Басты ақпаратҚоғам

Сапалы бағдарламалардың сапалы көрермені болады

– Жалған оқиға құрас­тырып, жалған кейіп­кер шығарып, ерсі қылықтар мен жөнсіз жа­ғ­дайлар қойылымын жасап, көрермен талқысына салып жатқан ток-шоулар көбейіп кетті. Мұндайға заңмен шек қоюға, тыйым салуға бола ма, қалай ойлайсыз?


– Қандай да хабар ашыл­ғанда белгілі бір мақ­саты болады. Про­дю­серден бастап жүргізу­шіге дейін сол мүддеге қызмет қылады. Мен қа­зіргі ток-шоулардың кө­бін көрмеген екенмін. Біріншіден – уақыт, екіншіден құлқым жоқ. Яғни «Айтуға оңай», «Қарекет» бағдарламаларының про­дюсері ретінде де, жай ғана адам ретінде де алатын ештеңе болмаған соң, отандық көптеген жобаларды айналып өтемін.
Ал тікелей сұраққа оралсам, өтірік кейіпкер дегенді өз басым түсінбейді екем. Кез келген шынайылық жоқ жерде пайдакүнемдік, ақша, атаққұмарлық секілді нәрселер тұрады. Ол тү­сінікті. Ал егер теле­бағ­дар­ламалардың, ток-шоу­лардың өтірік кейіпкер шығарғанынан қоғамға нұқсан келетін болса, меніңше, оған заңмен шек қоюға болады. Өйткені, ол, бірінші­ден, көрер­менді алдап отыр. Көрерменнің эмоциясымен ойнап отыр. Екіншіден, қалай да ол мемлекеттен бөлінген ақшаға жұмыс істеп отыр ғой. Халықтың несібесін адал қайтару керек. Өз басым төрт жылдан бері ток-шоуда жұмыс істеп келе жатырмын. Бірақ осы төрт жылда бір де бір рет жалған кейіпкерге сүйенген емеспіз. Продюсер ретінде мен, жүргізуші ретінде Бейсен Құранбек ондайға қарсы болар еді деп ойлаймын.
– Жалған кейіпкерге, өтірік оқиғаға сүйенген бағдарламалар тележурналистиканың қадірін кетірмей ме? Шына­йы­лылық болмаған жерде көрермен сенімін жоғалтып алмай ма?
– Жоғарыда айтқаным­дай, жоба тек ақша табуды, қалай да жасағанын көрерменге өткізуді көз­десе, онда ол жерден тәрбие, рухани құндылық іздеп әуре болмау керек. Олар бәрібір рейтинг қуып, өз дегендерін жасайды. Өйткені о бастағы тапсырма солай болған. Сол жолда олар ар-ұят, ұрпақ тәрбиесі, ұлттық сана дегеннің бәрін ұмытып, тек «қайтсек елдің таңдайын қақтырамыз? Кімді әкеліп «фишка» жасаймыз?» деген сұраққа жауап іздеп кетеді. Сонан келеді де, жасанды кейіпкер, бетпақ кейіпкер, рөл ойнайтын кейіпкерлерді шығаруға мәжбүр болады. Арды ойлау, ұрпақ санасын улау, өзге де құндылықтар сыртта қалады. Ол үшін шығармашылық топ қынжыла қоймайды, өйткені кейіпкер өз еркі­мен келісіп тұр. Жобасы жүріп жатыр.
Ал сұрағыңызға келсем, кез келген өтірік фак­тіге сүйенген бағдарлама тележурналистің де,
телебағдарламаның да қадірін кетіреді. Елдің сенімін жоғалтады. Мысалға айталық, бағдарла­маға өтірік кейіпкер болып барған адам оның қалай түсірілгенін жоқ дегенде бес адамға ай­тады ғой. Болмаса оның жақын-жуықтары, ­ту­ған-­­туыстары бар емес пе, олар да «ел алдына неге шықтың абыройыңды түсіріп» деп ұрсуы мүмкін. Сол кезде өзін ақтау үшін бәрібір «маған ақша берді, сосын өтірік кейіпкер болдым» деп жауап береді. Міне, осылай келе, бүркеу­лі шындық қалай да елге таралады. Оның бәрі түптеп келгенде тележурналистерге деген сенімді жоғалтып, телеарналардың қадірін түсіреді.
Бір шындықты айтайын, маған да кейде ха­бар­ласып «Әлия, ана кейіпкердің оқиғасы рас па, әлде ойдан құрас­тыр­дыңдар ма?» деп сұрайды. «Жоқ, бізде бәрі шын кейіпкерлер, біз өтірікке бармаймыз» деп ақталуыма тура келеді. Бірақ, көрерменнің осылай сенімі жоғалып бара жатқаны жанымды ауыртады.
– Жалпы телеарналар бұқаралық мәдениетке икемделуі керек пе, әлде көрермен мәдениетін өсіруге қызмет еткені дұрыс па?
– Телеарна – тәрбие құ­ралы. Ал тележурна­листика қоғамға ой са­лушы ұстаз сияқты. Өкі­нішке қарай, дәл қазір осы екі сала да ақсап тұр. Және бұл осылай жал­ғаса береді де… Тағы да айтамын, бір ғана үміт – көрерменнің сұрыптауы ғана. Кез келген өзін-өзі ақтамаған (қаржылық жағынан) телеөнімнің ғұмыры ұзаққа бармайды.
– Ал рейтинг деген нәрсе мен халық, ұлт мүддесін тоғыстыру мүмкін бе?
– Үйлестіру мүмкін. Рейтинг деген көрермен­нің көп көруі ғой. Ал жү­ректен шыққан нәрсе жүрекке жетпей қоймайды. Шынайылықпен-ақ көрермен жинайтын бағдарлама жасау үшін оның айналасында сұң­ғыла мамандар жүруі керек. Қалай дегенмен де, сапалы хабарлардың сапалы көрермені болады.


– Жаңа «бір ғана үміт – көрерменнің талғамы өсуі» дедіңіз. Оны қалай өсіруге болады?
– Көрермен мәдениетін қалыптастыру да телеарналарға аманат. Мысалы, «ел тек шоу ғана көреді, қалған тұрмыстық, әлеуметтік хабарлар рейтинг бермейді» деген жаңсақ пікір бар. Ол қате. Егер олай болса, «Айтуға оңай» мен «Қарекет» алты жыл қатарынан эфирде тұрмас еді. Біз әр хабар сайын кейіпкерімізге көмек беру, жол көрсетумен қатар көріп отырған көрерменге ой салуды көздейміз. Ол – жүргізушінің талабы. Хабардың салмақты болуы тізгіншіге тікелей қатысты! Жүргізушінің өресі қандай болса, хабар да солай шығады.
Қазір, байқасаңыз, көп жастардың арасында «қайтсем танымал боламын?» деген ұран пайда болды. Олар танымал болған сайын ақшам көп болады, жағдайым жақсарады деп ойлады, танымал болуды абырой санайды. Мұндай ойға берілген адам терең ойланып жатпайды. Мейлі қалай танылса да, атын шығаруды ғана көксейді. Біздің телеарналарымыз­дағы бағдарламалардың сапасын төмендетуге сондай жұлдыз болу­ға ұмтылған жастардың да ықпалы аз емес.

Әңгімелескен
Нәзира БАЙЫРБЕК

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button