#Жаңа ҚазақстанБасты ақпарат

Сайлау қалай өтті?

Елордалық сайлаушылар 17 сайлау округіне бөлініп, сол бойынша Парламент Мәжілісі мен қалалық мәслихат депутаттарының сайлауына қатысты. Ал сайлау округтерінің территориялық ауқымы мен халық санына қарай сайлау учаскелері әркелкі болды. Мәселен, №1 сайлау округіне 21 учаске енсе, №2 сайлау округі 19 учаскеден құрылды. Жалпы сайлау күні Астанада 416 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Біз бірқатар учаскеге барып, сайлаудың өту барысын бақыладық.

Елімізде ең бірінші болып Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс берді. Президент сағат жетіден аса елордадағы №59 сайлау учаскесінде – әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында ­азаматтық борышын орындады. Ал Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) кеше Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауының алдын ала нәтижелерін жариялады.

6 366 441 ДАУЫС ЕСЕПТЕЛГЕН
«Кешеден бері 9 брифинг өткізілді, барлық ақпарат мүмкіндігінше шұғыл таратылды. Елде және шет елдердегі 10223 сайлау учаскесінде дауыс беру процесі өтті» деді арнайы брифингте ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров. Оның айтуынша, сайлауда 6366441 дауыс есептелген. Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауының алдын ала нәтижелері мынадай:
«Аманат» партиясы – 3431510 дауыс немесе 53,90%;
«Ауыл» партиясы – 693938 дауыс немесе 10,90%;
«Республика» партиясы – 574154 дауыс немесе 8,59%;
«ҚХП» – 432920 дауыс немесе 6,80%;
«Ақ жол» партиясы – 535139 дауыс немесе 8,41%;
ЖСДП – 331058 дауыс немесе 5,20%;
«Байтақ» жасылдар партиясы – 146431 немесе 2,30%;
Барлығына қарсы – 248291 дауыс немесе 3,90%.
Нұрлан Әбдіров бірмандатты округтер бойынша депутат болғандардың тізімін жариялады. Алдын ала қорытынды бойынша сайлауда халықтың ең көп дауысын жинаған үміткерлер мыналар:
Астана қаласы: Дәулет Тұрлыханов 71698 дауыс; Дәулет Мұқаев 51769 дауыс;
Абай облысы: Нұртай ­Сабильянов, 131872 дауыс;
Ақмола облысы: Айна ­Мысырәлімова, 154587 дауыс;
Ақтөбе облысы: Қазыбек ­Әлішев, 238195 дауыс;
Алматы облысы: Ардақ Назаров, 122242 дауыс; Данияр Қасқарауов, 153225 дауыс;
Атырау облысы: Әділ Жұбанов, 107973 дауыс;
Шымкент қаласы: Данабек Исабеков 21098 дауыс; Болатбек Нәжметдинұлы 19851 дауыс;
Батыс Қазақстан облысы: Абзал Құспан, 126784 дауыс;
Жамбыл облысы: Мұқаш ­Искандиров, 99021 дауыс, Гүлдана Нұрымова, 190078 дауыс;
Жетісу облысы: Руслан ­Қожасбаев, 132678 дауыс;
Қарағанды облысы: Құдайберген Бексұлтанов, 132471 дауыс, Арман Қалықов, 145228 дауыс;
Қостанай облысы: Еркін Әбіл, 192175 дауыс;
Қызылорда облысы: Мархабат Жайымбетов, 148646 дауыс;
Маңғыстау облысы: Еділ ­Жанбыршин, 117880 дауыс;
Павлодар облысы: Жарқынбек Амантай, 168625 дауыс;
Солтүстік Қазақстан облысы: Еркебұлан Мәмбетов, 153736 дауыс;
Түркістан облысы: Қайрат Балабиев, 142595 дауыс, Ұласбек Сәдібеков, 92445 дауыс, Темір Қырықбаев, 117584 дауыс;
Ұлытау облысы: Ерболат ­Сатыбалдин, 44406 дауыс;
Шығыс Қазақстан облысы: Лұқбек Тұмашинов, 165596 дауыс.

80 МЫҢНАН АСТАМ БАҚЫЛАУШЫ БОЛДЫ
ОСК төрағасы 19 наурызда сайлауды 80 мыңнан аса ұлттық байқаушы бақылағанын жеткізді.
«Дауыс беру күні сайлауды 80 мыңнан аса ұлттық байқаушы бақылады. Оның ішінде үміткерлердің саяси партиялардың 38908 сенім білдірген адамдары, саяси партиялардың 19036 байқаушысы, 252 тіркеуден өткен қоғамдық бірлестіктердің 23383 байқаушысы және халықаралық ұйымдардың 793 байқаушысы қатысты» деді Нұрлан Әбдіров.

