Таным

Роботакси тиімді ме?

Жаһантордың пайда болуы адамдардың жеке-дара қозғалысын айтарлықтай қысқартты. Алайда бұл адамның жол жүруін, тауар тасымалдауын азайтты деген сөз емес.

Жүргізушісі жоқ көліктер

Жол жүруге қатысты төңкерістің бір жаңалығы – жүргізушісі жоқ көліктердің пайда болуы. Қазіргі таңда жүргізушісі жоқ көлік шығару саласында бағын сынап көрмеген автокөлік бизнесіндегі бірде-бір компанияны таппайсың. АҚШ Көлік министрлігінің болжамы бойынша 2025 жылға қарай бүкіл әлем құлтемір-автокөліктерді пайдаланады. Бұл жерде IT-саламен технология­лардың түйісуі қызығушылық туғызып отыр, мұндай технология­ларды Google, Uber және Yandex компаниялары жүзеге асыруда.
Автокөліктерді автоматтандырудың бірнеше кезеңдері бар, соның ішінде алғашқы үшеуін (оған круиз-бақылау, жаңбыр датчиктері, жедел тежегіш жүйесі және т.б.) пайдаланып жүрміз. Төртінші деңгей – қозғалысты жартылай автоматтандыру, яғни жолда қозғалатын көлікте компьютерлік «көз» қолданылады. Бұл кезеңде жасалымдардың көшбасшысы – Tesla мен Alphabet. Ал соңғы деңгей – автономды автомобиль жүйесі, яғни қалаларда жүргізушісі жоқ көліктер әрілі-берілі ағылады. Әсіресе, Alphabet-тің еншілес компаниясы Waymo 2017 жылдан бастап жүргізушісі жоқ көліктер шығарудан көш бастап келеді. Екі жыл бұрын жеке компанияға айналған Waymo жүргізушісі жоқ көліктерді бағдарламамен қамтамасыз етеді және технологиялар енгізеді. Таңғаларлығы сол, өткен жылы Waymo автокөліктері Калифорнияның жолдарында 2500 шақырымды жүріп өтті.
Көліктері 300 мыңға жуық шақырым жолды жүріп өткен General Motors екінші орында тұр. Алайда өткен жылғы көрсеткіш бар-жоғы 12 мың шақырымды құрады. General Motors Strobe Inc компания­сымен бірлесіп, Cruise AV деген автокөлік шығармақшы. Бұл көліктің басқалардан өзгешелігі – рөлі мен педальдары жоқ. Егер АҚШ-тың Ұлттық жол қауіпсіздігі әкімшілігі рұқсат берсе, компания 2019 жылы роботакси қызметін іске қосуды жоспарлауда.
Көліктің рөлін құлтемірлерге бергеннен не өзгереді? Жаңа технологияны енгізуші мамандар өздігінен басқарылатын автокөліктер шығару көлік және логистика (жүк тасымалынан жолаушы тасымалдауға дейін) салаларын түбегейлі өзгертетінін айтады. Біріншіден, қалай болғанда да адам факторымен байланысты болатын жол-көлік оқиғаларының саны күрт азаяды. Екіншіден, қазір күні-түні уақытының көпшілігін көлік жүргізуге жұмсайтын адамдар одан босатылады. Үшіншіден, өзіне жекеменшік автокөлік алғысы келетіндердің саны кемиді. Бірақ каршеринг пен такси қызметіне деген сұраныс артады. Бұған қоса, көлік компаниялары үшін жұмсалатын шығындар айтарлықтай қысқарады. Мысалы, қазір такси қызметін ұсынатын компаниялар табысының 40 па­йызын жүргізушілерге жалақыға төлейді. Бұған жанармайды үнемдеуді қосайық. Болжам бойынша электрмен жүретін және өздігінен басқарылатын көліктерді қолданысқа енгізу жолаушылар тасымалдайтын такси қызметінің құнын 80 пайызға төмендетеді.
Астанада әзірше мұндай көліктер жоқ. Алайда Astana Hub ақпараттық технологиялар стартаптарының халықаралық технопаркінде (былтыр ЭКСПО-2017 көрмесінде құрылған болатын) жүргізушісі жоқ көліктерді шығару басымдық берілген бағыттардың бірі ретінде анықталған.

