Басты ақпаратЖаңалықтарМәдениетРуханият

Құт қонған қазақ үй

Әз-Наурыз – түбі бір түркілердің ортақ мейрамы. Ежелгі жұрттың байланысы ұлттық салт-санасы мен тұрмыс-тіршілігінде көрініс тауып, мәдениетімен біте қайнасады. Бізді біріктіретін ортақ үй де бар. Ол – Ұлыс тойының сәніне айналған киіз үй. Бабамыздың баспанасы қазақ тарихының таңбасы іспетті. Ендеше, оқырман, бізбен бірге киіз үйдің ақ босағасына еңкейіп кіріп, төріне шығуға шақырамыз.  

Наурыздың басты нышаны

Наурыздың басты нышаны

Жылда Наурыз мерекесі еліміздің барлық аймағында кеңінен тойланады. Орталық алаңда қаз-қатар киіз үйлер тігіліп, бауырсақ пен наурыз көже пісіріліп, шұбат, қымыз сапырылып, самаурын қайнап бір жасап қаламыз. Жиналған жұртшылық бірге ән айтып, би билеп, алтыбақан тебеді. Білекті жігіттер өзара кү­ре­сіп, көкпар тартады. Жас­тар жасамысына сәлемін, қарт­тары ұрпағына батасын береді. Осы­ның бәрі ақшаң­қан киіз үйдің айналасында болып жатады.

Киіз үй – халқымыздың ең алғашқы сәулеттік құрылысы. Бұрышсыз үй қыста да, жазда да өмір сүруге қолайлы. Жылжымалы үйде әп-сәтте көшіп-қонуға болады. Жер сілкінісіне де төтеп береді. Оның жалпы салмағы – жабдықтарымен қосқанда 300-400 келі. Кезінде киіз үйді бір түйеге артып, жаңа қонысқа көшкен.

Ежелден киіз үй жасау ата кәсібіміз болған. Киіз үйді жасау мен құру өнерін ЮНЕС­КО ұйымы мәдени мұралар тізіміне қосқан. Жәдігерімізбен то­лығырақ танысу үшін киіз үй жасайтын шеберханаға жол тарттық. Бізді өз ісінің ісмері атанған Гүлбану Ғабитқызы күлімсіреп қарсы алды. Бұл өнерінің бастауында, әрине, әке-шешесі тұр. «Оймақ» ұлт­­­тық қолөнер орталығын әкесі Ғабит Қанатбай мен ана­­­сы Бакира Сейітназар ашты.

nauryzdyng-basty-nyshany

Дегенмен, киіз үй жасаумен тегін адам айналыспайды. Бұл істі қолға алуға не түрткі болды деп сұрағанымызда, «Киіз үй – көшпелі қазақтың баспанасы еді, ал бүгінде сол заманнан бір естелік болып қалды. Күнделікті өмірде қажет емес, тек Нау­рыз ме­рекесін тойлағанда тігілетін сәнді дүние есебінде пайдаланылып жүр. Қазақтың қолөнеріне сұраныс осы Нау­рыз қарсаңында туындайды. Дәл өзіңіз секілді тілшілер де бізді мерекеде іздейді. Киіз үйдің қадыр-қасиетін жоғалт­пай, өнерді жалғастыру – менің мақсатым» деп әңгіменің ашығын айтты.

Шебердің өз жұрты да, на­ғашы жұрты да өнерден кенде емес. Негізгі мамандығы есепші, бірақ қанға сіңген қасиет өзін танытты. Қазір бала күтімінде отырып та маман шеберлік іспен айналысып жүр.

– Үйде үш баламыз, барлы­ғымыз қолөнермен айналысамыз. Ал өнерге баулып, бар білгенін үйреткен – әке-шешеміз. Бір кісінің тапсырысымен ең алғашқы киіз үйді жасап бердік те, сол бастағаннан жалғасып кетті. Қазір бар жұмысты жанұямызбен атқарамыз, – деп сөзін жалғады Гүлбану.

