Басты ақпаратСаясат

Қауіпсіз Азияның келешегі қандай?

Қазақстан Президенті АӨСШК Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысып жатқан делегация басшыларымен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК Сыртқы істер министрлерінің 6-кеңесінің жұмысына қатысып отырған делегация басшыларымен кездесу өткізді. Жиынға Бахрейн, Беларусь, Үндістан, Қатар, Қыр­ғызстан, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан, Түрікменстан елдерінің Сыртқы істер министрлері, Израильдің Туризм министрі, сондай-ақ 5 халықаралық ұйым мен 15 мемлекеттің дипломатиялық миссиясының басшылары қатысты.

[smartslider3 slider=255]

Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес өткізуге Қазақстанның бастамашы болғанын және Кеңестің географиялық аясы мен күн тәртібінің ауқымы кеңейген құрлықтық платформаға айналғанын атап өтті. Президенттің пікірінше, қазіргі таңда бейбітшілікті қолдау, ынтымақтастық орнату және даму мүддесі тұрғысынан Азия елдерінің ұжымдық күш-жігері мен даналығын үйлестіру үшін Кеңестің әлеуеті зор.
Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК-ке мүше мемлекеттердің бәріне және Кеңес хатшылығына Қазақстанның төрағалығы аясында жасалған өзара табысты іс-қимылдары үшін ризашылығын білдірді. – Өздеріңізге мәлім, біз АӨСШК-ті толыққанды халықаралық ұйымға айналдырудың стратегиялық мақсаттарына негізделген бірқатар маңызды басымдықтарды айқындадық. Кеңестің халықаралық ұйымға қажетті барлық элементтері, атап айтқанда, негізгі құжаттары, басқарушы және жұмыс органдары, оперативтік бюджеті мен тұрақты хатшылығы бар. Ұсынылып отырған трансформация Азияның жаһандық істерді реттеу­дегі жаңа рөлін айқын көрсетеді. Бұл қадам Кеңеске мүше мемлекеттердің ірі құрлықтағы ортақ, бірыңғай және тұтас қауіпсіздіктің архитектурасын қалыптастыруға бейілді екенін нақтылайды, – деді Қазақстан Президенті.
Қ.Тоқаев Кеңеске мүше елдерге келесі бастамаларды қолдауды ұсынды.
– Біріншіден, Ғұламалар кеңесінің басшысы лауазымына АӨСШК-тің негізін қалаушы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын ұсыну – мен үшін үлкен мәртебе. Екіншіден, 2022-2024 жылдары АӨСШК төрағалығына Қазақстанды ұсынамын. Еліміздің кандидатурасы мақұлданған жағдайда Кеңестің игі миссиясын орындау үшін ұжымдық күш-жігерді нығайту жолында жаңа мандатты пайдалануға міндеттеме аламыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент өз сөзінде құбылмалы стратегиялық жағдайда Азия құрлығы геосаяси күрестің басты алаңына айналып отырғанын айтты. –  Бірыңғай және сындарлы тәсіл ұсынып, өзімізге зор жауапкершілік пен міндет жүктеген жағдайда Азия XXI ғасырдың көшбасшысы болатынына сенімдімін. Бұл ретте, АӨСШК Азиядағы қауіпсіздіктің, ынтымақтастық пен ортақ өркендеудің нысанын қалыптастыра алатын бірыңғай форумға айналады деген үміттеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті алдағы жылдары АӨСШК мән беруге тиісті бірқатар өзекті міндеттерді атап өтті. Қасым-Жомарт ­Тоқаевтың айтуынша, Кеңестің негізгі міндеті өзара сенімді күшейтуге және жанжалдардың алдын алуға бағытталған. Президент сенімді күшейту шараларының жаңартылған Каталогын әзірлеу жөніндегі жұмыстың сәтті орындалғанын атап өтті. Бұл құжат эпидемиологиялық қауіпсіздік, қоғамдық денсаулық және фармацевтика, ақпараттық технологиялар, терроризммен күрес сынды ынтымақтастықтың жаңа салаларын қамтиды.
Мемлекет басшысы Ауғанстандағы және оған қатысты қазіргі қалыптасқан жағдайды екінші өзекті мәселе ретінде атап өтті. – Орталық Азияның бес мемлекеті Ауғанстанның қалыпты жағдайға оралуына аса мүдделі. Қазақстанның ұстанымы айқын. Бізге Азиядағы Үлкен ойын емес, Үлкен пайда қажет, – деді Президент. Мемлекет басшысының айтуынша, созылмалы пандемия жағдайында вакциналардың барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ Қазақстан QazVac вакцинасы арқылы жалпыға ортақ денсаулық сақтау жүйесіне қомақты үлес қосуға ниетті екенін айтты. Мемлекет басшысы Кеңестегі әріптестерін эпидемиологиялық қауіпсіздік жөніндегі жаңа сенім шаралары аясында ұжымдық күш-жігерді жандандыруға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пандемия Азияның әлемдегі орнын бекемдеп алуына жаңа мүмкіндіктер беретін сындарлы сәт болуы да мүмкін екенін айтты. – Қазірдің өзінде біздің аймақ ғаламдық тартылыс күшіне айналды. Мұнда әлем халқының 60 пайызы, тұтынушылық қабілеті бар өлшеммен алғанда, әлемдік ІЖӨ 40 пайызы осында шоғырланған. Осы құрлықта өте қуатты Еуразиялық экономикалық одақ, Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің қауымдас­тығы, Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы және жан-жақты аймақтық экономикалық әріптестік ұйымдары жұмыс істейді. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске мүше елдер экономикасының орнықтылығын нығайту үшін жоғарыда аталған ұйымдармен ынтымақтастық мәселесіне ерекше көңіл бөлген жөн деп ойлаймын, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы Қазақстанда өтетін АӨСШК-тің 6-саммитінің маңыздылығына ерекше мән берді. Президенттің айтуынша, саммит «Жаңа әлемдегі жаңа Азия» бағдарын айқындауға арналған. Мемлекет басшысы аталған іс-шараға зор мән беретінін атап өтіп, Кеңеске мүше елдердің басшыларын оның жұмысына белсенді атсалысуға шақырды.
 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button