Дрондар пошта тасиды

Қазіргі кезде дрондарды өрке­ниетті елдер барлық салаларға қолданады. Ұшқыш роботтар тек тауар тасымалдаумен шектелмей, ақпаратты жинаумен және талдаумен айналысуы мүмкін. Мамандардың болжауынша, 2020 жылы коммерциялық дрондардың сатылымы 500 млн АҚШ долларына жетеді, ал жеке пайдаланушылар нарығы 2,5 млрд АҚШ долларын құрайды. Негізінен алғанда, жерден басқарылатын ұшқыш аппараттарды жасаған – әскери адамдар. Бірақ әскери және әуе компаниялары үшін дрондарды дамыту – тек бір ғана бағыт.
Таңғаларлығы, қазір дрондар 7 келіге дейінгі жүктерді 5 шақырымға көтере алады. Бірақ олар кір жуғыш машина мен тоңазытқышты үйіңізге жеткізіп бере алмайды. Әрине, дизель отынымен жүретін жүк көліктеріне қарағанда шағын дрондардың қолайлы екені рас. Бірақ ауыр жүк көтеретін дронға электр қуаты да көбірек жұмсалады. Әлемдегі сауда және көлік компаниялары осыған басын қатыруда. Өйткені адамның көзінен таса болған дрондар кеңістікте өздігінен бағытын таңдайды. Айтпақшы, Boeing компаниясы 230 келі жүк көтеретін ұшқыш роботты жасап шығарды. Бірақ алдағы уа­қытта бұл жасалым қол­­данысқа енетініне се­нім жоқ.


Дрондарды коммерциялық мақсатта пайдалану кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелердің жұмысын айтарлықтай өзгертеді. Бұл жердегі ең басты нәрсе – мәлімет жинау. Келешегі зор бағыттардың қатарына ауыл шаруашылығы, коммуналдық қызметтер және құрылыс жатады. Америкалық фермерлер дрондарды топырақты, өсімдіктерді, тыңайтқыштарды бақылауға және талдауға пайдаланады. Мұндай тәсіл егіннің өнімділігін арттырып, жұмысты барынша тиімді етеді. Коммуналдық салада дрондардың көмегімен су және жылу жүретін құбырлардағы, электр стансаларындағы ақаулар мен апаттарды бақылауды бірнеше есе жеңілдетуге мүмкіндік бар. Құрылыста дрондар жұмыс үдерісін талдап, оның сәулеттік нормаларға сәйкестігін тексеруге жол ашады. Энергетика саласында дрондарды электр стансалары, электр қуатын бөлу желілері, құ­быр­лар, мұнаралар, теңіз алаңдары, мұнай өңдейтін зауыттар сияқ­ты активтерді зерттеуге және бағалауға пайдаланылады.
Жапон ғалымдары дрондарды ауыл шаруашылығына тиімді пайдалануды 1980 жылдардың басында-ақ ойластырыпты. Yamaha компаниясы жасап шығарған ұшқыш роботтар күріш алқаптарын суарып, өзінің өміршеңдігін дәлелдеген. Мамандар өнеркәсіптегі дрондар нарығының өсу қарқынын 2023 жылға қарай 20 пайыздық деңгейге өседі деп болжауда.
Aerovironment компаниясы АҚШ-тың Қорғаныс министрлігін барлау, әскери іс-қимылдарды талдауға арналған дрондармен жабдықтайды. Кіп-кішкентай ғана аппарат жердегі кез келген көріністі лезде суретке түсіруге мүмкіндік береді. Ал Ambarella компаниясы бейнекамера мен чиптер шығарады, компьютердің көмегімен алынған мәліметтерді өңдейді. Дрондарды қоғамға қызмет етуге де пайдалануға болады. Мысалы, АҚШ-тың Луисвилл қаласында ұшқыш роботтар полицияның көмекшісі болып қызмет атқарады. Егер де қаланың бір жерінде атыс басталып кетсе, дрондар ол жерге бәрінен бұрын ұшып барып, камераға түсіреді.

Орыстар курьер-дрондарды сынай бастады

Мәскеу мэриясы шағын жүктер мен корреспонденцияларды жедел жеткізетін курьерлердің орнына пайдаланылатын квадрокоптерлерді сынауға кірісті. Мәскеудің аспанына әуелі екі дрон-курьер көтерілді. Алдағы уақытта олардың санын 20-ға көбейту жоспарланып отыр.
Ресейдің Коммуникациялар жә­не байланыс министрлігі 2018 жылдың басында Якутияда ауыр жүк тасымалдайтын дрондарға қатысты қанатқақты жобасын іске қосты. Бұл жоба орталықтан шалғайдағы Хабаров, Краснояр өлкелерінде, Сібірдің кейбір аудандарында жүзеге асырылады. Дрондардың бір тиімділігі, олар 100 шақырым радиуста 50 келілік жүктерді тез жеткізе алады.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button