Наурыз мерекесіне киіз үйлерді қаладағы, ауыл-аймақ­­тағы кәсіпорындар жарысып тігіп жатады. Тапсырыс берушілердің дені сол кәсіп­орындар екен. Ал жеке адам­ның тапсырыс беруі – сирек кездесетін жағдай. Сұраныс көбінесе шетелдіктерден жиі келіп түседі. Орталық қазақ үйді Хорватия, Италия, Ресей, Қытай мемлекеттеріне жіберді.

– Қазақтың киіз үйіне қалай қызықпайсың, тұнып тұрған тәрбие, философия ғой. Ше­тел­діктер тұрмақ киіз үйге өзім қатты қызығамын, – дейді шебер қыз.

– 13 жылда ерекше талғам иесі кездесті ме?

– Әр жасалған киіз үйге ықы­­ласым ерекше. Дегенмен, АҚШ елшілігі Джордж Крол мырзаның бастауымен қазақ үйіне тапсырыс жасағаны есте қаларлық. Оны біз былтыр жазда орындадық. Он екі қанатты Хан ордасы дәл осы шеберханада жасалды. Үйдің есігінен төріне дейін таза киіз төселді. Жабдықтардың ою-өрнегі, түр-түсі елшінің бақылауымен орындалды. Киіз үйдің салтанатты ашылуын жасап, қо­нақтарға ет асты. Қымыз сапы­рып, сый құрмет көрсетті, – деп жауап берді ол.

Киіз үй жасау технологиясы

Құрылымы қарапайым киіз үй жасаудың бейнеті көп. Бұл жұмыс тек өз ісін сүйетін адам­ның қолынан келеді. Шеберлер бар өнерін салып бас-аяғы 10-15 адам бірігіп, 1-2 айда бір киіз үйді дайындап шығарады екен. Наурызға дайындық кезінде жұмысшылар саны 15-20-ға жетіп қалады. Іші мен сырты әсем ою-өрнекпен безендірілген баспананы жасау үшін біраз тер төгіледі. Киіз үйдің қаңқасы бір технологиямен жасалады. Ал безендіруде еш қатып қалған қағида жоқ. Мысалы, түскиізін жасап алса, қалған бөліктерін сол түскиіздің түр-түсіне сәй­кестендіріп жасайды.

kiiz-uj-zhasau-tehnologiyasy2

Ал үй тіккенде ең алдымен қолайлы жер таңдап алу аса ма­ңызды. Киіз үйдің негізін кереге, уық, шаңырақ пен сықырлауық құрайды. Қазақтың киіз үйін тігу үшін бірде-бір шеге пайдаланылмайды. Құрылыс нысаны тек табиғи материалдардан жасалады. Сәмбі, мәжнүн талынан жасалатын кереге – қазақ үйдің қаңқасы. Себебі, үйдің берік болуы, кеңдігі керегеге тікелей байланысты. Шеберлер керегені жайып, таңғышпен біріктіреді. Оларды бір-біріне жалғап, есік есебіне сықырлауықты орна­тады. Кереге ағаштарының ай­қасқан тұсын түйіп, жинап жазуға ыңғайлы етіп жасайды. Кереге шеңберінің үстінен бақанмен шаңырақ көтеріледі. Шаңырақ – қазақ үйдің еңселі етіп, бәрін тұтастырып тұратын күмбез. Шаңыраққа уық шаншиды. Шаншылып біткен уықты айналдыра құрмен таңады. Осылайша, уық кереге мен шаңырақты жалғайды. Одан кейін туырлық, үзік, түндік және киіз есіктерді жабады. Киіз үйдің негізін туырлық, үзік, түндікпен жабу төменнен басталады. Туырлықтың бір ұшы есікке байланыстырылады. Содан кейін керегені орай айналдырады. Уық бойына үзік жабылады. Үзіктің төменгі шеті туырлықтың жоғарғы шетімен біріктіріледі. Ол кереге басына бекітіліп, қалған бөлігі бақанның көмегімен түндік жабылатын жерге дейін көтеріледі. Үзік киіздер арасында ашық жер қалмайтындай етіп жабылады.

