Басты ақпаратЖаңалықтар

Рухани жаңғыру: Алаш және азаттық идеясының сабақтастығы

Астана төрінде Алашорданың 100 жылдығына арналған «Рухани жаңғыру: Алаш және азаттық идеясының сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Алқалы жиынға алыс-жақындағы барша алаш жұртының өкілдері жиналды.

Аллаға шүкір, бүгінде алаш арыстары арман еткен тәуелсіздіктің шекарасы айқындалды. Алаш мұрасын тереңнен зерттеу­ге мүмкіндігінше жол ашылды. Академик Ерлан Сыдықовтың айтуынша, биылғы жылдың өзінде еліміздің барлық аймағында алаш тақырыбына қатысты үш мыңнан астам іс-шаралар өткен. Семей қаласында ескерткіш тұрғызылды. Елбасының рухани жаңғыру мақаласымен үндес келіп, сананың жаңғыруына, сілкінуіне серпіліс әкелді. «Елдік сананы асқақтатқан Алаш қозғалысы, Алаш партиясы, Алаш автономиясының 100 жылдығына арналған шаралар мұнымен бітпейді» дейді ол.
Жүзжылдық мерейтой қарсаңында ұйымдастырылған кон­ференция жұмысына Мем­лекеттік хатшы Гүлшара Әбді­қалықова қатысып, Президент құттықтауын оқып берді. Құттықтау хатта «Алаш қозғалысының пассионарлық идеялары біздің ата-бабаларымыздың дербес мемлекет құру жолындағы сан ғасырлық аманатымен ұштасып жатыр. Сол кездегі ұлт зия­лылары арман еткен мемлекет тәуелсіздігі мен ұлт бостандығына бүгінгі ұрпақ қол жеткізді. Еліміз егемендік алып, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерімен терезесін теңестірді. Мен «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаламда тағылымы мол тарихымызды зерделеуде, төлтума мәдение­тімізді қолдау­ға қатысты нақты міндеттерді атап көрсеттім. Біздің қоғамдық сананы қазіргі заман талабына сай жаңғыр­ту арқылы еліміздің дамуын қамтамасыз етуді мақсат етіп отырмыз. Мемлекетіміздің экономикалық әлеуеті артқан сайын халқымыз­дың бай тарихы мен мұрасын зерттеуде зор мүмкіндік жасала бермек» делінген.
Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың пі­кі­­рін­ше, алаш қайраткерлері
айтқан идея­лар қазіргі біздің мақсат-мүдделерімізбен жалғасып жатыр. Кезінде Ахмет Байтұрсынов қазақ алфавитін қолдап, зерттеген еді. Жуырда ғана латынға көшу тәжірибесі біздің елдегі ең маңызды бағыттардың біріне айналды.
«Ұлт зиялыларының бірі Мұстафа Шоқай «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігін құру мүмкін емес» деген еді. Сондықтан рухани жаңғыру бағдарламасы да осы мақсатты көздейді. Қазақстанның барлық аймағында конференциялар, іс-шаралар өтті. Бүгінгі конференцияны сол іс-шаралардың қорытындысы ретінде көреміз. Осы бағыттағы жұмыстардың барлығы рухани жаңғыруға үлкен себеп болады деп сенеміз» деп түйіндеді мемлекеттік хатшы.