ЗАҢ БҰЗҒАНДАРҒА АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ
Мәжіліс пен мәслихаттар ­депутаттарын сайлау барысында сайлау заңын бұзған 17 учаскелік комиссия мүшесіне айыппұл ­салынды.
«Өз өкілеттіктеріне сәйкес, сайлау органдары азаматтар мен бірлестіктердің хабарларына жедел ден қойып, тисті шаралар қабылдады. Сайлау заңнамасын бұзғаны үшін учаскелік сайлау комиссияларының шешімдері бойынша олардың 14 мүшесі комиссиялардың жұмысына қатысудан дереу шеттетілді. Осылайша, оларға «Сайлау туралы» Конституциялық заңда көзделген конституциялық құқықтық жауапкершілік шаралары қолданылды» деді Нұрлан Әбдіров брифинг барысында.
Құзырлы ведомство басшысының айтуынша, әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде ықтимал бұзушылықтар туралы ақпарат материалдарының таралуына және сайлау комиссияларына азаматтардан, саяси партиялар байқаушыларынан, кандидаттардан өтініштердің түсуіне байланысты ОСК Бас прокуратураға тексеру және құқықтық бағалау жүргізу туралы сұрау салу жіберген.
«Бас прокуратураның ресми ақпараты бойынша дауыс беру күні 34 адамның тарапынан құқық бұзушылық тіркелген. Олардың ішінде 17 учаскелік комиссия мүшесіне Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 110-бабы бойын­ша айыппұл салынды. Олардың барлығы жауапқа тартылды» деді Н.Әбдіров.

ОТБАСЫЛЫҚ ДАУЫС БЕРУ ДӘСТҮРІ ЖОЙЫЛМАДЫ
Елімізде сайлау барысында отбасылық дауыс беру дәстүрі жойылмай отыр. Мұндай жағдайлардың тіркелгенін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров мәлім етті.
«Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін отбасылық дауыс беру дәстүрі, яғни отбасы мүшелері мен басқа да жақындары үшін дауыс беру дәстүрі әлі де жойылған жоқ. Орталық сайлау комиссиясының аумақтық немесе округтік сайлау комиссияларының атына ресми түрде келіп түскен барлық өтініштер заңда белгіленген тәртіппен қаралатын болады. Және олардағы мәліметтер расталған жағдайда тиісті іс-шаралар қабылданады» деді ол.

БАҚЫЛАУ ЖҰМЫСЫ ӘЛІ ЖАЛҒАСУДА
Сайлау күнінде құқық бұзған тағы 6 адам жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Бас прокуратура өкілі Азамат Сарғазин мәлімдеді.
«Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттығына кезектен тыс сайлау тағайындалған күннен бастап прокуратура органдары науқанның барлық кезеңінде заңдылықтың сақталуын қатаң бақылауды қамтамасыз етті. Сайлау процесі дауыс беру күнін қоса алғанда, жалпы тыныш жағдайда өтті. Азаматтардың құқықтарын бұзатын елеулі заң бұзушылықтарға жол берілген жоқ. Дегенмен қадағалау барысында сайлаудың қорытындыларына айтарлықтай кері әсері тимейтін заң талаптарын бұзудың жекелеген фактілері анықталды» деп түсіндірді ол аталған брифинг барысында.
Азамат Сарғазин дауыс беру күнін қатаң бақылау жұмысы әлі де жалғасып жатқанын айтты. Сондықтан жауапқа тартылғандардың саны сағат сайын өзгеріп отыр.
«Дәл осы сәтте маған түскен соңғы мәліметке сәйкес, тағы 6 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен, дауыс беру күні орын алған әкімшілік құқық бұзушылық саны 40-қа жетті. Оның ішіндегі 11-і бізге келіп түскен өтініштерді қарау нәтижесінде анықталған. Барлығы бойынша кінәлі адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылды» деді Бас прокуратура өкілі.

КОМИССИЯ МҮШЕЛЕРІ ЖАЗАЛАНДЫ
Сайлау комиссияларының 18 мүшесі азаматтарға басқа адам үшін дауыс беруге бюллетень берген. Мұндай ақпаратты да құзырлы орган өкілі жария етті.
«Сайлау құқықтарына қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша өндіріс қозғау құқығы – прокурордың ерекше құзыретінде. Азаматтарға басқа адамдарға дауыс беру мүмкіндігін ұсыну мақсатында бюллетеньдерді беру түріндегі құқық бұзушылықтар үшін учаскелік комиссиялардың 18 мүшесіне Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 110-бабымен айыппұл салынды. Оның ішінде Алматы облысында – 5, Солтүстік Қазақстан облысында – 3, Жамбыл, Жетісу, Түркістан облыстарында – 2-ден, Алматы мен Шымкент қалаларында, Ақтөбе, Павлодар облыстарында біреуден» деді ол брифингте.
Сондай-ақ, тең сайлау құқығы туралы талапты басқа сайлаушының атынан дауыс беру арқылы бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 108-бабымен 17 адам әкімшілік жазаға тартылған. Оның ішінде Шығыс Қазақстан облысында – 4, Алматы облысында – 3, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарында – екеуден, Ақтөбе, Түркістан облыстарында біреуден факті бар.
«Осы 17 құқық бұзушылықтың 4-еуі учаскелік комиссия мүшелері тарапынан орын алған» деді А.Сарғазин.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button