Ағашы толық жабылып болған соң, шаңыраққа бақан арқылы түндік жабылады. Киіз есік пен түндік арнаулы бау арқылы оңай ашылып, жабылып тұрады. Қажетті материалдарды өз елі­мізден алады. Болмай қалған жағдайда шетелден тапсырыс­пен алдырады.

«Елімізде қазақ өнеріне деген жанашыр жандар бар. Жыл санап, ұмыт қалған құнды жәдігерге сұраныс арта түсуде» деп сө­зін сабақтады ісмер қыз.

Үйренетін үрдіс

Жастар үйлену тойларын мейлінше ерекше атап өтуге құштар. Көпшіліктің таңдауы кең мейрамханаға түседі. Ал Ұлыбританияда тіптен жаңа үрдіс пайда болды. Отау тіккен жас жұбайлар үйлену рәсімін киіз үйде жасап жүр. Жаз айларында өтетін тойды осылайша ұйымдастыру шетелдіктер үшін сәнге айналған. Бұл тек сән емес, біреулердің бизнесті дөңгелетіп әкетуіне жол ашқан көрінеді.
ujrenetin-urdis-2

Британиялық Лиззи мен оның серіктесі Джим – дизайнерлік киіз үй жобасының авторлары. Олар киіз үйдің дәстүрлі құрылымын сақтай отырып, ға­жап дизайнерлік шешім ұсынады. Он екі, жиырма, отыз екі қа­нат­ты киіз үйлер емен ағаштан жасалған еденмен, ше­бер­­­лердің қолынан шыққан жи­һаз­дармен, алтын шамдар және хрустальді ас­пашамдар­мен безендіріледі. Сон­дай-ақ, үйдің ішін тапсырыс берушінің қа­лауын ескере отырып жасайды. Оған ең көп дегенде 90 қонақты кү­туге болады. Агенттік киіз үйді тиісті жерге жеткізіп, құрып, дайындап береді. Салтанатты кешті қазақтың көне бас­панасында жасауға ағыл­шындардың сұранысы жоғары. Ресми сайтты ашып қарасақ, биылғы жылға бос орын қалмаған болып шықты. Ал жалға алу төлемі 3 мың ағыл­шындық фунт стерлингінен басталады. Жоба авторлары бұл бастаманы жүзеге асыруға не себеп болғанын да айтты. «Біз киіз үйді жақсы көреміз. Ол кез келген жерде күйеу жігіт пен қалыңдыққа әрі кең, әрі әдемі той салтанатын жасауға қолайлы» деп түсіндірді.

Міне, осылайша әр жұптың өмірінде ерекше орын алатын күнді қайталанбастай етіп өткізуге болады.

Басына баспана тіккен студент

Көшпелі қазақ киіз үйден зәулім ғимараттарға көшкелі қаншама уақыт өтті. Дегенмен, өркениетті қоғамда өмір сүре отыра, көне баспананы қажетсінетіндер табылады екен. Пәтерден бас тартып, киіз үйде тұрақтанған канадалық студент менің сө­зіме дәлел. Майкл Джеффри есімді азамат Камплус қа­ласындағы Thompson Rivers университетінде оқиды. Бо­лашақ саяхат жетекшісі үйден оқу орнына сүт пісірім уақытта жетіп барады. Студент тек уақытын емес, ақшасын да үнемдейтін болып шықты. Өз­гелер пәтерді жалға алу үшін айына 400 долларды шы­ғын­дайды. Ал «біздің жігіт» жерді жалға алып одан 4 есе азырақ төлейді. Киіз үйді басына баспана етіп алған Майкл бұл шешімі туралы былай деді.

