Көкейкесті

Алдымен өзіміз қадірлесек…

Өткен ғасырдың елуінші жылдары ауылымыз­да орыс, неміс балалары қазақ мектебінде бізбен бірге қазақша оқыды. Бір қызығы, сол орыс, немістердің кәрі-жасының бәрі бізбен қазақша сөйлес­кенде, көбіміз сөзден ұтылып, тақыр жерде отырып қала беретінбіз. Бұл – бір. Екіншіден, бұрын-соңды бізден басқа ешкімде де болмаған, кеңес өкіметінің арқасында қалыптасқан мектептердегі тиімді де оңтайлы балаларды оқыту жүйесін құрдымға кетіріп не таптық?

[smartslider3 slider=1032]

Кеңес өкіметінің балаларды оқыту жүйесі жаман болса, ­Англия осы жүйеге көшер ме еді? Англияның оқу-білім экс-министрі Джастина Гринингтің мәлімдеуінше, кеңестік жүйеге көшкен мектептерді тәмәмдаған ағылшын оқушыларының алған білімі континенталды Еуропаның ең қымбат та элита санатындағы мектеп оқушыларынан әлдеқайда жоғары екен. Қалай біз мектептеріміздегі осындай тамаша қалыптасқан оқу жүйе­сінен айырылып қалдық?

Сондықтан болар, Ақмоламыз коммунистік партияның бас хатшысы болған Н.Хрущевтің қаламыздың орысшасына көңілі толмағандықтан, Целиноград аталып кеткені. Бас хатшының қасында бірге жүрген, шаш ал десе бас алатын орта қол азаматтарымыздың ықылым заманнан қалыптасқан салт-дәстүрімізді аяқасты қылғанын бүгінге дейін ұмыта алатын емеспін. Елді мекен, жер-су, жар, қырат пен таулардың атауы басқа тілге аударылмайды, себебі ұятқа батып, бүкіл әлемге масқара боласың. Қазақ тілі сөзге өте бай тілдердің алды ғой. Мысалы, бір ғана «ақ» сөзінің синонимі жүзге жетіп жатса, «мола» деген сөздің де бірнеше мағынасы бар. Ақмол деп атауымыз да дұрыс емес. Елімізде төрт-бес Қарамола атты елді мекен бар. Тасмола да баршылық. Иә, енді не, осы атаулардың бәрін өзгерту керек пе? Қашанғы әлдекімнің ықпалымен жүре бермекпіз?

«Қуырдақтың атасын түйе сойғанда көресің» дегендей, мына бір кезінде жиі-жиі қайталанып, жанымызды талай жаралаған тележарнамаға назар аударыңызшы, қадірменді оқырман! Тау басына бет алған бір топ туристің біреуі орысша: «Олжас, кеше ресторанда не жедік?» деп сұрады. Сондағы Олжастың айтқаны: «Бешбармақ». Мұны естіген туристердің қарқылдап күлгендері, содан бері көп уақыт өтсе де, менің ана тілімді мазақ қылып тұрғандай есімнен кетер емес. Сол Олжасың, не айтқанын білмеумен қатар, есеп те білмейді екен. Адамның қолында бес саусағы, әрбіреуінің өз атауы бар және біріншісін бас бармақ, ал кейде бармақ дей береді. Сонда бармақтардың қалған төртеуі қайда, ал бас бармақ десең, жалғыз бармақпен қалай ет жейсің?

Тағы бір көңіл бөлетіні – теле және радио хабарлардан еститінің: «Қайырлы таң! Қайырлы күн немесе қайырлы кеш!». Айтыңдаршы, кәне, қашаннан бері атам қазақ осы сөз тіркестерін қолданыпты?

Арып-талып қалың ел-жұртына ат басын тіреген бауыр­ларымызды неге «оралман» дейміз? Кәне, кім маған осы атаудың авторын атап айта алады? «Оралман» – ана тілімізге жат сөз. Осылай деуімді қазақ тілінің 2008 жылы баспадан шыққан түсіндіру сөздігі де дұрыс деп тұрғандай. Себебі аталмыш сөздікте «оралман» деген сөзді күндіз қолыңа шырақ алып іздесең де таба алмайсың. Ресми түгіл, ауызекі, өзара әңгімелескенде «оралман» деуге тілің де көнбейді. Сондықтан атамекеніне көшіп келген бауырларымызды қандас деп жақындатқанымыз жөн болды.

Қашан да болса өз тілімізді өзіміз қастерлемесек, ол сонда кімге керек? Егеменді ел болып, өз қолымыз өз аузымызға жетіп тұрғанда ана тіліміздің мәртебесін үстем қыла алмасақ, күні ертең кім боламыз? Ана тіліміздің бүгіні мен болашағы туралы не делінбеді? Айтылған сөз де, ұсыныс та жеткілікті-ақ. Сонда да, Абай атамыз айтқандай, баяғы жартас – бір жартас, қаңқ етер, түкті байқамас. Әлі де болса уақыт бар.

Хамза ОСПАНҰЛЫ,

экономист, зейнеткер

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button