Басты ақпаратЕлорда тынысы

Астананың айшықты асулары

Өткен жыл елорда үшін жемісті де жеңісті жыл болды. Барыс жылы Астана жылнамасында айтулы оқиғалармен есте қалды. Қазақша жыл есебі бойынша жыл басы саналатын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында өткенге есеп беріп, ел игілігі жолында бас қалада атқарылған шаруаларға тоқталуды жөн көрдік.

Жалпы бас шаһарда оң өзгеріс көп. Астана бүгiнде «ақылды қалаға» айналып келедi. Аты айтып тұрғандай, өмiр сүруге қолайлы, экономикалық, экологиялық жағынан тиiмдi қалалардың қатарына қосылу үшiн елорда «Астана – жайлы қала» жоспары аясында дамуда.

Өткен жылдың бірінші жарты­жылдығында құрылысқа салынған инвестициялар көлемі артып, 237 млрд теңгені құрады. Инвестиция көлемі 2021 жылы 1,2 трлн болса, 2022 жылы 465 млрд-қа жетті. Өңдеу өнеркәсібінде де оң көрсеткіштер тіркелді.

Қазіргі кезде елорда, шын мәнінде, іскерлер орталығына айналды. Мәселен, егер 2019 жылы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 170 мыңға жуық болса, 2022 жылдың соңына таман олардың қатары 230-дан асты.

Экономикалық белсенді халықтың үлесі өсіп келеді. Жалпы өңірлік өнім құрылымында шағын және орта бизнестің үлесі 60 пайызды құрайды.

2001 жылы елорданың бас жоспарын бекіткен кезде, 2030 жылға қарай Астанада 850 мың адам тұрады деген болжам жасалса, 2010 жылғы бас жоспар түзетіліп, 2030 жылы 1,2 миллион адам болады деп болжанды. Кейінгі деректер астаналықтар саны 2035 жылға қарай 2,3 миллионға жететінін көрсетті. 2022 жылдың соңына қарай елорда халқы шамамен 1 млн 330 мың адамды құрады. Бұл ретте осында уақытша жұмыс істейтіндер, оқитындар, бірақ ресми түрде тіркелмегендер және т. б. есепке алынған жоқ.

Халық санының өсуімен бірге инженерлік инфрақұрылымға жүктеме де көбейіп келеді. Қаланың қарқынды даму үстіндегі көші-қон үдерісіне ілесе алуы – өзекті мәселе. Елордамыз урбанизацияның жаһандық трендін ұстануда. Соның нәтижесінде уақыт өткен сайын елордамыздың ажарланып, баршаға тартымды бола түскені белгілі.

Осыдан екі жыл бұрын елорданы газдандыру жұмысы қолға алына бастаған кезде, әрине, біз 3-ЖЭО-ның бастапқы жобасы газға бейімделді. Енді қазандықтар табиғи газбен жылытылады. Бұған қосымша 29 млрд теңге бөлінді.

Елордада жыл сайын қаншама тұрғын үй салынып, пайдалануға берілуде. Әлеуметтік, коммерциялық, индустриялық немесе өнеркәсіптік нысандарды есептемегенде, соңғы үш жылда бас қалада 8,5 млн шаршы метр тұрғын үй салынды.

Астана тұрғындары тәулігіне 300 мың текше метрден астам су тұтынады, бұл әсіресе жаз мезгілінде қала үшін тым жеткіліксіз. Осыған байланысты 2021 жылы су қоймасынан суды тазартатын сорғы-сүзгі стансасының құрылысы басталған болатын, сол арқылы қала тұрғындарына ауыз су беріледі. Құрылыстың бірінші кезеңі 2022 жылдың соңына қарай аяқталды, ал 2023 жылы нысан толығымен пайдалануға беріледі. Станса қосымша 105 мың текше метр суды қамтамасыз етеді.

Құрылысы ұзаққа созылған нысандар мәселесі – Астананың басты проблемасының бірі. Бұл мәселе Мемлекет басшысының бақылауында.

Соңғы кездері үлескерлер ­проблемасы біртіндеп шешіле бастады. 2019 жылдың басында проблемалық 150 көппәтерлі тұрғын үй кешені, 16 мыңнан астам отбасы болды. Өткен жылы 30 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің, яғни 13 мың тұрғынның мәселесі шешіліп, 90 проблемалық көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталды.

Осыдан 10 жыл бұрын елордада мектеп жасындағы балалардың саны 70 мыңнан астам болса, былтыр олардың қатары 230 мыңның үстінде болды. 2022 жылдың мамыр айында 8 мың түлек мектеп бітірсе, қыркүйекте 25 мың бала бірінші сыныпқа барды. Оларды орынмен қамтамасыз ету үшін қалада өткен жылы 15 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланды.

2019 жылы елордада – 6 мектеп, 2020 жылы – 11 және 2021 жылы 15 мектеп салынып, бұл 74 мың оқушыны орынмен қамтамасыз етсе, былтыр бас қалада 6 ірі мектеп салынып, 24 мың оқушы орынмен қамтамасыз етілді.

Мемлекет басшысының ыңғайлы мектептер құру туралы тапсырмасы аясында 20 ірі мектеп жұмыс істейтін болады. Бас жоспарда мектеп салу үшін 72 жер телімі бөлінген. Жалпы қаланың қажеттілігін қанағаттандыру үшін 162 мектеп қажет. Балабақшалар, емханалар құрылысы бюджет есебінен де, инвесторлар есебінен де жүргізілетін болады.

Елордада апатты, тозығы жеткен тұрғын үйлер де бар. Жыл өткен са­йын олардың қатары азаюда. Мұндай үйлерді жаңғырту мәселесі «Елорда даму» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама алғаш жүзеге асырылған жылдан бастап Астанада 4200-ден астам отбасы жаңа үйлерге көшірілсе, өткен жылы осындай апатты жағдайдағы үйлерде тұрып жатқан 233 отбасы қоныс тойын тойлады.

Қала шетінде 16 тұрғын алап орналасқан, былтыр осы елді мекендерде жолдар жөнделуде, қоғамдық кеңістіктер, саябақтар, әлеуметтік нысандар абаттандырылған. Қаланың екі ауданында газдандыру бойынша магистралдық желілер салынып, тұрғын үйлерді газға қосу жұмысы жүргізіліп жатыр.

Бас қалада қоғамдық кеңістіктер ашу және аулаларды түбегейлі өзгерту бойынша да ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылуда. Өткен жылы «Астана – жайлы қала» мастер-жоспары аясында Бейбітшілік және келісім сарайы аумағында амфитеатр, қаланың оң жағалауындағы тағы бір жаяу жүргіншілер жолы, 200-ден астам аула мен қоғамдық кеңістік салынды. Олардың барлығы қала тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды орындарға айналды. Құтқарушылар, мұғалімдер, медицина қызметкерлерінің құрметіне саябақтар абаттандырылып, Көктал елді мекенінде саябақ ашылды.

Қысқасы, барыс жылын табысты аяқтап, қоян жылын жақсы үмітпен қарсы алғалы отырмыз. Халқымыз­дың өткенге өкпе артпай, жаңа күннен тек жақсылық күтетін ежелгі әдеті бойынша биыл да ерінбей еңбек етіп, барлық саладағы табысты еселер болсақ, қоян жылы да қала тұрғындары үшін құтты жыл болады деген үміттеміз.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button