Басты ақпарат

ҚЫСТЫҢ ҚАМЫН ЖАЗ ОЙЛА

Жылыту маусымына даярлық

2019-2020 жылдардың жылыту кезеңіне «Астана-Энергия» АҚ жылу-энергетикалық орталықтарының жалпы дайындығы 77,9 пайызды құрады: ЖЭО-1 – 68,8 пайыз, ЖЭО-2 – 79 пайыз да­йын. Аудандық қазандықтардың дайындығы – 91,5 пайыз. Қазiргi күні ЖЭО-лар үшін 20 күнге шақталған көмір қоры тұр. Бұған қоса, 10 мың тонна мазут жанармайы тағы бар.
Сондай-ақ жылу беру маусымына «Астана-Теплотранзит» АҚ – 55 пайыз, «Астана-АЭК» АҚ 72 пайыз сайланған. Оның 30 шақырымға созылған кабель жүйесi ауыстырылған. ЖЭО-1 мен ЖЭО-2 арасын жалғайтын жалпы ұзындығы 6,2 км жылу магистралі қаланы жылумен еш кедергісіз жабдықтап тұруы үшін ескірген құбырлар жаңаға ауыс­тырылу үстінде. Бұл жұмыстар да бекітілген кестеге сай жүргізіліп келеді.
Ал әлеуметтік-мәдени сала бо­йынша қысқа даярлық жағдайы біршама көш ілгері. Бiлiм беру, денсаулық сақтау, мəдениет нысандары жылу беру маусымына жоспарға сәйкес дайындалып жатыр, ешқандай қиындық жоқ. Қазіргі күні олардың сайлылығы 90 пайыздан асты. Басқарма басшысының айтуынша, қаладағы 173 білім беру нысанының 164-i, 38 денсаулық сақтау нысанының 36-сы, ал 14 мәдениет нысанының 11-i дайын.

Әлеуметтің қамы қалай?

Бүгiнде елордада 2512 тұрғын үй орталықтандырылған жылу жүйесiне қосылған. Оның 87 пайызы алдағы маусымға да­йын. Дегенмен бұл салада əлi де проблемалар бар. Ол аудандық əкiмдiктермен бiрлесiп қарастырылып жатыр. Проблемалардың арасында ПИК мəселесi, тұрғындардың тұтынған қызметтер үшін уақытылы ақша төлемеуі сияқты келеңсіздіктер, өзара кикілжіңдер секiлдi түйткiлдер аз емес.
Өткен жылдардың тәжірибесіне сүйенсек, Нұр-Сұлтан қаласын қатты отынмен қамтамасыз ету үшін 420 мың тоннадай көмір қажет. Қажетті отын жылу беру маусымы басталғанға дейін толықтай жеткізілуі тиіс. Басқарма басшысының айтуынша, осы көлемнің ішіне тұрғылықты халықтың қажеттілігінен артылып, көрші облыстың тұтынушылары сатып алады деген 20 пайыз да есептелген. Тек, қыс көзі қырауда, халықтың отынға деген сұранысы жаппай артып, бәрі бірдей көмір сатып алам деп дүрлігіп, өздері еріксіз кезек тудырып алатыны бар, содан сақтанған дұрыс.
– Халықты көмiрмен қамтамасыз ету – жылдан-жылға жалғасып келе жатқан мəселе. Бүгінде қалада iрi 7 көмiр сататын компания бар. Бiз олармен бағаларды бекіту жөніндегі меморандумға қол қойдық. Бағалар 12-14 мың теңге аралығын құрайды. Олар қатты отынның сапасына, сұрпына қарай бағаланады. Бұдан бөлек, 109 телефон нөмірі бойынша «іKomek» қауырт желісі құрылды, онда тұрғындар көмірлердің бағасы, түрлері және қорлары бойынша қажет ақпарат ала алады, – дейдi Ербол Төлеуов.
Сондай-ақ әлеуметтік осал топтардағы елордалықтарға көмір сатып алуға 20200 теңге көлемінде бір реттік әлеуметтік көмек беріледі. Әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жеке санаттарының тізбесін айқындау қағидаларына сәйкес, қатты отынды сатып алуға әлеуметтік көмек төрт ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын табысы бар отбасыларға, пешпен жылытылатын жер үйлерде тұратын мүгедектерге, мүгедек балаларға, зейнеткерлерге, көпбалалы отбасыларға көрсетіледі. Жәрдемақы жылыту маусымында бір рет беріледі. Аталған сомаға көмірді жеткізіп беру қызметі кіреді.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button