Басты ақпаратЖаңалықтар

«ШАБЫТТЫҢ» ШЫҢЫ

Астана аспанында ән болып қалықтап, Есілдің жағасында би болып бұралып, елорда төрінде күй күмбірлеткен «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалі бұрнағы күні мәресіне жетті. Он бесінші мәрте ұйымдастырылған биылғы байрақты бәсекеде ең басты жүлде – Қазақстан Президентінің кубогын цирк өнерінің шебері Мұхтар Өселбаев қанжығалады. Оған Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің ықылас гүлі салтанатты жағдайда тапсырылды.

«Шабытқа» он бір елден қа­тыс­қан 500-ге тарта үміткер «Клас­си­калық музыка», «Жур­на­листика», «Бейнелеу өнері», «Халық музыкасы», «Цирк өнері», «Балеттің жас әртіс­тері байқауы» және «Үз­дік әдеби шығарма» аталымдары бойын­ша бақтарын сынады. Қаты­­су­­шы­лар­дың қарымын он мем­ле­кет­­тен шақырылған өнер майтал­ман­дары сарапқа салуға ат­са­­лысты. Өнер өрендерінің кеу­де­­сіне үміт отын тұтандырып, шығар­­ма­­шы­­лы­­ғына серпіліс берген халықаралық дода осыған дейін­гі тарихында 14 мыңға тарта шығар­ма­шыл жастың жіге­рін жанып, жарқын таланттарын танытуларына мүмкіндік берген екен. Бас шаһарда мәдениет пен өнер зия­лыла­ры­ның шоғырын қалып­тастырды.
Фестивальдің соңғы күнінде «Шабыттың» шыңын бағындыр­ған жеңімпаздар марапатталды. Қыл­қалам иелерінің арасында Тоғ­жан Табыс­бек топ жарды. Тоғ­жан­­ның қиялынан туған «Көш­пен­­ділер» топтамасы көрермен тара­пынан да зор қошеметке ие болды. Ал цирк өнерінің жас майталманы Мұхтар Өселбаев байқаудың бас жүлдесімен қатар, Президенттік кубоктың иегері атанды. Әйгерім Бекетаеваның есімі шоқтығы биік жас балет әртісі ретінде марапат­талса, Дарья Киселева фортепиано жанры бойынша гран-приге ие болды. Вокалдан Азат Мәлік бас жүлдені алды, скрип­ка аталымының биігі Ахан Мейір­­бе­ков­ке бұйырды. Александра Рама­за­нова клас­сика­лық музыка жанры бойынша үздік деп танылды. Әдебиет аталымында Балтабек Нұрғалиевтің бағы жанды. Ал әріптестеріміздің арасынан Рахат Жақсыбайдың шығармасы озық шықты.
Салтанатты басқосуда көрермен жүлдегерлердің өнерін тамашалады.

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button