Басына баспана тіккен студент4

– Канадалықтардың көпшілігі жанға жайлы үйге үйренген. Егер пеш сөніп қалса, нағыз проблеманың көкесі басталады. Ал жазық далада күн көру әлдеқайда қиын екені айтпаса да түсінікті. Бірақ адамзат жүздеген, тіпті мыңдаған жыл бұрын дәл солай өмір сүрген жоқ па?! – дейді. – Маған мал баққан көшпелі халықтардың баспанасы ұнайды. Тез құры­лады, тез жиналады. Кез келген жерге көшіп-қона аласың.

Табиғатты ерекше сүйетін студент үйді өз күшімен салған. Үйдің ішіне электр қуатының орнына пеш орнатқан. Ұялы телефоны мен ноутбугін жақын маңдағы дәмханада қуаттайды.

Майкл тіккен киіз үйге қа­рағанда моңғол киіз үйінің сипатына сәйкес келетінін аңғара аламыз. Рас, көшпенді халықтардың киіз үйі бір-біріне ұқсас болып келеді. Бірақ, әр ұлттың мекендеген жеріне, салт-санасына қарай олардың өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, қазақ үйдің биіктігі 4 метр болса, моңғол киіз үйі 2-2,5 метр шамасында. Моңғол үйінің сүйегі өте жіңішке ағаштан жасалады. Шаңырағы шағын, уықтары түзу болып келеді. Сол себепті де үй төбесі қисық конус тәріздес әрі аласа. Ал біздің үйдің сүйегі сәмбі (мәжнүн тал) ағашынан жасалынып, мықты болады. Қазақ жазық далада өмір сүргендіктен, жүрегі кең, баспанасы да еңселі. Моңғол үйінің көрінісі шатыр сияқты, тек пішіні киіз үй есебінде. Моңғолияға сапарын жоспарлап қойған жас саяхатшы біздің еңселі киіз үйлерді көрсе ғой, шіркін!

Киелі киіз үйдің иесі кім?

Отандық «Оймақ» ұлттық қолөнер орталығына АҚШ-тың «Colorado Yurt» компаниясы бәсекелес. Олар киіз үйді жасап, жалға берумен және сатумен айналысады. Биз­­несмендер заман ағымын аңғарып, жалпақ жұрттың тамырын дөп басты. Көбінесе, қала тіршілігінен шаршағандар ауыл-аймаққа аңсары ауып тұрады. Ал жазық далада орын тепкен киіз үй тынығуға, меди­тация жасауға таптырмас жер.

kieli-kiiz-ujding-iesi-kim3

Компания 1976 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Өз өнімдерін бір күннің ішінде тігілетін таза экологиялық баспана ретінде таныстырады. Бабамыздың баспанасында тұрмысқа қажетті барлық жағдай жасалынғаны белгілі. Америкалықтар бұдан да қалыспады. Үй ішіне электр жарығын тартып, пеш орнатып, жеке бөлмелерге бөліп қойды. Киіз үй сүйегінің қолдану мерзімі шексіз дейді олар. Ал қалған бөлігіне тұрғылықты жердің ауа райына қарай 8 жылдан 15 жылға дейін кепілдік береді. Үйлерді сату толықтай автоматтандырылып, бір жүйеге келтірілген. Киіз үйдің ішкі және сыртқы жабдықтарын қоспағанда негізгі үй 11000 долларға бағаланады. Қажеттілік пен қиялыңызды қанағаттандыру үшін қалтаңыз біраз жұқаруы мүмкін. Қалай болғанда да, бұл тұрғын үй ба­ғасынан әлдеқайда арзан екені айдан анық. Америкалықтардың басым бөлігі үйді жалдамай, тұрақты мекеніне айналдырады екен.

P.S. Жатжұрт­тық­тар басқа ұлттың құнды­лы­ғын елеп, өз пайдасына жаратты. Ал бізге бұ­рышсыз үйіміздің киесін сақтап, иесін табатын кез келіп жеткен сияқты. Ол үшін төл өнерді қор­ғаштап жүретін қол­өнер­шілерге қолдау білдір­ге­німіз жөн.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Материалды “Астана ақшамы” газетінің astana-akshamy.kz ресми сайтына сілтеме жасағанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі.
Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button