Басты ақпаратҚала тіршілігі

Қосымша қаржы қайда жұмсалады?

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастама» үндеуінде атап көрсетілген тапсырмаларды орындау, Астананың әр тұрғыны мен әр отбасының өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында қаланың 2018-2020 жылдарға арналған бюджетіне өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, бірқатар басқармаларға қосымша қаржы бөлінбек. Қалалық қоғамдық кеңес отырысында осы мәселе қаралып, мақұлданды.

БЮДЖЕТ КІРІСІ  АРТТЫ

Бюджеттегі өзгерістермен Стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы
Айжан Түгелбаева таныстырды. Оның айтуынша, жыл басынан бері қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң нәтижелер байқалды. Соның арқасында қаңтар-ақпан айларында бюджет кірісі 6 млрд 72 теңгеге артты. Жалпы, аталмыш мерзімде қала бюджетіне 34 млрд 608 млн теңге түскен. Сондықтан шығыстар көлемін 10 млрд 400 млн теңгеге ұлғайту ұсынылды.
Бұл қосымша қаржы аулаларды абаттандыруға, тұрғын алаптарды абаттандыру мен көгалдандыруға, жарықтандыруға, санитарлық тазалықты сақтауға, ескі және апатты үйлерді ысыруға бағытталады.

БАСПАНА КӨБЕЙЕДІ

«Халықты қолжетімді баспанамен қамтуға 872,9 млн теңге жоспарланып отыр. Соның ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 700 млн теңге қарастырылды. Аталмыш бағдарламаға сәйкес биыл200-ге тарта пәтерді пайдала­нуға беру көзделуде. «Қолже­тімді баспана-2020» бағдарламасы аясында әлеуметтік әлсіз топтарға арналған 100 пәтер салынады. 800 орынға арналған кәсіптік мектептің құрылысы жалғасады. Оған 300 млн теңге қарастырылды» деді А.Түгелбаева.
Бұған қоса, жолдардың құрылысын жалғастыруға, қоғамдық көлік қызметінің сапасын жақсартуға, жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын дамытуға қаржы бөлінеді. Баяндамашының сөзінше, жол-көлік оқиғаларының 27 пайызы жаяу жүргіншілер өткелдерінде орын алады. Сол себептен бюджеттік комиссия 50 бағдаршамның орнатылуын және олардың интеллектуалды көлік жүйесіне қосылуын мақұлдаған.
Білім басқармасына да қосымша қаржы бөлінеді. Соның ішінде апатты жағдайдағы №8 орта мектепті күрделі жөндеуге 300 млн теңге бөлу жоспарланып қойды. Медицинаға, атап айтсақ, «А» вирусты гепатитке қарсы вакцинаны сатып алуға бюджет қаржысы қарастырылды.
«2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасына қатысушылар саны көбейгендіктен, 500 адамға тапсырыс ұлғайтылып, қосымша 157,3 млн теңге бөлінбек. Мүмкіндігі шектеулі жандардың мұқтаждықтарына шығыстар 387,7 млн теңгеге арттырылды.

