Мәдениет

Өнерпаз өрендер

Бас қалада XII халықаралық «Ақ көгершін» балалар шығармашылығына арналған фестиваль дүбірлеп өтті. Бұл шара елорданың 20 жылдық мерейтойына арналды.

Үш күнге созылған дүбірлі додаға еліміздің әр түкпірінен дарынды балалар келді. Сондай-ақ, алыстан ат терлетіп жеткен Ресей мен Қырғызстанның талантты жеткіншектері де бақ сынады. Қысқасы, фестивальда 5-17 жас аралығындағы 1000-нан аса өнерпаз өрендер қатысты. Байқау балалардың жас аралығына қарай 8 аталымға бөлінген. Мәселен, вокал, би өнері, театр, халықтық өнер, көркем сөз секілді номинациялар бар.
«Бұл шара 2007 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Биыл он екінші мәрте өтіп отыр. Басты мақсатымыз – жас жеткіншектерді өнерге баулып, жаңа есімдер ашу. Бұл ойымыз орындалды. Қазір «Ақ көгершіннен» ұшқан жас таланттар Германия, Испания, Чехия, Корея, Ресейде лауреат атанып үлгерді. Бұған біз қатты қуанамыз» деді «Ақ көгершін» балалар қорының директоры Тамара Ескенова.
Фестиваль өте қызықты әрі тартысты болды. Балалардың өнері бірінен-бірі өтеді. Оларды сарапқа салған қазыларға да оңай тимеді. Алайда бәйгенің аты – бәйге. Шын жүйріктер мәреден қара үзіп келетіні анық. «Хореография» номинациясындағы үш топ бойынша Қазақстан, Ресей және Қырғызстанның бишілері бас жүлдеге қол жеткізді. Ал «халықтық өнер» аталымында Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданынан келген «Жас толқын» балалар ансамбльі гран-приді жеңіп алды. Ал Алматы қаласының №3 оқушылар үйі жанында «Дала сазы» оркестрі ұлттық аспаптар сайысында бірінші орынға ие болды. Басқа да аталымдар бойынша жеңімпаздар анықталды. Бір сөзбен айтқанда, жүлдегерлердің бәрі бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button