ӘлеуметРухани жаңғыру

Өнегелі отбасы өрісі

Бейсенбі күні Оқушылар сарайында қалалық «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының жеңімпаздары марапатталды.

Бұл тамаша байқау Елбасы­ның бастамасымен осыдан бес жыл бұрын қолға алынған болатын. Содан бері сайыс барлық өңірде өтетін дәстүрге айналды. Айтулы шараның бабадан жалғасқан отбасылық құндылықтың қадірін ардақ­тау­ға қосар үлесі мол.
Биылғы байқауға елордадан 51 отбасы бақ сынады. Олардың қатарында көп балалы отбасылар, дәрігерлер, ұстаздар, өнерпаздар, спортшылар, әскерилер және кәсіпкерлер әулеті болды. Жүлдегерлерді арнайы комиссия мүшелері анықтады. Конкурстың қоры­тындысы бойынша үшінші орын екі отбасыға берілді. Олар – Өтеуілевтер және Үдербаевтар. Жұртшылыққа Өтеуілев деген фамилия жақсы таныс. Бұл – бас шаһардағы Қ.Қуа­нышбаев атындағы қазақ
театрының белді актері Нүркен Өтеуілевтің әулеті. Оның за­йыбы Айнұр да тамаша ак­триса. Екеуі де Қаллеки театрында жұмыс істейді. Олардың Бейбарыс, Ақарыс деген өнерлі екі ұлы бар. Кино саласына талпынып жүрген жеткіншектер. Қазірдің өзінде Ақарыс кинотеатрлардағы мультфильмдерге қазақша
дубляж жасайды. Ал Үдербаевтар шаңырағының отағасы ­– әскери саланың маманы. Тәртіпті жақсы көреді. Жұбайы екеуі – ұл мен қыз өсіріп отыр­ған берекелі әулет.
Екінші орынды ұстаздық жолды мұрат еткен Смайылов­тар мен көп балалы Айтқалиевтер отбасы иеленді. Бұл қос әулетке алғыс хат пен ақшалы сертификатты қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов тапсырды.
Ал байқаудың бас жүлдесін әскери отбасы Бауберіковтер мен дәрігерлер әулеті Ерекешевтер жеңіп алды.
Құдай берген төрт бала тәрбиелеп отырған Ғани және Әсел Бауберіковтер – әскери мамандар. Шаңырақтың отағасы Ғани Ресейде үш жыл оқуға барғанда өзімен бірге отбасын алып кеткен екен. Балалары Мәскеудегі мектепте білім алған. Сонда жүрген­де қатарластарынан озық шы­ғып, «Ресей білгіштері» са­йы­сында топ жарған. Қазір де ол жеткіншектердің оқу олимпиадаларынан қанжығалары бос қайтқан емес. Бауберіковтермен бірге байқауда асығы алшысынан түскен Ерекешевтер әулетінің тірегі Асылбек – шаһардағы №1 перинаталдық орталықтың хирургы. Жұбайы Манира да ақ халатты абзал жан. Екеуі Алматыдағы медицина университеті қабырғасында танысып, отау құрған. Олардың үлкен ұлы Аян бүгінде әке-шешесінің жолын қуып, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде оқиды. Бұл жеңімпаз отбасыларға алғыс хат пен қаржылай сертификатты Парламент Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл
табыс етті.
Үздік шыққан екі отбасы қыркүйек айында өтетін рес­пуб­ликалық конкурсқа жолдама алды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button