Басты ақпаратҚала тіршілігі

Қоғамдық көліктің жолақысы көтеріле ме?

Жуырда өткен Астана қаласы мәслихатының тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында шаһардың 2017 жылғы бюджетінің орындалуы қызу талқыланды. Бұл мәселе бейсенбі күні мәслихаттың кезектен тыс сессиясының күн тәртібіне шығарылды. Сессияға қала әкімінің орынбасары Асқар Амрин қатысып, бюджеттің орындалмауының себептерін түсіндірді.

«Бюджеттің орындалуында олқылықтар бары рас. Оның әртүрлі себептері анықталып отыр. Бі­ріншіден, тиісті орындар қаржыны игеру кестесінен қалып қояды. Бұл кестені бағдарламалар әкімшісі бақылауы тиіс. Ауа райы­ның қолайсыздығы жұ­мыс­тарды уақытында жүр­­­гізуге кедергі келтіреді. Мысалы, биыл көктем кеш шықты. Ал бізде жыл сайын құрылыс маусымы сәуір туысымен, кейде наурыз айларында басталатын. Осы жылы құрылысшылар мен жол салушылар жұмыстарына 20 сәуірден кейін ғана кірісті. Жылда қаржыландыру жоспары наурыз-сәуір айларында бекітіліп, ақша бөліне бастайды. Жақында ғана жол салушылармен сөйлестік. Олар сәуір жаңбырлы болып, тиісті жұмыстар біраз кейінге шегерілгенін айтты. Сәйкесінше, бөлінген ақша да жатып қалды» деді А.Амрин.
Оның айтуынша, қаржыны игермеген басқармалар түсініктеме жазды. 1 маусымға дейін тағы осындай жағдай орын алса, басқармалардың басшылығы жауапкершілікке тартылады.
Астана қаласы Тексеру комиссиясының мүшесі Ғалым Құрман өткен жылдың қорытындысында бюджеттің орындалуы бойынша құқық қорғау органдарына шешім қабылдау үшін 4 материал жіберілгенін, 9 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке, бұған қоса 48 лауазымды және заңды тұлға 8,1 млн теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын жеткізді.
«Бюджетте 47 млрд теңге кө­лемінде дебиторлық қарыз бар. Бұл жалпы қаланың жылдық бюджетінің 10 пайызынан асады. Осыншама қаржы мекемелердің есепшоттарында жатыр. Арасында 2004 жылдан бері келе жатқан қарыздар бар. Жылда осы мәселені көтереміз. Қарызы бар мекемелер жағдайды жөндейміз, ендігі жылы мұндай болмайды деп уә­де береді. Бірақ уәделерін орындамайды. Енді нақты шара қолданбасақ болмайды. Менің ұсынысым: Әділет министрлігіне тиіс­ті шара қолдану туралы хат жазайық» деді мәсли­хат депутаты Ақылбек Күрішбаев.
Қалалық мәслихаттың бюджет, экономика, өнер­кәсіп және кәсіпкер­лік мәселелері жөніндегі тұ­рақты комиссия төр­ағасы Мирас Шекенов аталмыш комиссия бюджетке қатысты анық­талған ол­қы­лықтарды бақылауда ұс­тай­тынын, әр фактіні бөлек қарайтынын айтты.
Астана әкімінің орынбасары Асқар Амрин сессия барысында қазіргі таңда әкімдікте қоғамдық көлік жолақысының шекті тарифі талқыланып жатқанын жеткізді.
«Тиісті комиссияның ұсыныстарында көрсеткіштерді әзірлеу сапасына, ақшаның құнсыздану мәселесіне назар аудару туралы жазылған. Комиссияда бұл мәселені талқылап, шекті тариф 198,8 теңге болу керек деп шештік. Комиссия мүшелері арасында қалалық мәслихаттың депутаттары да бар. Қоғамдық көлік жолақысы әлі қоғамдық кеңесте, басқа отырыстарда да талқыланады. Құрметті депутаттар! Сіздерге сайлау­шыларға жол­ақының өсуі қалай әсер ететіні, ал маған экономист ретінде инфляция деңгейіне оның әсері маңызды» деді ол.
А. Амриннің сөзінше, алдағы екі аптада бұл мәселе қоғам арасында, әлеуметтік желіде де біраз талқыланады. Себебі әкімдік тиісті шешімді шығаруға жақындап қалды.
Қалалық Құрылыс және тұр­ғын үй саясаты басқармасының басшысы Руслан Ахметов депутаттарға мемлекет мұқтаждығы үшін сатып алынатын 28 жер телімі бойынша шарттардың жобасын таныстырды. Бұл жер телімдерінде 7 нысан салынады. Атап айтсақ,
Ш. Де Голль көшесі, Ә. Мол­да­ғұлова көшесіндегі №19-21 үйлер аумағында гүлбақ, Сарыарқа даңғы­лындағы №27 үй маңайында гүлбақ, №64 мектеп-лицейге және №31 гим­на­­зияға қосымша ғимарат­тар, оңтүстік-батыс айналма жолы салынып, С. Сейфуллин-Ж.Омаров Сыр­дария көшелеріндегі 900 орынға арналған мектептің территориясы кеңейтіледі.
Мәслихат депуттары Ас­тана қаласы ІІД Жергілікті полиция қызметінің бас­ығы Бақытжан Малыбаев Есіл ауданы ІІД Жергілікті полиция қызметінің бас­тығы Серік Әбутәліповті лауазымынан босату туралы ұсынысын қолдады.
Б. Малыбаевтың айтуынша, Б. Әбутәліпов өткен жылы 4 жемқорлық қылмыс пен 1 төтенше жағдайға, биыл тағы 1 жемқорлық қылмыс­қа жол берген.
Қалалық мәслихат хатшысы Жанат Нұрпейісов Тексеру комиссиясының төрағасы Ғалымжан Молдаш қызметінен өз еркімен босатуды сұрағанын жеткізді. Депутаттар мұны да мақұлдады.

