Басты ақпаратЖаңалықтарМәдениетРуханият

Рухани рәуіштегі орда

Астананың даму қарқыны өзімізді де, өзгені де таң қалдырады. Аз уақыттың ішінде шағын шаһар алпауыт Астанаға айналды. Астана қазақыланды, рухани деңгейі артты, әдеби ортасы кеңейді, көрермені қалыптасты. Қарқынды салынған Астананың құрылысымен қатар, мәдени ордалар пайда болды. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында елордамыздағы мәдениет пен өнер ошақтары туралы ой өрбітпекпіз.

astana ballet

ТӨРГЕ АЙНАЛҒАН ТЕАТРЛАР

Тәуелсіздігіміздің құрдасы Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры өзінің 25 жылдығын атап өткен еді. Театр қазақ және әлем драматургиясындағы озық шығармаларды сахнада жаңғыртып, ел жадында жатталуына еңбек етіп келеді. Сол еңбектің жемісі есті көрерменнің көбейіп, ұжымның қошеметке бөленуі деп білеміз. М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры биыл өзінің 115-інші маусымының шымылдығын ашты. Көркемдік жетекшілер қазақылыққа бет бұрды, «Аманат арқалаған Алпамысты» сахна төріне шығарды. Ал «Жастар» театры Ш.Айтматов пен Ә.Кекілбаевтің «Шыңғысхан» әфсанасымен өзінің мерейтойлық 10-ыншы маусымын ұсынды. Спектакль үшін театр әртістері «Ең әсерлі қойылым» сыйлығына ие болды.

ШЫН ШЕБЕРЛЕР ШОҒЫРЛАНҒАН ОРДА

2016 жыл қазақ жұрты, қазақ руханияты үшін сүйінші хабарларға толы болды. Елордада өнерге деген ынтасы бар, талабы зор жастарға жаңа жоғары оқу орны ашылды. Қазақ ұлттық өнер академиясы көбінесе кәсіби актер, режиссер, драматургтарды оқытуға бағытталған болса, хореография академиясының миссиясы – балет және би шеберлері шоғырланған ордаға айналу деп білеміз. Қазақ ұлттық хореография академиясының тұсаукесеріне Президенттің өзі қатысты. Нұрсұлтан Назарбаев сөйлеген сөзінде осы үлгідегі өнер ордасы бүкіл Орта Азия елдеріндегі алғашқы оқу орны екендігін атап өтті. Жас буынға «Сіздер Қазақстанның би мен балет өнерінің жаңа ұлттық брендін орнықтырады деп сенемін» дей отырып, үмітін білдірді. Академияның ректоры болып Ресейдің халық әртісі, «Астана Опера» балеттік труппасының көр­кемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова тағайындалды. Жалпыға аян, Алтынай 80-90 жылдары Санкт-Петербургтегі «Мариинский» театрының прима-балеринасы атанып, беріректе А.Ваганова атындағы орыс балет академиясының көркемдік жетекшісі болды. Сондай-ақ, Ұлыбританияның ұлы сахнасы – Ковент-Гарден корольдік театрында және Марсельдегі Ролан Пети труппасында билеген. Жизель, Никки, Одетта образдарымен әлемге әйгілі балерина бүгінде елге оралып, қазақ өнерінің өрлеуіне өзінің өлшеусіз үлесін қосып жүр.

Би өнері дегенде қазақтың маңдайына біткен тұңғыш балерина Нұрсұлу Тапалова еске түседі. «Бақшасарай бұрқағында» Заремнің рөлін классикалық дайындықсыз билеген. Табиғи таланты мен еңбегінің арқасында талай майталмандарды мойындатқан қазақ қызы кезінде халық әртісі Болат Аюхановты да тәнті еткен. «Менің балетім» атты кітабында «Бұл биші нағыз ұлтының бағына жаралған» деп жазды. Осы тұста би өнерінің ханшайымы – Шара Жиенқұлованың есімін болашақ балет жұлдыздарының санасына сіңіру міндет деп білеміз. Шара – ұлттық биді балетке ұластырған, дәстүрді сақтап, жаңа ағынға ілесе білген бірегей биші. Елорда төрінде орын тепкен мәдени, рухани ошақтардың ашылуы осы тарихи тұлғалармен сабақтас.

БЕКЗАТ ӨНЕРДІҢ АЙШЫҚТАРЫ

Ұлттық хореографиядан түлеп ұшқан тәлімгерлер «Астана Опера» мен жаңадан ашылған «Астана Балет» театрларында шеберлігін шыңдай алады. Желтоқсанның 10-11 күндері ашылған «Астана Балет» тәуелсіздікке тамаша тарту болды. Алғашқы сахна төрінде бразилиялық хореограф Рикардо Амарантенің «Diversity» және «Биге махаббат» қойылымын көрермен жылы қабылдады. Алғашқы көрсетілімге Мемлекет басшысы да келді. Театр Қазақ ұлттық хореография академиясының жанында орналасқан. Жаңа ғимарат ішкі жабдығы мен техникалық шешімі жағынан әлемнің үздік үлгілеріне сәйкес келеді.

_mono9670

Құрылысы 2015 жылдың мамыр айында басталған театрдың ауданы – 15 мың шаршы метр. Көрермен залында 783 орын бар, оның ішінде 609-ы партер болса, 104 орны екі қабатты және 70 орны үш қабатты балконды құрайды. Зал байсалды түстерде безендірілген: шымылдық сары бидай түстес қоңыр, ал орындықтар шафран матасымен қамталған.

Сахна көлемі – 536 шаршы метр. Демек, жаңа театрда түрлі мәдени шаралар мен шығармашылық кештерді, симфониялық және эстрадалық оркестрлердің концерттерін, сценографиясы күрделі спектакльдерді қоюға болады.

«Астана Балет» театрының ғимараты да жақын арада елордамыздағы тағы бір әйгілі нысанға айналмақ. Жаңа театрдың ашылуы мемлекеттің өнерге деген қолдауын және қамқорлығын білдіреді. Астана елімізді әлемнің өркениетті мемлекеттерінің қатарына қосуға септігін тигізіп-ақ жүр. Ал өнер иелері жоғары сапалы шығармашылық туындыларды шығаруға мүмкіндік алды.

 Соңғы жылдары Астанадағы театрсүйер қауым ұлғайып келеді. Жастар да, ересектер де жан азығын байыту мақсатында өнер ордаларына бас сұғады. Көрермен театрға келген сайын нәр алып, халық қазынасынан сусындап шығады. Елордада көрсең көз тоятын көрнекті орындар жылдан-жылға көбейе берсін деген тілек бар.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button