ҚАЛА ГАЗДЫ ҚАБЫЛДАУҒА ДАЙЫН БОЛУЫ КЕРЕК

Қоғамдық кеңес мүшесі Төлеген Қуанышев оңтүстік-шығыс аумағындағы жолдардың құрылысы мен Астанаға газ тарту мәселесі туралы сұрады.
«Өткен жылдың желтоқса­нында бюджет қаралғанда оңтүстік-шығыс аумағындағы Дегерес, Қозыбасы, Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс көшелеріндегі жолдардың құрылысын аяқтау жөнінде мәселе көтеріп едім. Сол маңайда қазір мешіттің құрылысы жүріп жатыр. Бұл мешіт пайдалануға берілгенде, жүруге жол қалмайды. Желтоқсанда бюджетті таныс­тырған баяндамашы бюджет қайта қаралғанда бұл мәселе ескерілетінін, бірақ оның алдында құрылысы басталған және жалғасып жатқан жолдардың аудитін жасау керектігін айтты. Сіздің баяндамаңыз­да жол инфрақұрылымына бөлінген қаржы туралы айтылды, бірақ аталған көшелер туралы ештеңе естімедім» деді Т.Қуанышев. Бұған мардымды жауап берілмеді.
Сондай-ақ, Төлеген Шаңғытбайұлы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Астанаға газ тартылатынын, Энергетика министрі оның келу мерзімін айқындағанын, 2019 жылдың желтоқсанында көгілдір отын елордаға жеткізілу тиістілігін еске алып, бұл бағыттағы жұмыстардың жайын білгісі келді.
«Мемлекет басшысының «Бес әлеуметтік бастама» үндеуінің бесінші бағытында Астананы газдандыру туралы айтылды. Бюджетті ағымдағы нақтылау кезінде газ тартуға арналған техникалық-экономикалық негіздемені аяқтауға 1,2 млн теңге қарастырылды. Бұл мәселемен Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы айналысып отыр. Бұған қоса, бу қондырғысын орнату жобасын әзірлеуге 60 млн теңге қарастырылып отыр» деді А.Түгелбаева.
Қоғамдық кеңес төрағасы Сансызбай Есілов келесі жылы газды қабылдайтын магис­тральді желілер жобасы дайын болу керектігіне, бұған аз қаржы бөлінбейтінін, бір жыл ішінде жауапты мекеме барлық желілерді салуға үлгере алмау мүмкіндігіне, бұл жұмыс кезең-кезеңге бөліну қажеттігіне назар аударды.
Бұған Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының өкілі қазір «Қазмұнайгаз» компаниясымен келіссөздер жүріп жатқанын, бұл желілер аталмыш компания есебінен салыну ықтималдығын, қазір техникалық-экономикалық негіздеме әзірлену үстінде екенін айтты.
Қоғамдық кеңес мүшелері ұлттық пантеон мен жаңа зираттың құрылысы туралы да сұрады. А.Түгелбаева пантеонға республикалық бюджетте 596 млн теңге қарастырылғанын, сондықтан жергілікті бюджетте оған қаралған қаржы өзге маңызды жобаларға таратылып бөлінгенін жеткізді.

БАЛАБАҚША ТӨЛЕМІ БІРДЕЙ БОЛАДЫ

Қоғамдық кеңес отырысында Білім басқармасы басшысының орынбасары Дулат Жекебаев мемлекеттік және жекеменшік балабақшаларға ата-аналар төлемі бірдей болатынын, яғни қосымша қызметтерді есептемегенде 16800 теңге белгіленіп отырғанын айтты. Оның сөзінше, тиісті қаулы әділет органдарында тіркеліп, аудан әкімдіктеріне бұл жаңалық хабарланады.
Кеңес мүшелері балабақша кезегінде тұрған балдырғандардың саны, балаларды мектепалды даярлықпен қамту туралы сұрады. «Қазір 26 мың балабалабақша кезегінде тұр. Балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші оң нәтижені көрсетіп отыр. 2016 жылы бұл көрсеткіш 74 пайызды құраса,
өткен жылдың аяғында 78 пайызға жетті. Қазіргі таңда 81 пайызды құрап отыр. Биыл бұл көрсеткішті 90 пайызға жеткізуді мақсат етіп отырмыз» деді Д.Жекебаев.
Түптеп айтқанда, Астана қа­ласында білім беру саласын жетілдіруге бағытталған кешенді іс-шаралар қолға алынып отыр. Биыл салынатын және алдағы жылдары пайдалануға берілетін жоспарлан­ған нысандарды қаржылай тұрғыдан қолдау толықтай шешілген.
Қоғамдық кеңес мүшесі Николай Мещеряков бұл жағ­дайда, әсіресе, жекеменшік балабақшалардағы сапаны ұмытпай, бақылауда ұстау керектігіне назар аударды.
Сансызбай Есілов Кемероводағы қайғылы жағдайға байланысты балалардың қауіпсіздігін күшейту қажеттігін айтты.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button