БҰЛ – ШАРТТЫ БАҒА

Бекмырза ИГЕНБЕРДИНОВ, «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы:

– Астанада қоғамдық көлік жолақысының сараланған тарифі енгізілмек. Әзірге электронды көлік картасымен жүретіндерге тариф – 120 теңге, ал қолма-қол төлейтіндерге 170-200 теңге белгіленіп отыр. Бұл – шартты баға. Өзіндік құн мен нақты тариф арасындағы айырмашылықты жабу тасымалдаушыларға субсидия бөлу арқылы көзделіп отыр. Бірақ олардан сервисті жақсартуды, жолаушылардың авто­бустарды күту уақытын қысқартуды, басқа да индикаторлар бойынша дамуды талап етеміз. Ұсынысымызды алда қалалық қоғамдық кеңестің, қалалық мәслихаттың, сарапшылық кеңестердің талқылауына шығарамыз. Тариф содан соң ғана бекітіледі. Жаздың ішінде мәселе шешілуі тиіс.
Жолақы көтерілуінің бірнеше себебі бар. Бұған дизельдік отын бағасының 40 пайызға, қажетті құрал-саймандардың бағасы жолақы 90 теңге болып бекітілген 2014 жылмен салыстырғанда 1,5-2 есеге қымбаттауы әсер етіп отыр. Автобус парктері қызметкерлерінің жалақысын да көтеру керек. Қазіргі тарифпен бұл мүмкін емес.

ТҰРҒЫНДАР МҮДДЕСІН ОЙЛАЙМЫЗ

Мирас ШЕКЕНОВ, Астана қаласы мәслихатының депутаты:

– Жолаушыларды тасымалдау­шылар тарифті не үшін көтеретінін дәлелдеп, шығындарын көрсетуі тиіс. Біз өз тарапымыздан мұны тексереміз. Бірақ бізге балансты сақтау керек. Тарифтің көтерілмегеніне біраз болғаны белгілі. 90 теңге тарифі бекітілгенде де біраз пікірталас туды. Ол уақытта 150-170 теңгеге дейін көтеру туралы ұсыныстар айтылды.
Әрине, біз қаламыздың тұрғындарының мүддесін қорғауға тырысамыз. Атқарушы орган да жолақы, дизельдік отынның қымбаттауы, басқа да факторлар арасында баланс іздеуге мәжбүр. Бірақ біз бірінші орынға тұрғындардың мүддесін қоямыз. Сонда да өмір мен экономика бір орында тұрмағанынын, онда әртүрлі үдерістер жүріп жатқанын түсінуіміз керек.

ЕЛДІҢ ПІКІРІ ЕСКЕРІЛЕДІ

Ирина МАНЖАНОВА, Астана қаласы мәслихатының депутаты:

– Қоғамдық көліктегі жолақы бағасының қайта қаралғаны дұрыс. Бұл шын мәнінде қажет, себебі соңғы бірнеше жыл көлемінде тариф өзгерген жоқ. Осы мәселені бір жыл көлемінде өзім мүшесі болып отырған арнайы комиссия жан-жақты қарады. Біз әлі де бюджеттің мүмкіндігін, автопарктер мұқтаждықтарын, халықтың жағдайын зерттеп жатырмыз.
Қазір есептік тариф талқыланып жатыр. Бұл тариф қала бюджетінен бөлінуі тиіс субсидия сомасын анықтау кезінде негізге алынады. Жолаушылар нақты осы соманы төлейді деп ойламау керек. Әрине, нақты тариф бекітілгенде халықтың пікірі міндетті түрде ескеріледі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button