Рухани жаңғыруРуханият

Шортанбай жыраудың шапағаты

Сейсенбі күні Қарағанды қаласында зар заман поэзиясының көрнекті өкілі, көзі тірісінде жұртты имандылыққа ұйытып, қазақтың ұлттық болмысын сақтау үшін күрескен жырау Шортанбай Қанайұлының 200 жылдық мерейтойына арналған «Жырау тұлғасы: дәуір шындығы және ұлттық дүниетаным» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Жиын шымылдығын Қара­ғанды облысы әкімінің орынбасары Жандос Әбішев ашып, айтулы шараның маңызы жайында қысқаша сөз сөйледі. Одан кейін кезек ғалымдарға тиді. Конференция үш секциядан тұрды: оның біріншісі «Алаш идеясы және зар заман ағымы» болса, екіншісі – «Шортанбай жырау шығармаларындағы заман келбеті», үшіншісі «Рухани жаңғыру және тіл білімі мәселелері» деп аталды.
Мәні бар шараға жан-жақ­тан зар заман ағымын жіті зерт­теген ғалымдар жиналып, ерен тұлғаның өмірі мен шығармалары жайында өрелі ой өрбітті. Бас қаладан әдейі келген ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Омарұлы баяндамасында жыраудың көркем дүниелерін зар заман поэзиясынан бөліп қарау мүмкін еместігін айтты. «Өз дәуірінің жырын жырлап, жоғын жоқтаған Шортанбай мұрасы ғасырдан-ғасырға жалғасатын қастерлі құндылық ретінде әлі күнге дейін сан ұр­пақтың кәдесіне жарап келеді» деп сөзін түйіндесе, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетінің профессоры Амантай Шәріп: «Эсхатологиялық (ақырзамандық) әдебиетті діни дүниетанымсыз елестете алмайсыз. Осы тұрғыдан ойлағанда, зар заман ақындарының ішінде орны оқшау көрінетіні – Шортанбай Қанайұлы» деп ойын тарқатты. Жырау өмірін бүге-шігесіне дейін зерделеп жүрген жазушы Кәмел Жүністегі: «Шортекеңнің қай өлеңін алып қарасаң да, қозғайтын мәселесі елдің жайы, езгіге ұшыраған ұлтының көкейкесті арманын көресің. Жүздеген жылдар бойы халқымыздың рухани қазынасының аяқасты болғанына ашынып, сол қазынадан шет­тетілген қазақтың бейшара күйге енгендігін» тереңнен толғады. Қысқасы, жиында ғалымдар ақын шығармашылығының әрқилы қырын ашты. Сондай-ақ, шара барысында облыс әкімдігінің қолдауымен жарық көрген конференция материалдары түзілген ғылыми жинақтың таныстырылымы болды.
Енді бір маңызды мәселеге оралайық. Өткен наурыз айында сенатор Сәрсенбай Еңсегенов Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдады. Бұл жай сауал емес еді. Онда өзекті ой қоз­ғалған. Биыл күй атасы Құрманғазы бабамыздың 200 жылдығы атап өтілмек. Соған орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тағылымды шараны тек Ақтөбе, Қызылорда, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне тап­сырған. Соған күйінген сенатор: «Ұлттық мұрамызды әлем­ге таныстырған ұлы күйші, ком­позиторға арналған іс-шараның ұлан-байтақ еліміздің бір ғана аймағы – батыс өңірімен шектелуі еш қисынға келмейді» деп айтқан болатын.
Кейінгі кезде осы үрдіс әдетке айналып барады. Әр өңір өзінен шыққан тұлғаны дәріптеп, басқа аймақта туған азаматтың мерейтойын елеусіз қалдырады. Шортанбай жыраудың қос ғасырлық тойына арналған жиын елорда төрінде дүбірлеп өтсе, жалпақ ел естуші еді. Алып ақынды қадір тұту ол мәңгі тыныстап жатқан Қарағандыға ғана тиесілі емес қой. Жалпақ қазаққа ортақ міндет. Таяуда «Зар заман» ағымының тағы бір көрнекті өкілі Мұрат Мөңкеұлының да мерейтойы. Ол да ескерусіз қала ма? Биыл тағы да сол кенді өлкеде қазақтың ұлы жырауы Бұқар бабамыздың 350 жылдығы атап өтілмек. Заманында жұртшылық оны «көмекей әулие» атап, Абылай ханның ақылшысы атанған абыздың тарихымыздағы алар орны ерекше. Бұл той тағы да бір аймақтың шеңберінде қалмақ. Кеше сол Қарағанды қаласында бабамыздың мерейтойына арналған I халықаралық жыршы, жыраулар фестивалі өтті. Оған еліміз ғана емес, Түркия, Ресей, Моңғолия, Қырғызстан мемлекеттерінен қатысушылар келді. Ал осы шара Астанадан бастау алса артық па? Бас шаһардан үлгі алған аймақтар оны іліп әкетер еді. Осыны мәдениет саласында жүрген азаматтар қалай ескермейді? Ұлттың тұтастығы туралы көп айтамыз. Ал тұтастық осындай дүниеден басталады…

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button