Алаш мұратын қалай жалғастырамыз?
Мемлекет және қоғам қайраткері, Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов өзінің баяндамасын сонау 1917 жылдың аласапыранындағы Әлихан Бөкейхан бастаған алаш зия­лылары мен қайраткерлерінің дербес мемлекет құру идеясынан бастады. Шынында, ұлт бостандығы мен ағартушылық мүддесіне біріккен алаш қайраткерлерінің рухына тағзым етіп, олардың идеясы мен армандарын сарап­тап, бүгінгімізді бағалап, ерте­ңімізді айқындау – бүгінгі ұрпақтың парызы.
«Алаш үкіметі мен партиясы­ның мүддесі мен идеяларын жарыққа шығарып, тәркіленген тарихымызды қалпына келтіру мүмкіндігінің тууының өзі тек қана 1991 жылы тәуелсіздігімізді жаңа заманда жариялап, әлемдік қоғамдастыққа тереземіз тең мемлекет ретінде бет алған тұста орнаған әділдік. Осы жиырма бес жылда алаштанушылар саласы құрылды. Алаш тарихына қатыс­ты жүздеген, мыңдаған зерттеулер жарық көрді. Бұл да – тәуелсіздіктің жарқыраған мүмкіндігі, ұлтымыздың өсуге деген құлшынысының көрінісі. Өкінішке қарай, біз әлі күнге дейін тәуелсіздік идеясын жарнама дәрежесінде ғана пайдаланып, оның ішкі терең мазмұнына мән беруге толық көңіл бөлмей келеміз. Қажет деп те ойламаймыз. Тәуелсіздік орнады, енді өмір-бақи осылай тұра береді деп ойлаймыз. Осы мәселелерді қозғап, Елбасы халықтың санасына қозғау түсірген соңғы мақаласының негізгі мақсаты да осыны ескерту еді» дейді Қуаныш Сұлтанов.
Халық қалаулысы шын мәнінде ұлттық сана көрінісінің сапасына көңілі толмайтынын айтты. Мемлекеттің тәуелсіздікке қол жеткізгенге дейінгі жағдайы жаппай белгілі. Ал өз алдымыз­ға мемлекет болып, өз тілімізге мәртебе беріп, Конституцияға жазып, қазақ тіліндегі мектептердің санын көбейтіп, жоғары оқу орындарында қазақ тіліндегі пәндерді тиімді етіп өткізуге пәрмен беріп тұрған дәуірімізде үлкені бар, кішісі бар, әлі күнге дейін көптеген отандасымыздың ана тілінде сөйлемей жүргенін ұлттық сананың төмендігі деп бағалады. Алаш идеясын бүгін зерттеп, біздің болашағымызға қызмет ететінін зиялы қауым, оқымыстылар, осы қоғамдық мәселені басқа біреулердің талқысында қалдырмай, ұлттың санасына ұялатып, ұлттық тілімізді көтеру әр қазақтың өз қолында екенін ұғындырса деген тілегін жеткізді. Бұл – ұсақ-түйек емес, ұлы мұраттарды жалғастыратын Алаш аманаты.
«Алашорда қайраткерлерінің
ең көрнекті тұлғалары ғана ақ­талды. Жалпы, ақталғандар – негізінен, республика деңгейіндегі тұлғалар. Ал жергілікті жерлерде де көптеген адамдар қуғынға ұшырады. Тарихшыларымыздың айтуынша, олардың саны 100 мыңнан асады. Жай қатардағы мұғалімнен бастап талай адам құрбан болды» дей келе ауыл, аудан орталықтарында құрбан бол­ғандарды ақтау жұмысы дұрыс жүргізілмей отырғанын сынады. Тек билік тапсырмасын күтуге болмайтынын алға тартты.
Бүгінде саяси-қуғын сүргін құрбандарын анықтау мәселесінде ашылмаған деректер көп. Айта кетейік, өткен жылдың соңында бір топ зиялы азаматтарымыз бас болып қазақтың азаттығы мен күресі жолындағы зардап шеккен адамдарды ақтау және оларды мәңгі есте қалдыру бо­йынша «Қаһармандар» атты рес­публикалық қор құрған. Көпшілік назарын осы қорға аударған қоғам және мемлекет қайраткері Қуаныш Сұл­танов осы проблемалармен жүйелі әрі кәсіби түрде айналысуды мақсат ететіндеріне сенім білдірді. Осындай отаншылдық бағыттағы зиялы тұлғалардың бас­тамасына қоғам, мемлекет, құзырлы органдар және «мен қазақпын» деген азаматтардың бәрін көмектесуге шақырды.

