқталамыз.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button