Басты ақпаратЕл тынысы

Қоянның құты мен жұты

Aзуын айға білеген барыс жылын аттандырып, қаудыр құлақ қоян жылын қарсы алғалы тұрмыз. Яғни Шығыс елдерінің ежелгі жыл санау дәстүрі бойынша 12 мүшелдік жыл тізбесінің 4 жылын қарсы алып отырмыз.

Әр жылдың өзіндік сипаты болатыны ­сияқты, қоян жылының да ерекшелігін қазақ есепшілері әр түрлі атайды. Бірі қоян жылы жайлы, жақсы жыл болады десе, кейбір ақсақалдар қоян қиындығы мол, ауыр жыл болады деген болжам айтады. Қоян жылын «ақ қоян, ор қоян, қара қоян, көк қоян, көкше қоян, сары қоян, қызылкөз қоян, қоңыр қоян, сұр қоян, сұрша қоян, бурыл қоян, бөрте қоян» деп немесе «үлкен қоян, тақыр қоян, кіші қоян, жалпақ қоян…» деп 12-ге бөліп, әр қоянға әр түрлі сипаттама беретіндер де бар. Бірақ бір жылды 12 түрге бөлгенді қойып, 12 мүшелдің өзін толық сипаттай алмайтын қазіргі таңда бір жылдың өзін «ақ тышқан жылы, ор қоян жылы» деп дөп басып бөле алатындар қазір жоқтың қасы болғандықтан, біз қоян жылының жалпы ерекшелігі жайлы сөз қозғауға мәжбүрміз.

Қоян қазақтың шаруашылық тарихында жұт, аштық, ауыртпалық, бейнет жылы ретінде бағаланады. Оның себебі де жоқ емес. Тарихшылар әр 36 жыл сайынғы қоян жылы қатты болып, соның кесірінен елді жұт жайлағанын айтады. 1867-1868 жж. «жалпақ қоян» жұты, 1879-1880 жж. «үлкен қоян» («ұлы қоян жұты» деп те аталады) жұты, 1891-1892 жж. «кіші қоян» жұты, 1915-1916 жж. «тақыр қоян» жұты болып, бүкіл қазақ даласында мал қырылып, ел аштыққа, жоқшылыққа ұшырап, халық қатты қиналған екен. Қазақ даласына ғаламат қайғы әкелген «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» да 1723 жылы – қоян жылы болыпты. Қоян жылғы жұт пен апат, аштық қаламгерлер шығармасына да арқау болған. Солардың бірі І.Жансүгіров:

Болмаса түлкі алдырған,

қасқыр атқан,

Бір қазақ таба алмайсың

қысты ұнатқан.

Өтіпті «ақ қояндай»

қырғын қыстар,

Түкірік түспей қатқан,

жұрт жұтатқан, – деп жазса, ақын Арғынбек Апашбайұлы:

Қоянда жылқы

семiз, сиыр арық,

Ешкiнiң одан бетер күйi ғарiп,

Тоқтамай қары қалың

ойпаң жерге,

Кетедi қыр сағалап

киiк ауып, – деп түйiндептi.

Дегенмен «мұсылман баласы үшін қоян – адал ас. Шөппен қоректенеді, еті таза. Қыстың қатты болуының қоянға қатысы жоқ. Табиғаттың құбылысы, тосын жайы айналып келіп отырады. Сондықтан адамдар шаруаны ұйымдастырудағы, қыс мезгіліне дайындықтағы кемшілігін қояннан іздемесін» деп уәж айтатындар да бар. Тіпті қоян жылын жақсы жыл деп те бағалайды. «Қоян жылдың қозысы – сиыр жылдың тұсағы» деген мәтел – соның айғағы.

Қоянның қорқақтығына қарап «Қоян жылы туған бала қорқақ, ат үркек келедi» деп, қоян әлжуаз, қорқақ жануар болғандықтан, бұл жылы туған баладан ел қамын ойлайтын үлкен азамат шыға қоймайды деп санайды. Бірақ қазақтың 3 жүзінің басын қосқан атақты Абылай ханның қоян жылы (1711) туғанын ескерсек, бұл болжамның да түбі шикі екені байқалады. Демек, бұл – «қашқан қоян жатқан қоянды ала кетеді» дегендей, әлдекімнің қоянның бейнесіне қарап айта салған жай сөзі ғана. Яғни бұл қоян жылы туғандардың бәрі қорқақ, барыс жылы туғандардың бәрі батыр болады деген сөз емес. Қоян жылы құтты, ырысты жыл болсын. Ұлыс оң, жақсылық мол болғай!

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button