Көкейкесті

ҰТЫМСЫЗ ҰСЫНЫС

«Қазаншының еркі бар, Қайдан құлақ шығарса» демекші, Ұлттық банк «ҚР-дағы қолма-қол шетел ақшасын айырбастау операцияларын ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» қаулы шы­ғарды. Бұл қаулы ақша айыр­бастайтын нүктелердің жұмысын қиындатады. Сөйт­­кені емей немене, ақша айыр­бастау нүктелері күндізгі сағат 10-нан кешкі 7-ге де­йін ғана жұмыс істейді. Ол ол ма, ақша айырбастауға келген адам кассирге аты-жөнін, жеке басының куәлігін жазып береді. Тағы бір сорақы ұсыныс, бір адам 500 мың теңгеден артық ақша ауыс­тыра алмайды. Бұған қоса, ақша ауыстыру нүктелерінің қожайындарының қалтасында 100 миллион теңгесі болуы шарт.
«Жер астынан жік шықты, Екі құлағы тік шықты» дегендей, Ұлттық банктің атышулы қаулысына сарапшы-мамандар мен кәсіпкерлер үлкен күмәнмен қарауда. Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институтының директоры Әкімжан Арупов бұл қаулы күшіне енетін болса, шағын және орта бизнес түгіл, ірі бизнес­тің өзі көлеңкелі бизнеске көшуі ықтимал. «Біз заңсыз валюта нарығын «тірілтеміз». Оның нәтижесі өте қорқынышты болмақ: ақша айыр­бастау саласында қылмыс өршиді. Мұндай қатаң шаралар жағдайды ушықтырып жібереді. Мәселен, ақшаны жасырын қолма-қол сататындардың саудасы қызады. Бір адамға 500 мың теңгеден аса ақша айырбастауға немесе сатуға болмайды деген ұсыныстың өзі күлкілі. Сонда 15 мың АҚШ долларынан асатын баспанасын сатқандар не істейді?» дейді Ә.Арупов.
Кәсіпкер Айгүл Салыбекова бұл қаулы ақша айыр­бастау нүктелерін жабу мақсатында шығарылып отыр деген пікірде. Ол әрбір ақша айырбастау нүктесінің қаржы қорының 100 млн теңгеге дейін өсіру көптеген кәсіпкерлердің нәсібінен айы­рылуға алып баратын қадам екенін айтады. Айтпақшы, Ұлттық банктің бұл қаулысы 16 тамызға де­йін ғана қоғамның талқысына түспекші. Енді әліптің артын бағамыз…

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button