Ұлт зиялыларының ұлы істері
Конференция барысында Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин өрті мен дерті, өксігі мен серті қатар өрбіген жиырмасыншы ғасыр­дағы ұлт зиялыларының ұлы істеріне арнайы тоқталды.
«Ұлы дала жұртын қандай тауқыметке салғаны тарихтан белгілі. Осыдан 100 жыл бұ­рын­ғы Алашорда үкіметі, Алаш қозғалысы атты айрықша ат пен қасиетті ұғымдар төркінінде қаншама халықты ессіз сүю мен есепсіз қызмет үлгілері жатыр. Тоталитарлық жүйенің кесапаты мен солақай саясаты аттарын ауызға алуға тыйым салған Алаш арыстары туралы тәуелсіздік дәуірі тұсында жарық көрген әдеби кітаптар, ақпараттық басылымдарда
еңбектердің бәрін түгелдеп
шығу мүмкін емес. Егер біз мемлекет болғымыз келсе, халық руханиятының бастауларын түсінген жөн» дей келе,
Нұрлан Оразалин Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың
«Тарих толқынында» атты еңбегіндегі көптеген деректерді келтірді.
Алаш арыстарының қай-қайсысы болмасын, ұлт руханиятының төрінен ойып алар орны бар марқасқалар.
«Орысша, еуропаша білім ал­ған қазақ зиялылары саясат майданында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков, Халел Досмұхамедов және Жаһанша Досмұхамедовтің айналасына шоғырланды. Жалпы, Алаш туралы зерттеушілердің қатарында Кеңес Нұрпейісов, Тұрсынбек Кәкішев, Манаш Қозыбаев, Рымғали Нұрғалиев, Мәмбет Қойгелді, Талас Омарбеков, Ерлан Сыдықов, Тұрсын Жұртбай, Дихан Қамзабекұлы, Сұлтанхан Аққұлы секілді азаматтарымыз­дың еңбегін айту керекпіз. Ұлт пен ұлтық құндылықтарды ба­ғалауда кешегі алаш қозғалысы мен бүгінгі тәуелсіз еліміздегі ұқсастықтардың тарихи тамыр байланысын ұғамыз. Осыдан тура 100 жыл бұрын ұлт қамын ойлаған көсемдер үшін арман болған қазақ автономиясы деген ұғым бүгінгі ұрпақ үшін қасиетті» дейді Н.Оразалин.
Бүкіл алаштанушылардың басын қосқан айтулы жиынға Түркияның Мимар Синан көркемөнер университетінің профессоры, ғалым Әбдіуақап Қара келді. Ол Мұстафа Шоқайдың Еуропа елдеріндегі тәуелсіздік үшін күресі туралы баяндады.
«Елордамыз Астанада Алаш арыстарының 100 жылдығын атау – елеулі оқиға. Тіпті, қажет деп санаймын. Өткен ғасырларда Кеңес өкіметі кезінде халқымыздың тәуелсіздік жолында құрбан болған асылдары қуғыншылықты көп көрді. Тіпті, Мұстафа Шоқай секілді асылымызды сатқын деп көрсетті. Тарихи деректер, ғылыми жетістіктер, мұрағат құжаттары сатқын емес екенін, тіпті фашистерге қарсы шыққаны үшін құрбан болғанын айғақтап отыр. Алаш арыс­та­рының барлығы – төбемізге көтеретін асыл тұлғалар. Сонда ғана тәуелсіздігіміз баянды болады» дейді осы салада көп жыл бойы зерттеу жүргізген қандасымыз.
Ал академик Мәмбет Қойгелді жүз жылдан соң Алаш туралы ақиқатты айтсын деген Елбасыға ерекше алғысын білдірді.
«Жалпы, Алаш қозғалысы туралы зерттегеніме 30 жылдай болды. 20 жыл уақытымды мұрағат ақтаруға жұмсадым. Ең бірінші айтатыным, біз сана-сезіміміз бен тамырымызға сіңіп кеткен таптаурын идеялардан арылуымыз керек. Қоғамда проблема бар. Өздеріңіз білесіздер, 1917 жылғы революциялық өзгеріс­терге байланыс­ты ғылыми жиындар өтуде. Байқайтыным, конференция екі бағытта, екі арнада өтеді. Бірі – орыс тілінде, енді бірі – қазақ тілінде. Орыс тілінде өткізілген конференцияларға қазақтілді ғалымдар шақырылмайды. Сондықтан, бөлек астар беріліп жатыр. Мәселен, орыстілді ғалымдар «1917 жылы большевиктер билікке келмегенде, қазақтар Ауғанстан деңгейінде болатын еді» дейді. Бұл не деген сөз? Мұны қазақ тарихынан хабары жоқтар айтуы мүмкін. Тарихи базалық білімі бар, бірақ ол білімді орыс тілінде алғандар айтып жүр. Мәселен, соның бірі – Болат Сұлтанов деген тарихшы. Олардың қазақ тарихынан хабары жоқ. 17-ғасыр басындағы қазақ тілді басылымдарды білмейді, деректерді оқымайды. Жалпы, осындай пікірлерге неге жол береміз? Неге басымдық береді? Оның артында кім тұр? Ойлану керек. Өтірік тұжырымға жол бермегеніміз жөн» дей келе, Кеңес өкіметі кезінде Алаш үкіметі ұсынған бағдарлама болғанын айтты. Біз ендігі жерде Алаш арыстарының жерді, елді, дербестікті сақтау үшін жасаған шешімдерін
азаматтық шешім деп қабылдауымыз керек.
Жалпы, ғалымның айтуынша, Алаш тарихының 100 жыл-
­­дығын тойлау мұнымен біт­пейді. Алаш тарихы жалғасады. Жаңа тұжырым, жаңа оқулықтар жасауымыз қажет. Елдің санасын өзгертуіміз керек.
Ғылыми-тәжірибелік конференция соңында Алаш арыстарын ұлықтау, олардың мұраларын зерттеуді жүйелеп, жас ұрпақты патриоттық рухқа тәрбиелеу мақсатын көздейтін арнаулы қарар қабылданды.

Гүлмира Аймағанбет

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button